Қарағанды қаласының билігі Күнгей ықшам ауданындағы мәселені жылдар бойы шеше алмай келеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті билік су мен электр тогі желісі тартылмаған қаланың шетінен талай адамға үй салуға жер сатқан еді. Бүгінде бұл аумаққа қоныстанушылардың қарасы көбейіп, Күнгей ықшамауданға айналды. Алайда бұл аудан бүгінде шенеуніктердің бас ауруына айналған. Ал мұндағы халық жолдың нашарлығы әрі электр жарығы мен ауызсудың жоқтығынан қажыған. Соңғы жылдары шағым толастамай қойған соң, билік тоқ пен су желілерін біраз аумаққа тарта бастады, бірақ та осыған қолы жете алмай зарығып қалғандар да бар. Күнгей-2 ықшамауданындағы 19-алаңда орналасқан 22 жер телімінің қожайындары шенеуніктердің қателігінен электр желісінен қағыламыз деп дабыл қағып отыр.
Тұрғындардың айтуынша, 2012 жылы әкімшілік бұл аумаққа коммерциялық нысандар салуды жоспарлап, жер иелеріне айтпай ТЖЖ-ға өзгеріс жасап жіберген. Жерді заңды құжатымен сатып алған меншік иелері бар екеніне қарамастан, шенеуніктердің заңсыздыққа жол бергенін тұрғындар 2018 жылы ғана білген. Осы жылы әкімшілік тұрғын үй салуға арналған жерлерге су желісін тартқан. Осыдан кейін жерге қатысты құжаттары өзгеріп кеткен тұрғындарға су тартылмай қалған. Тұрғындар алты ай бойы мемлекеттік органның бүкіл есігін қағып шағымданып, ауқымды қаражат жинап сәулетші жалдап жер телімінің құжаттарына түзету жасатқан. Суға жете алмай зарыққан халық тағы бір жыл жүріп, облыс әкімінің есігін талай қағып, төрт үйге бір су құдығын әзер жасатып алған. Ақыр соңында тұрғын үй құқығы қайтарылсын деген қаулыға қол жеткізген. Бірақ 22 жер теліміне су құбыры тартылған басқа көшелердей жеке құдықтар қойылмаған. Жұрт осылайша су мәселесі де толық шешілмеді деп отыр. Енді жергілікті билік аталмыш жер телімі иелерінің үйлері орналасқан аумақтан тағы айналып өтіп, басқа көшелерге электр жарығын тартып жатыр.
"Бұл біздің тағы жоспарға кірмей қалғанымызды көрсетеді. Жақында әкімшіліктен ТЖЖ-ға түзету енгізіліп, аталған жер телімдерінің бұрынғыша тұрғын үй салу құқығының қайтарылғаны туралы анықтаманы алған едік. Осы уақыт аралығында су, электр жарығы желісін жобалауға, тартуға жауапты құрылыс бөлімінің бастығы ауысты. Бұл бір тиянақсыз жұмыс болды", – дейді Күнгей ықшамауданының тұрғыны Ержан Әділ.
Ал Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі болса аталмыш жер теліміндегі тұрғын үйлерге инженерлік желілер салу үшін жобалық - сметалық құжаттамасына түзету енгізу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Алайда жауапты бөлім мамандары түзетудің қашан енгізілетінін, мәселенің қалай шешілетінін нақты айта алмай отыр.
Қаланың іргесінде тұрса да Күнгей ықшамауданында тоқсыз сусыз отырған үйлер әлі де көп.
Арайлым Еркебаева
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !