Қуаңшылық: Жем-шөптің бағасы шарықтап, оңтүстік пен батыстағы шаруалардың ісі шатқаяқтап қалды

2291

"ADAL" саяси партиясы мен Қазақстан фермерлері қауымдастығы елдегі қуаңшылыққа байланысты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге өтініш жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Қуаңшылық: Жем-шөптің бағасы шарықтап, оңтүстік пен батыстағы шаруалардың ісі шатқаяқтап қалды

Бірлесе жазылған өтініште елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылда жұмыспен қамтуды сақтау, сондай-ақ шағын және орта фермерлердің шаруашылығын одан әрі дамыту мәселелері қаузалған. Бүгін де бұл қиындықтар өзекті проблемаға айналған. "ADAL" саяси партиясы мен "Қазақстан фермерлер қауымдастығы" Үкімет басшысынан қуаңшылық және мал азығының жетіспеушілігі салдарын шешуге бағытталған мынадай шараларды шұғыл қабылдауды сұрайды: 

1.  Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерде мал және құс шаруашылығы саласындағы шаруашылықтарға екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер тарапынан берілген қолданыстағы несиелердің төлемдерін екі жылға дейінгі мерзімге кейін шегеру. Бұл фермерлердің қолындағы қаражатқа  жем-шөп сатып алуға және малдың аналық басын сақтауға мүмкіндік береді.

2. Жем-шөп құнын арзандату мақсатында Мал шаруашылығын субсидиялау ережесі аясында қымбаттаған жем-шөпті сатып алу үшін жергілікті бюджеттен субсидия бөлуді қамтамасыз ету.

3.  Зардап шеккен өңірлерді қыстық кезеңге жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында жем-шөпті сатып алу үшін "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ-на қосымша қаражат бөлу

4. 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін  жем-шөпті (шөп, сабан, мал жемі және басқа) экспорттауға уақытша тыйым салу (немесе квота енгізу). Бұл шара ішкі нарықты қажетті жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жем-шөптің негізгі түрлерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ішкі нарықты қорғау жөніндегі шара өте орынды, өйткені шекаралас мемлекеттерде де қуаңшылық салдары байқалуда.   

5. Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерде құдық пен ұңғымаларды қазуға кеткен шығынды өтеу бойынша субсидия нормативтерін 50%-дан 80%-ға дейін арттыру.  

6. Жем-шөп өндірісімен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көпжылдық шөптердің тұқымдарын сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша субсидиялар нормативін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту.

7. Зардап шеккен өңірлерден малды басқа аймақтарға тасымалдау бойынша шара қабылдау, қажет болса еліміздің қарулы күштерінің мүмкіндіктерін пайдалану. 

8. ҚТЖ, ИИДМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да мүдделі органдардың қатысуымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан малды солтүстік өңірлерге, жем-шөпті оңтүстік және батыс өңірлерге тасымалдау мәселелері жөніндегі ШТАБ құру.

9. Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруашылықтарға мал мен жем-шөпті теміржол және автокөлікпен тасымалдауға 50%-ға дейін уақытша субсидия беру

10. Қырылған малға ревизия жүргізіп (әр басын есепке алу), тиісті деректер базасына мәліметтерді енгізе отырып, құс тұмауына тап болған құс фабрикалары секілді, кейіннен өтемақы төлеуді қарастыру. 

Жоғарыда аталған шараларды шұғыл қабылдау, сондай-ақ қаржылай қаражаттың бөлінуін жедел қарау үшін,  қуаңшылықтан зардап шегіп жатқан аумақтарда төтенше жағдай режимін енгізу ұсынылады. 

Сонымен қатар, алдағы жылдары құрғақшылық пен жем-шөптің тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешу үшін АӨК дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға жемшөп өндіру, дайындау, сақтау және тасымалдау жөніндегі нақты индикаторлары бар арнайы бағыт енгізу ұсынылады

Бұл бағыт өңірлердің (аудан деңгейіне дейін) табиғи-климаттық ерекшелігін, мал басының санын, әрбір өңірдің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін азықтың нақты көлемін, сондай-ақ жем-шөпке тапшылығы бар өңірлердің қажеттілігін ескеруі тиіс.

Әр өңір үшін қосымша келесідей индикатор болуы тиіс: көпжылдық шөптердің тұқымдық қорын дамыту, жемшөптік дақылдардың егіс алқаптарын кеңейту (соның ішінде баланстағы жерлерді жырту), жемшөп дақылдарын егу және жинау үшін қосалқы техникамен қамтамасыз ету, өңіраралық жем-шөп теңгерімін сақтау үшін жем-шөп сақтау және оны тасымалдау инфрақұрылымын жолға қою.

Өтінішке "ADAL" Саяси партиясының төрағасы С. Сұлтанғали мен "Қазақстан фермерлері қауымдастығы" Басқарма төрағасы  Ж. Дайрабаев қол қойған.


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу