Құрама ойындары сырт алаңда өтуі мүмкін

1768

УЕФА көшбасшылары мен ұлттық қауымдастықтардың бас хатшылары қазіргі жағдайда құрлықтық турнирлерді өткізу мәселелерін талқылады.

Құрама ойындары сырт алаңда өтуі мүмкін

Бүгін кездесуді Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының президенті Александр Чеферин, УЕФА бас хатшысы Теодор Теодоридис және оның орынбасары Джорджио Маркетти өткізді. Видеоконференция форматында өткен кездесуге Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин да қатысты.

Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдері, УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа Лигасының ережелеріне сөз қозғалды. Құжатта қозғалыс шектелген жағдайда және тараптардан COVID-19-тің оң сынақтары болған жағдайдағы тәртіптер қарастырылған. УЕФА жергілікті билік орнатқан көліктік және карантиндік шектеулерді сақтау үшін бірқатар матчтарды бейтарап алаңдарда өткізуді жоққа шығармайды.

УЕФА ынтымақтастық білдірген Польша, Венгрия, Грекия және Кипр ұлттық қауымдастықтарына алғыс білдіреді. Бұл елдер ойынды ұйымдастыруға дайын. Ұлттық құрамалардың қыркүйек айындағы ойындарын өткізу және қолданыстағы шектеулерге байланысты қиындықтар туралы да сөз қозғалды.

Кездесуге қатысушылар УЕФА мен ұлттық қауымдастықтар арасында жоспарланған матчтарды қолайлы деңгейде өткізу үшін тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Ұлттық құрамалар арасындағы кейбір кездесулер бейтарап елдердің стадиондарында өтуі ықтимал.

Кездесуге қатысушылар жасөспірімдер құрамалары арасында осы маусымда турнирлер өткізудің жолдарын талқылады. Сонымен қатар, ұсыныстың басым бөлігі жарысты 2021 жылдың көктеміне ауыстыруды қолдағанын айта кеткен жөн.

Басқа да өзекті мәселелерді шешу үшін УЕФА басшылығы мен ұлттық қауымдастқтардың бас хатшылары осы айда тағы бір кездесуді жоспарлап отыр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу