Құрама бапкері: Боксшылар бабын жоғалтпапты

2231

Бокстан Қазақстан құрамасы алғашқылардың бірі болып жаттығуды бастады.

Құрама бапкері: Боксшылар бабын жоғалтпапты

Ұлттық құрамалардың спортшылары біртіндеп оқу-жаттығу жиындарына кірісіп жатыр. Жаттығу жиындары барлық белгіленген қауіпсіздік шараларының толық сақталуын қамтамасыз ететін спорт базаларында ғана өткізіледі. Қазіргі таңда боксшылар оқу-жаттығу жиынын "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығында өткізуде. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері  Ғалымбек Кенжебаев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында  санитарлық талаптардың қатал сақталуын қадағалап, осындай режимдегі жаттығу процесстерінің негізгі ерекшеліктерін тілге тиек етті.

"Бокстан ұлттық құрама жақында ғана жаттығуға кірісті. Бірінші апта карантин режимінде болдық. Ұлттық құраманың барлық мүшесі ПЦР тестін тапсырды. Ал кейбір негізгі әдіс-тәсілдерді көшеде өткіздік. Жаттығу жиыны өтіп жатқан база бізге өте қолайлы және карантин кезінде жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған. Екінші аптадан бастап қана жаттығу залы мен бокс залына кіруге рұқсат берілді. Функциялық дайындығымызды күшейту үшін біз әлі де сырттағы дайындығымызды тоқтатпаймыз. Сонымен қатар, күшке, жылдамдыққа жұмыс істеп, оларды қалыпқа келтіру керек. Осы аптада біз арнайы бокс снарядымен жұптық жаттығуларды бастаймыз. Жалпы айтқанда, физикалық дайындықты үдетеміз. Үйлерінде оқашауланғанымен, спортшылар үй жағдайында барынша жаттығу жасаған. Әрине, мұндай жаттығуды жиындарда өтетін жаттығулармен салыстыруға келмейді. Десе де, спортшылардың төтенше жағдай кезінде баптарын сақтап қалуы көп көмегін тигізуде. Қазіргі таңда спорт базада біз ешкіммен байланысқа түспейміз. Бұл оқу-жаттығу жиындары аяқталғанша осы жерде сақталатын қатаң тәртіптердің бірі әрі бірегейі. Барлығы біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету мақсатында бүге-шүгесіне дейін ұйымдастырылған. Барлық жерде санитарлық тазартқыштар орналастырылған. Ережені қатаң сақтаймыз. Айта кетелігі, бүгінде жаттығу базасында тек екі құрамды әкелуге мүмкіндік болды. Себебі, санитарлық-эпидемиологиялық нормаға сәйкес қазір 30 адамнан артық шақыруға болмайды. Осындай жағдайға қарамастан жаттығу жиындары жоспардағыдай өтіп жатыр. Алдағы уақытта елімізде жағдай тұрақталып, қалыпты жаттығу режиміне көшіп, тағы да көптеген боксшыларды жиынға қатыстаратын боламыз деп сенемін. Ең бастысы бүгінде спортшылардың денсаулығы жақсы, жағдайлары бірқалыпты",- дейді Ғалымбек Кенжебаев. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу