Кукушкин челленджер турнирінің ширек финалына шықты

1249

Михаил Кукушкин жұптық сында Ноттингем (Ұлыбритания) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Кукушкин челленджер турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық теннисші аустралиялық Джон Миллманмен бірге бастапқы кездесуін осы жарыстың бірінші ракеткалары, италиялық Андреа Вавассори – поляк Шимон Валковке қарсы өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық-аустралиялық жұп 6:4, 1:6, 13:11 есебімен жеңіске жетті. М.Кукушкин мен Д.Миллман жартылай финалға шығу үшін ұлыбританиялықтар Джулиан Кэш – Анри Паттенмен таласады. Михаил Кукушкин жекелей сында да сәтті өнер көрсетуде. Ол алғашқы матчында румыниялық Мариуш Копилді 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Енді испаниялық Фернандо Вердасконы жеңсе, ширек финалға жолдама алады.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жұптық сында Штутгарт ATP 250 додасының жартылай финалына шыға алмай қалды. Ол аустралиялық Ник Кирьоспен бірге тартысты бәсекеде франциялық Фабрис Мартен – германиялық Андреас Мьеске жол берді – 6:7 (5:7), 6:7 (4:7). Сондай-ақ Бублик турнирдің екінші ойынында бұрынғы әлемнің бірінші ракеткасы Энди Маррейге қарсы ойнап, екі сетте 3:6, 6:7 жалпы есебімен жеңілді. Матч бір сағат 43 минутқа созылды.

Ал Дмитрий Попко жекелей сында Братислава (Словакия) челленджер жарысының екінші айналымында корт иесі Йозеф Коваликтен жеңіліп қалды – 7:6 (7:3), 0:6, 1:6.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Хертогенбос қаласында (Нидерланды) өтіп жатқан турнирде екінші кездесуін өткізді. Әлемнің 42-ракеткасы америкалық теннисші Шелби Роджерспен кездесуде қазақстандық екі сетте 2:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Матч бір сағат 27 минутқа созылды.

Анна Данилина Биаррицте (Франция) өтіп жатқан турнирде жұптық сайыста ширек финалдық кездесуін өткізді. Анна украиналық теннисші Валерия Страховамен бірге екі сетте бельгиялық-үндістандық Лара Солден – Пратана Томбарені 7:5, 6:4 есебімен жеңді. Кездесу бір сағат 28 минутқа созылды.

Қазіргі уақытта Данилина WTA жұптық рейтингінде 22-орында тұр. Ол Биаррицтегі жекелей жарыста швейцариялық теннисші Джоанна Цугерді жеңіп, бір күнде екі бірдей жеңіске қол жеткізді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу