Қуандық Бишімбаев неге мерзімінен бұрын босатылды?

2202

Бұл сұраққа ішкі істер министрінің орынбасары жауап берді. 

Қуандық Бишімбаев неге мерзімінен бұрын босатылды?

"Сот жаза мерзімін 4,8 жылға қысқартты. Ол бұл мерзімнің едәуір бөлігін өткерді. Бір жылдан сәл асатын уақыт қалды. Менімше, бір жыл, үш ай. Бұл мерзім жаза өтеудің жеңіл түріне – айыппұлға ауыстырылды", – деді ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.

Оның сөзінше, экс-министр жазасын жеңілдету туралы хат жазған. 

"Сот шешімі шықты. Жоғарғы сот бұл іске қатысты мән-жайды түсіндірген болатын. Жоғарғы соттың шешіміне қатысты пікір білдіруге құқым да, құзыретім де жоқ. Бәрі заң шеңберінде болды. Қандай нормативті құжаттардың қабылданғаны туралы мән-жайдың бәрі түсіндірілген", – деді вице-министр.

Марат Қожаевтың мәлімдеуінше, Қуандық Бишімбаев кінәсін мойындаған. 

"Бұрынғы министр пробациялық бақылауда болады", – деді вице-министр.

Естеріңізге салайық, 2018 жылдың наурызында Қуандық Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның мүлкі тәркіленіп, оған бұдан былай мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Ол 2017 жылы 13 қаңтарда тұтқындалды. Оған Қызылордадағы әйнек зауытының құрылысына бөлінген 1 млрд теңгені қылмыстық жолмен жымқырды деген айып тағылды. 

2017 жылы экс-министрдің мемлекетке 1,2 млрд теңге қайтарғаны мәлімделді. Сол кезде Қуандық Бишімбаев өзінің нақақтан күйіп бара жатқанын, кінәсіз екенін айтты. 

Биыл 11 қазанда Шымкент қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу