"Құдай Венесуэланы жалғыз қалдырмайды": БҰҰ әлем елдерін жаппай көмектесуге шақырып отыр

Табиғи апат елдегі гуманитарлық дағдарысты одан әрі ушықтыра түсті. 

"Құдай Венесуэланы жалғыз қалдырмайды": БҰҰ әлем елдерін жаппай көмектесуге шақырып отыр Фото: РИА Новости

Сол себепті, Біріккен ұлттар ұйымы Венесуэлаға көмек көрсету үшін халықаралық қауымдастықты бес саусақтай жұмылуға үндеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінен 200-ге жуық адам қайтыс болып, 1 500-ден астамы жарақат алған еді. Әзірге мыңдаған адам із-түзсіз жоғалып кеткен. 

– Елге ауыр зардап әкелген жойқын жер сілкіністерінен кейін Венесуэла халқына қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндігімізді жұмылдырып отырмыз, – деді БҰҰ-ның гуманитарлық операциялар жөніндегі басшысы Том Флетчер.

БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы халықаралық қалалық іздестіру-құтқару жасақтарының жұмысын ретке келтіріп жатыр.

Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригестің телеүндеуінде БҰҰ сертификаттаған құтқару жасақтары тірі қалғандарды іздеуге көмектесуге кірісетінін хабарлады. 

Испания мен Франция бірнеше мықты маманын жіберсе, Германия 6 әскери-көлік ұшағын бөліп отыр. Сол секілді, Швейцария 80 маманды, 8 іздестіру-құтқару итін және 18 тонна арнайы техниканы мүмкіндігінше тезірек Венесуэлаға жөнелту үшін жұмылдырды.

Нидерландтың Сыртқы сауда министрі Сьоррд Сьордсма іздестіру-құтқару жасағын жіберуге арналған 2 миллион еуро көлеміндегі көмек пакетін жариялады. Чехия да өз құтқарушылар тобының Венесуэлаға аттануға дайындалып жатқанын мәлімдеді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио X әлеуметтік желісіндегі парақшасында өз елінің атынан Венесуэла халқына қайғырып көңіл айтты. 

– Президент Дональд Трамптың тапсырмасы бойынша АҚШ Мемлекеттік департаменті Венесуэлаға жедел түрде іздестіру-құтқару топтарын, медициналық ресурстар мен гуманитарлық көмекті жіберіп жатыр, – деп жазды Марко Рубио.

Рим Папасы Лев XIV Венесуэлаға 100 мың еуро көлемінде қаржылай көмек бөлген. 

Көршілес Колумбияның сайланған президенті Абелардо де ла Эсприэлья да X желісінде Венесуэла халқымен бірге екенін айтты. 

– Колумбия осы қиын сәтте сіздермен бірге. Біз сіздерді жылылықпен, құрметпен және үмітпен қолдаймыз. Қаза тапқандар мен олардың отбасылары үшін дұға етемін. Құдай сіздерді жалғыз қалдырмайды, – деді ол.

Ал Франция президенті Эммануэль Макрон әлеуметтік желі арқылы Венесуэла президенті Делси Родригеспен сөйлескенін жеткізді. Оның сөзінше, Франциядан 85 іздестіру-құтқару маманынан құралған топ Оңтүстік Америка еліне шұғыл аттандырылып жатыр. 

Тіпті, АҚШ пен Израильмен әскери қақтығыс жағдайындағы Иран да Венесуэлаға көмек көрсетуге дайын екенін мәлім етті. Елдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бакаи арнайы мәлімдемесінде іздестіру-құтқару және гуманитарлық операцияларға қажетті барлық көмекті ұсынатынын айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу