19 қараша түні Ресейдің Краснодар өлкесін Қырыммен жалғайтын Керчь көлік өткелі апта ішінде осымен үшінші рет үстемеленген соққының астында қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейінгі екі соққыдан кейін көпірдің автомобиль бөлігі және оның алып аркасы толық қираған еді. Енді теміржол қатынасының да қауіпсіздігіне қатер төнді, деп жазды inbusiness.kz.
Көпірге жасалған жаңа шабуыл туралы Қырымның РФ тағайындаған басшысы Сергей Аксеновтің өзі ресми хабарлады. Ресей Көлік министрлігінің мәліметінше, ұшқышсыз аппараттар соққысынан кейін көпір арқылы өтетін барлық пойыздың қозғалысы уақытша тоқтатылған. Ресми ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ. Мамандар көпір конструкциясын тексеруге кіріскенімен, жаңа зақымның нақты ауқымы әзірге жарияланған жоқ.
"Крымский ветер" және Exilenova+ Telegram-арналарының хабарлауынша, көлік өткеліне Украина зымырандар мен дрондар арқылы соққы жасаған. Қырым тұрғындары көпір маңында бірнеше жарылыс естілгенін хабарлады. Олардың дерегінше, Қырым көпірінің теміржол бөлігіне екі рет дәл тиген. Алдын ала бақылауларға қарағанда, теміржол көпірінің аркасы әзірге құламаған, өрт шықпаған.
Бұған дейін Қырым көпіріне алғашқы шабуыл 16 қарашада, екіншісі 17 қарашада болған еді. Сұрапыл екінші соққыдан кейін автомобиль көпірінің ұзындығы 227 метр, салмағы 5,5 мың тонна болатын алып метал аркасы опырылып, теңіз түбіне батып кетті.
Оған жапсарлас орналасқан теміржол көпіріне де зақым келгенімен, Ресей келесі 17 қарашаның кешінде теміржол қатынасын қайта қалпына келтіре алған. Арада небәрі екі тәулік өткенде өткел тағы да толық жабылды.
Оның үстіне шабуылдар мұнымен аяқталмауы мүмкін. Украина Президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Будановпен байланысты деп саналатын "Ukraine context" Telegram-арнасы соққылар жалғасатынын бүгін жариялады.
"Қырым көпірінің теміржол бөлігін де біржола тас-талқан ету көзделіп отыр! Бұл нысанның жұмысын толық тоқтатып, соғыс аяқталғанға дейін оны қалпына келтіру мүмкіндігін жою туралы бұйрық берілді", – делінген Ukraine context хабарламасында.
19 қарашадағы үшінші шабуылдың егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ. Алайда Украина Қарулы күштерінің Бас штабы соққылардың нәтижелі болғанына тұспалдайтын "қызықты" мәлімдеме жасады. Ол Португалия астанасы Лиссабондағы Васко да Гама көпірін "Еуропадағы ең ұзын көпір" мәртебесін иеленуімен ресми түрде құттықтады. Өйткені осы уақытқа дейін бұл атақ жалпы ұзындығы 19 шақырымға жуықтайтын Қырым көпіріне тиесілі болып келген еді. Ол қолданыстан шығып қалғандықтан, әзірге көпір болып саналмайды.
Бүгінде Ресей Керчь бұғазына қосымша қызмет көрсетуші кемелерін шоғырландырып жатыр. Олардың қатарында буксирлер, лоцмандық және жер қазу кемелері, тіпті теңіз түбін тазалайтын және мұнай жинайтын арнайы кеме де бар. The Insider мәліметінше, көпірдің құлаған тұсына кемінде 10 кеме келген. Мамандар бұл кемелердің жұмысын апат салдарын жою және теңіздегі кеме қатынасын қалпына келтіру қажеттілігімен байланыстырады.
Мәселенің күрделілігі сол, құлаған көпірдің алып аркасы Керчь-Еникалье (түркінің yeni және kale, яғни, жаңа қала сөзінен құралған) каналының түбіне батты. Ал, бұл – Қара теңіз бен Азов теңізін жалғайтын, ірі тоннажды кемелер өте алатын жалғыз терең су жолы. Демек, апат тек құрлықтағы көлік өткеліне ғана емес, теңіз инфрақұрылымына да тікелей зардабын тигізуде.
Қырым көпірін жөндеуге жылдар қажет: сарапшылар не дейді?
Ресей шенеуніктері көпірді қысқа мерзімде қалпына келтіруге болатынын айтуда. Бірақ шетелдік мамандар бұған күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, автомобиль бөлігін толық жөндеуге 1 жылдан 2 жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін. Егер шабуылдар жалғаса берсе, жөндеу мерзімін болжаудың өзі қиын.
The New York Times сарапшылар пікіріне сүйеніп, көпірдің теңіз түбіне құлаған ұзындығы 230 метрге жуық болат аркасы ең күрделі әрі тым қымбат бөлік болғанын жазды. Мұндай алып конструкцияны тіпті бейбіт заманда – 2015 жылы жасауға және орнатуға шамамен 2 жыл кеткен.
Алдымен оның металл бөлшектері Воронеж қаласындағы зауытта дайындалған. Одан кейін Керчь бұғазының жағалауында арканың бөлшектерін қосып, құрастыру және дәнекерлеу жұмыстары шамамен 11 айға созылған. Содан соң алып құрылымды орнына жеткізіп, орнату үшін күрделі жұмыс жүргізілген.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Халифа ғылым және технология университетінің инженерия профессоры Андреас Каппос Қырым көпіріндегі автомобиль қозғалысын толық қалпына келтіруге шамамен екі жыл қажет деп есептейді.
"Бірақ бұл мерзім тек екі шарт сақталса ғана мүмкін болады. Біріншіден, көпірді ұстап тұрған негізгі тіректер қатты зақымданданбаған болуы керек. Оларда сынық, жарық табылса, оның бәрін де қоса ауыстыруға тура келеді. Екіншіден, жөндеу жұмыстары кезінде қарсылас жаңа шабуылдар ұйымдастырмауға тиіс", – деді Каппос.
Авиация сарапшысы Константин Криволаптың болжамы да көңіл көншітпейді: көпірді қалпына келтіру бір жылдан астамға созылуы мүмкін. Тіпті барлық жағдай қолайлы болған күннің өзінде, қажетті жұмыстарды 6 айдан аз уақытта аяқтау мүмкін емес.
Израилдік әскери сарапшы Сергей Ауслендер мәселенің қаншалықты күрделі екенін түсіну үшін құлаған арканың көлемін елестетуді ұсынды. Арканың ұзындығы 230 метрге жуық, ені 45 метр, ал, салмағы 5,5 мың тоннадан асады. Бұл бір жерге үйіп қойған 1,5 мың трактордың салмағымен бірдей.
Енді осындай алып құрылымның түгелдей су астында жатқанын елестетіңіз. Көпір құлаған жерде судың тереңдігі негізінен 8–9 метр. Ойпатты тұстарда ол 18 метрге дейін жетеді. Оның үстіне, теңіз түбі лай және жұмсақ топырақтан тұрады. Сондықтан осындай ауыр құрылымды судан суырып шығарудың өзі бір тауқымет.
Мамандар каналды осы конструкция қалдығынан тазартудың бірнеше жолын қарастыруда. Соның бірі – метал құрылымды су астында бөлшектеу. Бірақ мұндай жұмысқа арнайы техника мен көп күш қажет.
Дауыл мен толқын да жөндеу жұмыстарына кедергі
Көпірді қалпына келтіруді күрделендіретін тағы бір мәселе бар. Ол – Керчь бұғазындағы ауа райы. Қарашаның екінші жартысында бұл өңірде дауылды маусым басталады. 19–20 қараша күндері алғашқы дауылды ескерту жарияланды. Қатты жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жеткен. Толқындардың биіктігі 2–3 метрге көтерілді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты паром қатынасы да уақытша тоқтатылған.
Мұндай дүлей дауылдар көпірді жөндеу жұмыстарын тоқтатып қоюы мүмкін. Әсіресе, су бетінде жұмыс істейтін үлкен крандар мен теңіз түбін тазалайтын кемелерге қиын болады. Қатты толқын арнайы кемелерді төңкеріп тастау қаупі жоқ емес.
Сондықтан Ресейде қажетті қаржы мен техника табылғанның өзінде ауа райы жөндеу жұмыстарының мерзімін ұзартып жіберуі ықтимал.
Бұған дейін Ресей вице-премьері Андрей Никитин көпірді қысқа мерзімде қалпына келтіруге қажетті технологиялар мен ресурстар бар екенін жариялаған еді. Бірақ үшінші шабуылдан кейін биліктің мәлімдемелері өзгерді. Енді олар жөндеуді тез аяқтаймыз деуден гөрі, көпірді тексеріп, қандай жолмен қалпына келтіруге болатынын анықтаймыз дегенге көшті.
"Біз көпірді қандай тәсілмен қалпына келтіретінімізді пысықтап, бірнеше нұсқаны қарастырамыз. Көпірдің жекелеген бөліктерін бір-екі ай ішінде іске қосуға болады", – деді РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Марат Хуснуллин ТАСС агенттігіне сұхбатында.
Алайда бұл көпір бірер айда толық қалпына келеді деген сөз емес. Әзірге оның тек "кейбір бөліктерін" іске қосуы ықтимал. Ресейлік мамандар алдымен құбырларды, сымдарды, басқа инженерлік желілерді және зақымданбай қалған конструкцияның кейбір бөліктерін қалпына келтіруі мүмкін. Бұл үшін жаңа көпірдің орнатылуын күтудің қажеті жоқ.
Эксперттер тағы бір болжамын бөлісті: РФ бұрынғы күрделі әрі алпауыт арканың орнына уақытша немесе қарапайымдау көпір салуы мүмкін. Мұндай шешім автомобилдердің қозғалысын толық болмаса да, ішінара қайта бастауға мүмкіндік береді.
РФ Көлік министрі Дмитрий Ядров мамандар теміржолдың жағдайын тексеріп, қандай жұмыс атқару керектігін анықтап жатқанын хабарлады. Билік пойыз қозғалысының қашан толық қалпына келетінін бір апта ішінде нақтылауға ниетті. Ресей Көлік министрлігінің мәліметінше, Қырымда Ресейге қайта алмаған шамамен 3 мың жолаушы қалды. Оларды катерлермен тасымалдау жоспарланған.
Әзірге көршінің "көпірді тез арада жөндейміз!" деген уәдесінің артында нақты жоспары жоқ. Өйткені алдымен теңіз түбін арканың болат бөлшектерінен, көпір қалдықтарынан тазарту керек. Содан кейін жаңа арканы жасап, оны орнына орнату қажет.
Бұған қоса, көпірдің өне-бойын мұқият тексеріп, пайдалануға жарамдылығын әрі қауіпсіздігін бағалау міндеті тұр. Осы жұмыстардың кез келгені жоспардағы "бір-екі ай" мерзімді бірнеше айға ұзартып жіберуі мүмкін.
Бір апта ішінде ғана үш рет шабуылға ұшыраған Қырым көпірінің болашағы бұлыңғыр. Оның автомобиль жолы талқандалды, қоңсылас теміржол қозғалысына нұқсан келді, теңіздегі кеме қатынасына да қауіп төнді. Ресей билігі көпірді жылдам қалпына келтіруге уәде еткенімен, сарапшылар мұның оңай шаруа болмайтынын ескертеді.
Ресейлік кейбір сарапшылар Қырым көпірін жөндеу жемқорлыққа серпін беруі мүмкін екенін жасырмады. Олар бір салыстыру келтірді: Еуропадағы қазіргі ең ұзын көпірге айналған Лиссабондағы Васко да Гама көпірінің құрылысына 897 миллион еуро шығындалыпты.
Сонымен "тетелес" Қырым көпірін салуға тек ресми ақпарат бойынша және тек федералдық бюджеттен (жеке және ұлттық компаниялардың бөлгені мен өңірлік бюджеттердің шығынын қоспағанда), 2016 жылы 227,92 миллиард рубль немесе сол кездегі бағам бойынша 3,7 миллиард доллар жұмсалған! Яғни, 4 еседен көп ақша сарп етілген.
2016 жылдан айырмашылығы, ол кезде Украина Ресейді бомбалаған жоқ. Демек, ең бастысы, жөндеу жұмыстарының қаншаға созылатыны енді тек құрылысшылардың және РФ бюджетінің мүмкіндігіне ғана емес, әскери жағдайға және табиғаттың мінезіне де байланысты.