Құрама командаға ойыншылар неге келмеді?

2867

Қазақстан Ұлттық құрамасының жақын арада өтетін ойындарына бірнеше ойыншы келмейтін болды. Себебі неде?

Құрама командаға ойыншылар неге келмеді?

Қазақстан Ұлттық құрамасы 6 және 9 қыркүйек күндері екі бірдей ресми ойын өткізеді. Еліміздің бас командасы алдымен Кипр аралында, сосын Ресейдің Калининград қаласында Еуро 2020 додасының іріктеуі аясында күш сынасады. Осы ойын алдында Қазақстан құрамасы Талғарда оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Сыртта өтетін екі ойынға бас бапкер Михал Билек негізгі құрамға үш ойыншыны шақырта алмай отыр.

Бахтиер Зайнутдинов - Ұлттық құраманың негізгі ойыншысы. Бапкер бұл футболшыны шабуыл шебінде, жартылай қорғаныста пайдаланып жүрді. Алайда Ресейдің "Ростов" командасында ойнайтын Зайнутдинов жарақатына байланысты бұл матчқа қатыса алмайтын болды. Иә, расымен де Бахтиердің жарақаты бар екенін бұрыннан білеміз. Ол осының алдындағы Сан-Мариномен өткен ойынға да қатыса алмады. Тіпті "Ростов" сапында да алаңға шыға алмай жүр. Сондықтан маңызды бір ойыншымыз матчтарға қатыса алмайтын болды. 

Владислав Васильев - Беларусь чемпионатында "Динамо" Брест командасында өнер көрсететін жас футболшы бас бапкердің шақыртуына немқұрайлы қараған секілді. Оның ресми жауабы былай екен: "Мен қазір Беларусь чемпионатындағы ойындарға көп көңіл бөліп, жаңадан ауысқан командама жылдам сіңісіп кету үшін әзірге құрама ойындарына шақыртпауыңызды сұраймын". Қарағанды футбол мектебінің түлегі Владислав Васильевтің жалпы алғанда қазақ футболына өкпесі бар сыңайлы. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл ойыншы "Оле Бразил" академиясына қабылданып, Қазақстаннан барған 26 ойыншының қатарында болады. Алайда ол Бразилиядағы жаттығу жұммыстарынан өз еркімен бас тартып, академиядағы жағдайдың тым нашар екендігін алға тартады. Бағдарлама аясындағы жаттығу жұмыстарының сапасыз екендігін байқаған ол, уақытты зая кетірмей елге оралады. Иә, расымен Владиславпен бірге "Оле Бразилде" оқығандардың ешқайсысы қазір оның деңгейінде доп теуіп жүрген жоқ. 

Александр Меркель - құрамадағы деңгейі жоғары ойыншының бірі. Еуропа футболын көріп өскен жартылай қорғаушы бас командамыздың негізгі ойыншысына айналып үлгеріп еді. Оның пастарынан Шотландия құрамасының қақпасына голдар салынды. Алайда, бұл футболшы да төлқұжат мәселесіне байланысты құрамаға келмейтін болыпты. Әйтпесе Голландия біріншілігіндегі "Хераклес" командасында әдемі ойнап жүргенін білеміз. Құжаттары бұрын жақсы болып, ол командамызға көмектесіп жүрді де, кенеттен келмей қалуының себебі өзгеше секілді. Әзірге бұл мәселеде нақты жауап жоқ. 

Кипр мен Ресейге қарсы өтетін екі ойында күйреп жеңіліп, ел абыройына нұсқан келетін болса әлбетте жанкүйер қауымды жұбату қиын болады. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу