Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің компанияның Алматы қаласы әкімдігіне 34 млрд теңге сомасына шот жібергені туралы мәлімдемесіне байланысты, Atlas Development ЖШС келесіні түсіндіру қажет деп санайды. Бұл туралы компанияның inbusiness.kz-ке жолдаған хабарламасында жазылған.
"Компания Әл-Фараби даңғылындағы бизнес-орталықтың құрылыс салушысы ретінде әрекет етті. Өкінішке қарай, Алматы қаласының іскерлік орталығын дамыту үшін маңызды болып есептелетін құрылыстың соңғы кезеңінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ғимарат тұрғызылған жер учаскесіне қатысты Алматы қаласы әкімдігінің қаулысын жарамсыз деп таныды", – делінген компанияның түсініктемесінде.
Бірақ та сот жерді сатып алу туралы мәміленің заңдылығына күмән келтірген жоқ.
"Осы тұста компания жер телімін заңды негізде сатып алғанын атап өткен жөн. Сотта қаралып жатқан Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы біздің компания жер учаскесін сатып алғанға дейінгі кезеңге жатады. Басқаша айтқанда, уәкілетті органдардың Atlas Development ЖШС-ға шағымы жоқ. Компания өзі алған инвестициялық міндеттемелерді орындай отырып, Алматы қаласы әкімдігінің іс-әрекетінің заңдылығына күмән келтірмеді және нысанның құрылысына 34 млрд теңге қарыз қаражатын салды. Бұл сандар Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің талап-арызы бойынша сот талқылауы барысында айтылды", - деп атап өтті Atlas Development.
Басқаша айтқанда, девелопер әкімдіктің заңсыз әрекеттерінің құрбаны болып шықты.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, компания кез келген инвестор тәрізді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеті (әрекетсіздігінен) келтірілген зиянды өтеуді талап етуге құқылы. Алайда осы уақытқа дейін Atlas Development ЖШС ресми түрде тиісті талап-арыз қоймады", - делінген компания мәлімдемесінде.
Atlas Development ЖШС хабарлауынша, компания оңтайлы нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдармен және мүдделі тараптармен сындарлы диалогқа ниетті.
"Барлығын жағдайды жариялау және талқылау барысында объективті көзқарас танытуға шақырамыз. Біз мәселені әділ және заңды түрде шешу үшін мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен диалогқа ашықпыз", - деп қорытындылады компания.