Kundelik.kz пен OnlineMektep текетіресі ұстаздарды шаршатты

11908

Жағдайға министрдің өзіне араласуға тура келіпті.

Kundelik.kz пен OnlineMektep текетіресі ұстаздарды шаршатты

Биылғы оқу жылының бір ерекшелігі сол, ресейлік "Дневник.ру" электронды журналдар мен күнделіктердің бағдарламалық қамтылымы негізінде әзірленген "Күнделік" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі Қазақстандағы монополиясынан айырылып қалды.

Bilim Media Group басшысы Рауан Кенжеханұлының билік кабинеттерінде қуатты лобби жүргізуі арқасында "Онлайн Мектеп" оның алдын орап кетті.

Мысалы, дәл бүгін zero.kz есептегіші бойынша 450 мыңнан астам бірегей хост (1,4 миллион пайдаланушы және 37,7 миллион қаралым) жинай алған "OnlineMektep" бірінші орында тұр. Ал 411 мыңнан аса бірегей хостымен (742 мың пайдаланушы және 22 миллионнан артық қаралымымен) "Kundelik.kz" оның етегін баса, екінші орынға жайғасты.

Әрине, алғашқы жиырмалық ішінде өзге де отандық онлайн күнделіктер мен журналдар тұғырнамалары орын тепкен. Бірақ олардың "тіреушілері" мықты емес пе, әйтеуір көрсеткіштері төмендеу.

Қалай болғанда, ұстаздарды және ата-аналарды екі алпауыттың арпалысы қажытыпты. Өйткені біраз бұрын кейбір мектептерде директорлар педагогтерді "Күнделік" пен "Онлайн Мектепті" қатар толтыруға мәжбүрлеген көрінеді.

"Қазіргі таңда барлық өңірде онлайн оқу жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты мұғалімдердің қай платформамен жүруі керектігі белгісіз. Дәл қазір мұғалімдер екі платформаға да – "OnlineMektep"-ке де, "Kundelik.kz"-ке де сабақ енгізіп, баға қойып, әуре болуда", – дейді БҒМ басшысына хатында Еркебұлан Ибахожаұлы.

Ал елордалық мектеп мұғалімі Гүлнәз Кәрібекова орыс мектептері негізінен "Күнделікте" қалғанын айтады.

Мұғалімдер алдынан тұрған диллеманы шешуге БҒМ басшысының өзіне араласуға тура келді.

"Жалпы бүгінде Қазақстанда қашықтан оқыту жүйесінде 8 платформа жұмыс істеуде. Министрлік қандай да бір нақты интернет тұғырнаманы пайдалануды ұсынбайды. Сонымен қатар оқушылардың әртүрлі платформаларға үнемі ауысып отыруы қиындықтарға соқтыратынын ескеріп, мектеп таңдауы бойынша 1 ғана платформада жұмыс істеуге кеңес бердік", – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Қызылордалық белгілі ұстаз, №226 гимназияның тарих пәні мұғалімі Асқар Олжакеш өңірлерде бұған дейін балалар WhatsApp арқылы оқып келгенін, онлайн күнделіктер мен журналдардың рөлі төмен болғанын айтады. Енді ата-аналарды үй тапсырмасын платформаларда тіркеуге міндеттеу енгізілуде екен.

"Менің, мысалы, 6 балам бар. Үшеуі – мектеп оқушысы, үшеуі – студент. Наурыз айынан бері біздің мектеп сабақтарды WhatsApp көмегімен өткізіп келді. Ешқандай проблема болмайтын. Үш балам өз смартфондарымен сабақтарын орындап, жібереді. Үш студент балам ноутбуктер мен компьютер арқылы өз платформаларында оқытушыларының дәрісін тыңдайтын. Мен өзім де сабақ жүргізуде еш қиындық көрмейтінмін, тапсырмаларды сілтемелерімен бірге мессенджер арқылы оқушыларға жолдайтынмын. Ал биылғы жаңа оқу жылында сабақты сегіз платформаның бірінде өткізуге міндеттелдік", – дейді Асқар Анатолийұлы.

Бұл педагогтердің бала оқытуы мен сабақ жүргізуін күрделендірді.

"Дистанциялық режимде оқыту процесін мұғалімдер "синхронды", немесе "асинхронды" форматта өткізе алады. Синхронды форматта педагог пен шәкірттер онлайн режимде тікелей байланысқа (стриминг) шығуы керек. Осы мақсатта Zoom, Skype, Microsoft Teams, Google Meet, Messenger Rooms (Facebook), WhatsApp және басқасының заманауи мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Ал синхронды форматта мұғалім оқушылармен интернет платформалар арқылы өзара іс-әрекет жасайды. Ол плаформаларда өзіндік білім алуға арналған контенттер, оқу тапсырмалары бар. Сол жерде шәкірт ұстазымен кері байланыс жасай алады. Білім және ғылым министрлігі биыл қашықтан оқыту үшін бірқатар платформаны ұсынды. Өз кезегінде мектептер солардың ішінен өз бетінше бірін таңдауға тиіс. Ары қарай сол арқылы оқытуды ұйымдастырады", – деді БҒМ.

Білім және ғылым министрлігі пандемия тудырған жаңа өмір шынайылығына бейімделу аясында саладағы реформасын жалғастыруда. Демек алда басқа да проблемалар бас көтеруі ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу