Кundelik.kz арқылы 12 млн адам 203 млн сессия жасады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5499

25 мың оқушы дәстүрлі білім жүйесімен оқып жатыр. 

Кundelik.kz  арқылы 12 млн адам 203 млн сессия жасады

Қашықтан білім берудің алғашқы күнінде кundelik.kz жүйесінде 40 млн сессия тіркелді. 2, 2 миллионнан астам оқушы Кundelik.kz-ке кіріп, ұстаздармен кері байланыс орнатты.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бір аптада Кundelik.kz жүйесінің қызметіне 12 млн адам жүгініп, 203 млн сессия жасаған.

"Қашықтан білім берудің алғашқы күнінде кundelik.kz жүйесінде техникалық ақау тіркелді. Түрлі қиындық туды. Жүйе жүктемені көтере алмады. Дегенмен одан кейінгі күндері мәселе шешіле бастады. Техникалық мамандар түнгі уақытта серверлер мен деректерді сақтау жүйелерін кеңейтіп, бағдарламалық жасақтау жұмысын жақсартып отырды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, Кundelik.kz жүйесімен қатар білім алушыларға Daryn.online және Bilimland.kz  білім беру платформалары ұсынылған.

"Daryn.online платформасында 18 млн қаралым тіркелді. 1,5 млн адам білімін осы платформа арқылы жетілдірген. Bilimland.kz  5 күнде 15 млн 100 қаралым жинады. Оқушыларға телеарналардан көрсетілген бейнесабақты осы жерден қайта көру мүмкіндігі берілді", – деді Асхат Аймағамбетов.

Бас ұстаздың сөзінше, Қазақстан қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Алда психологиялық, техникалық кедергілер болады. Бірақ мұның барлығы уақыт өте келе шешіледі.   

Бұдан кейін министр онлайн білім беру жүйесінен не себепті бас тартылғанын тағы бір мәрте түсіндірді.

"16 наурыз күні facebook әлеуметтік желісіне осыған қатысты жазба қалдырдым. Сонда қашықтан оқыту онлайн оқыту емес екенін айттым. Біз білім жүйесінде интернет қолдану туралы сөз қозғасақ, барлығы онлайн оқыту, яғни нақты уақыт режимінде дәріс беру деп қабылдайды. Бұл үшін Google Мeet, Skype, Microsoft Teams, Zoom сынды бағдарламалар бар. Осылар арқылы педагогтар және басқа да тұлғалар  нақты уақыт режимінде байланысқа шығып, дәріс бере алады немесе кез келген мәселені талқылау мүмкіндігіне ие болады. Қашықтан оқыту мен онлайын оқыту бір ұғым, бір түсінік емес. Біз әу бастан жағдайға байланысты әрекет ететінімізді мәлімдедік. Кundelik.kz, Bilimland.kz, Daryn.online жүйелерін, одан кейін нақты уақыт режимінде дәріс беру үшін Google Мeet, Zoom сияқты стриминг жүйелері мен телеарналарды қолданатынымызды жарияладық. 1 сәуір күні сынақ түрінде стриминг жүйесімен онлайн сабақ өткізіп көрдік. Мұның қиындығы мен түрлі кедергілері бар екеніне көз жеткізгеннен соң қазір қолданып жатқан білім беру жүйесіне көштік",– деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан кейін министр қанша оқушы, қалай оқып жатқанын жариялады.

"2 млн 400 мың оқушы интернет желісін қолдану, 800 мың оқушы бейнесабақты телеарнадан көру арқылы білім алуда. Ал еліміздің шалғайы мен алыс елдімекендерінде тұратын 25 мың оқушы санитарлық-эпидемиялогиялық талап қатаң сақталған жағдайда дәстүрлі білім жүйесімен оқып жатыр", – деді Асхат Аймағамбетов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу