Қуатты армия ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі – Н.Назарбаев

1011

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. 

Қуатты армия ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі – Н.Назарбаев

Отырыста 2030 жылға дейінгі Қарулы Күштерді, басқа да әскер мен күштік құрылымдарды құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды, cондай-ақ шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Жиынды ашқан Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы жаһандық коронавирус пандемиясы мен оның әлеуметтік-экономикалық салдарынан туындаған күрделі сыртқы ахуалға тоқталды. Осыған орай Елбасы вакцинация жұмысының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Үкімет халықтың әлеуметтік мәселелерін шешіп, экономикалық өсім қарқынын сақтауы қажет екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманға сай әскер құруда және Қарулы Күштердің құрылымын жетілдіруде жаңа тәсілдер әзірлеу қажеттігіне тоқталды.

– Біз барлық көршілерімізбен берік достық байланыс, жетекші державалармен сенімді серіктестік орнаттық. Сонымен бірге қуатты армия ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі болып саналады, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.

Елбасы бүгінде асимметриялық және гибридті қатерлерге тойтарыс беруге дайындықтың, жаңа технологияларды енгізудің және әскери процестерді басқаруды автоматтандырудың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің Қарулы Күштер егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды, ұлттық мүдделерімізді қорғауға қабілетті болуға тиіс. Мұның бәрі армияның таяу онжылдықта дамуын жоспарлау кезінде ескерілуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешу Шекара қызметінің жұмысын және шекараны қорғау әдістерін жетілдірумен қатар, экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздік бағыттарына байланысты жүйелі шараларды қажет ететінін айтты.

– Шекараны барлық қауіп-қатерден қорғауды қамтамасыз ету керек. Шекара қызметі мен Қарулы Күштерді құру өзара үйлесімді әрі бірыңғай стандарт бойынша жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге шекаралық қауіпсіздік мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарастырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар елді аумақтық-кеңістікте дамыту басымдықтары шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерімен сәйкес келуі керектігі айтылды.

Отырыс барысында Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры Д.Ділмановтың баяндамалары тыңдалды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу