Күлді кірпішке айналдырады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10837

Жаңа өндірістің құрылысына 92 млн теңге жұмсалды.

Күлді кірпішке айналдырады

Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" акционерлік қоғамы күл үйіндісін кәдеге жаратып, кірпіш шығара бастады. Компания жаңа өндірістің құрылысына 92 млн теңге жұмсаған. Кірпіш зауыты жыл он екі ай бойы жұмыс істейді. Мұнда 12 жаңа жұмыс орны ашылады.  

"Негізгі шикізат ретінде күл үйінділерін пайдаланамыз. Оған цемент пен басқа қоспаларды қосамыз. Осылайша жылу қазандықтарынан қалған өндірістік қалдықтарды кәдеге жаратамыз. Зауыт құрылысы аяқталды. Әділет органдарына ресми түрде тіркелді. Енді экологиялық мекемелердің сараптамасын күтіп отырмыз. Құжат қолға тиген күні өндірісті іске қосамыз", – дейді "Майқайыңалтын" АҚ бас директоры Қуаныш Ботин.

Бас директордың сөзінше, зауыт айына 30 мың кірпіш шығарады. Бағасы 179 теңге болады.

"Қазір өндірілетін кірпішке сертификат алып жатырыз. Күлге тиісті құжат алдық. Күлдің зияндылығы жоқ екені анықталды. Жаңа өнімді құрылысқа пайдаланып көрдік. Жарамды. Меніңше, өнімді өткізу жағынан мәселе болмауы керек. Себебі қазірдің өзінде біздің өнімге қызығушылық танытып отырғандар көп. Оның үстіне Баянауыл мен Екібастұзда құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді", – деді Қуаныш Ботин.

"Майқайыңалтын" компаниясы кен өндірумен және қайта өңдеумен айналысады. Қуаныш Ботиннің сөзінше, бүгінде кәсіпорын өндірістік қалдықтардың барлығын толық пайдаланып отыр. Компания 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына 126,8 млн теңге жұмсаған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу