Қазақ жеті санын тектен тек киелі тұтпаса керек. ХVІІІ жазғы Азия ойындарының жетінші күні қазақтың қайсар жігіті де алтынмен апталды. Джиу-джитсуден 62 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Дархан Нартаев құрлықта қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.
Дархан әуелі Бахрейн, одан соң Филиппин, ширек финалда Қырғызстан, содан кейін БАӘ жігіттерінен басым түсті. Финалда тағы да Араб Әмірлігінен келген спортшымен кездесіп, шиеленісті жекпе-жекті Омар Әл-Фадлиді де жеңді. Сөйтіп, ел қоржынына төртінші алтынды салды.
Жалпы, шығыс жекпе-жектерінің осы түріндегі жігіттеріміз жарап тұр. Кешк екі қола медал алғанбыз. Бүгін 94 келі салмақта бақ сынаған Ризат Мақашев те үшінші орынға ие болды. Ол қола жүлде үшін өткен кездесуде өзбек Ильхом Джураевтан басым түсті. Өкінішке қарай, дәл осы 94 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге таласқан Рамазан Құсайынов Оңтүстік Корея спортшысынан ұтылып, 5-орынмен шектелді.
Маруан Түсіп