"2020/2021 жылғы маусымда Қазақстан құрамасында ойнауға құқығы бар хоккейшілер Ресейдің Құрлықтық Хоккей Лигасының клубтарында легионер ретінде қарастырылмайды", - деді 27-сәуір күні ҚХЛ-дың баспасөз қызметі.
Бұған дейін Беларусияның паспорты бар хоккейшілерге осындай мәртебе берілген болатын. Мұндай шешім "Барыстан" Лиганың ресейлік командаларына кетуге бел байлаған көптеген қазақстандық ойыншылар үшін тамаша мүмкіндік болды.
Өткен аптада "Барыстың" шабуылшысы Роман Старченконың ярославтық "Локомотивке" ауысуы мүмкін деген ақпарат шыққан. Енді "Локомотивті" елордалық команданың бұрынғы бапкері Андрей Скабелка басқаруы мүмкін. "Барыс" командасы мен хоккейден Қазақстан Ұлттық құрамасының форварды Роман Старченко "Шайба.kz" сайтына берген сұхбатында "Локомотив" тарапынан өзіне деген қызығушылықтың бар екенін растады. Дегенмен, Романның айтуынша әзірге нақты шешімге келмегенін және әр түрлі клубтарды, оның ішінде ярославтық клубты да қарастырып жатқанын жасырған жоқ. 33 жасар Старченко 2008-жылдан бері "Барыстың" намысын қорғауда.Сондай–ақ ол қазақстандық клубта 12 маусым бойы өнер көрсеткен жалғыз хоккейші. "Барыс" сапында 634 кездесу өткізіп, 318 ұпай жинаған. Оның ішінде 176 гол соғып, 142 сәтті пас берген. Сондай-ақ биылғы маусымда Старченко 58 кездесу өткізіп, "гол + пас" жүйесі бойынша 35 ұпай жинады. Яғни, 18 гол соғып, 17 ассист жасады. Бұл көрсеткіштер хоккейшінің кандидатурасын Лиганың көптеген клубтары үшін тамаша етіп көрсетеді.
Дүйсенбі күні "Московский Комсомолец" басылымы Старченко "Локомотивтен" кететін шабуылшы Александр Свитовтың орнын басуы керек. Ал, Свитов өзінің алғаш рет спорттық мансабын бастаған Омбының "Авангардына" қайта оралуға шешім қабылдаған, - деген ақпарат жарияланған еді. Бірақ, "Барыстың" баспасөз қызметі Роман Старченко туралы әзірге ешқандай нақты ақпарат берген жоқ.
Сонымен қатар биыл "Барыстан" шабуылшы Корбэн Найт пен қақпашы Эдди Паскуале де кететін болды. Бұл жайлы хоккейшілердің агенті Алеша Пилко 27-сәуір күні хабарлаған еді. Алайда, клуб басшылығы аталған ойыншылардың командамен жасалған келісім-шарттары 30-сәуірге дейін екенін еске салды.
Ермұхамед Мәулен