Қуандық Бишімбаев қамауға алынды

9193

Бұрынғы ұлттық экономика министріне бірнеше рет ірі көлемде пара алды деген айып тағылып отыр.

Қуандық Бишімбаев қамауға алынды

Қуандық Бишімбаев бірнеше рет ірі көлемде пара алған деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы abctv.kz-ке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлады.

"Қуандық Бишімбаев аса ірі көлемде бірнеше рет топ болып, алдын ала келісім бойынша пара алғаны үшін қамауға алынды. Заңсыз алынған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жұмсап отырған", – деп жазылған мекеменің хабарламасында.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қуандық Бишімбаев қылмыстық-процессуалды кодекстің 128-бабына сәйкес Астана қаласының ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске сала кетсек, 30 желтоқсан күні Қуандық Бишімбаев ұлттық экономика министрі лауазымынан босатылған болатын. Бірнеше күн өткеннен кейін президент Нұрсұлтан Назарбаев экс-министрге қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.

Жоғары лауазымды шенеуніктің жұмыстан кетуінің себебі ұлттық компанияның еншілесі "Бәйтерек Development" ЖШС жанжалына қатысты болуы мүмкін. Бұдан бұрын қараша айында компания басқармасының төрағасы Аслан Жақыпов және МЖӘ дирекциясы департаментінің басшысы Бауыржан Әйтімбетов, сондай-ақ бұрынғы және қазіргі басқарушы директорлар Дильруха Анарбай мен Ғазиза Сәриев қамауға алынған еді.

"Бәйтерек Development" ЖШС жаңа басшысы Мұрат Құдайбергенов қамауға алынбады. Алайда тергеу барысында ҰЭМ "Қазақстандық ТКШ модернизациялау және дамыту орталығы" АҚ-та лауазымды қызмет атқарған Бақыт Жақсыбаев ұсталды.

"Ол қылмыстық іске қатысушылардың жұмысын басқарып отырған, олардың атқаратын жұмысы мен алатын парасын белгілеген", – деген болатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі.

Тергеу кезінде белгілі болғандай, күдіктілер "Нұрлы Жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлерде арендалық тұрғын үйлерді салу бойынша сатып алу барысында олардың мүддесін қолдау үшін құрылыс компанияларынан жүйелі түрде пара алып отырған. Сыбайлас жемқорлық қызметінің мәліметі бойынша, ұлттық компания қызметкерлері 288 млн теңге пара алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу