Құйма құюға құрыш қолдар жетіспейді

4546

"Павлодар" арнайы экономикалық аймақта қоспалы алюминийдің алғашқы партиясы шілде айының басында дайын болады деп жоспарланып отыр.

Құйма құюға құрыш қолдар жетіспейді

"Бұл еуропалық стандарттағы құйма болады. Бірақ еуропалықтар өнімнің сапасы тұрақты және өзгеріссіз болатынына көзі жетуге тиіс. Италиялық бірнеше кәсіпорынмен сынақтан өткізу үшін сынама құймаларды жеткізу туралы алдын-ала келісімге келдік. Ешкім де бірден 500 не 1000 тоннаға шарт жасаспайды. Өндіріс бірден дамымайды, бірте-бірте күш жинайды. Өндірістің бірінші кезеңінде 25 мың тонна өнім өндіреміз. Оған 2018 жылдың наурыз-сәуір айында қол жеткізіледі, содан кейін ғана осындай деңгейдегі келісімшарттар жасауға кірісеміз деп мәлімдеуге болады. Осыдан соң екінші кезеңді бастаймыз", – деді облыс әкімдігінде өткен отырыста Giessenhaus ЖШС құрылтайшыларының бірі Виктор Литуев.

Сұйық алюминий түріндегі шикізат арнайы көлікпен "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-ға жеткізіледі. Кәсіпорынның президенті Роман Романов abctv.kz-ке былай деді:

"Бүгінгі таңда екі кәсіпорын арасында келіссөз жүргізіліп жатыр. Әзірге одан әрі өңдеу үшін жылына 18900 тонна бастапқы қалыптағы алюминийді жеткізу туралы сөз болып отыр. Бұл кәсіпорынның алғашқы қажеттілгі. Жаңа өнеркәсіп Қазақстан үшін қандай маңызды болса, біз үшін де сондай маңызға ие, себебі ол алюминий кластерін дамытуға себеп болады".

Бүгінде алюминийді негізінен Ресей Федерациясы тұтынып отыр. Қазақстанның үлесіне өндірістің 10%-ы ғана тиесілі. Қалғаны Еуропа, Украина, Беларусь және Өзбекстанға жөнелтіледі.

Алюминий кластерін дамыту үшін тағы бір алюминий зауытын салу қажет пе деген abctv.kz-тің сұрағына Роман Романов: "Қолданыстағы бастапқы алюминий өндірісі мәселесіне келсек, құрамына біздің кәсіпорын кіретін Еуразиялық топ осы жобаны қолға алды. Ал өндіретін өнім қатарын кеңейтуге келсек, оны топ өз бағдарламаларында қарастырып қойған. Мысалға, әлдеқайда ұсақ металл құймаларын өндіру мәселесі қарастырылып жатыр" деп жауап берді.

Кәсіпорын құрылтайшысының пікірінше, бүгінгі таңда алюминий нарығы тұрақты:

"Алюминий нарығы құлдырап кетуіне ешқандай алғышарт жоқ деп есептеймін. Нақты көлемдегі алюминийге қажеттілік бар, сондықтан оның бағасы тек өсуі мүмкін".

Тілге тиек етсек, өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін электролиз зауыты толығымен импорттық шикізат пен алюминий өндірісінің негізгі құрамдас бөліктерінен бас тартты. Зауыттың өндірістік процесінде оларды "Қазақстан алюминийі" АҚ-да жасалған қазақстандық құймақалыптар мен "ССТКБӨБ" АҚ-ның (Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі) болат құралдары (блюмстер) алмастырды. Бұрындары бұл өндірістік бөлшектердің екеуі де ҚХР-дан импортталатын. Одан бөлек, алюминий өндіру процесіне павлодарлық қыздырылған мұнай коксы енгізілді, болашақта ол ресейлік өндірушінің шикізатын алмастырады деп жоспарланған. Шындығына келсек, қазір анодты блок өндірісінде кәсіпорын коксының 50% ғана қолданылады.

"Себебі бұл кокстың химиялық қасиеттері жоғары сұрыпты алюминий өндіруге мүмкіндік бермейді. Бірақ олар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл мәселеде барлығы Павлодардың  мұнай химиялық зауытынан жеткізілетін шикізаттың сапасына байланысты", – деді Роман Романов.

Сонымен қатар Giessenhaus ЖШС-ның құрылтайшысы Виктор Литуев өндірістегі кедергілерге  тоқталып кетті:

"Біздің елде маман тапшы, оларды оқыту керек. Кадрларға күрделі технологиялық процестерді үйретуіміз керек, ал ол үшін университеттермен, оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас жасау керек. Мүмкін Павлодарда алюминий өндірісі саласында тәжірибесі бар және осы технологияларды игеруге көмектесетін италиялық және неміс мамандарын тартатын құзырет орталығын ашу керек шығар".

Әйгерім Сүлейменова, Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу