Құрама Түркістанда ойнайтын болды

3930

Түркістанда футбол аренасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол Алматының Орталық стадионы мен "Астана-Аренадан" кейінгі  ұлттық құраманың матчтарын өткізетін футбол аренасы болмақ.

Құрама Түркістанда ойнайтын болды

Қазақстан футбол федерациясы УЕФА-ның инфрақұрылым талаптарына сай бақылау орнатып келеді. Мамыр айынан бастап Қазақстан футбол федерациясы еліміздегі стандиондарды онлайн режимде тексерді. Сонымен қатар ҚФФ-ның лицензиялау және аттестация департаментінің директоры Ержан Мұсабековтың айтуынша құрылысы аяқталмаған спорт нысандары да қашықтықтан тексеруден өтуде. Солардың бірі Түркістанда салынып жатқан жаңа стадион. "Түркістан қаласында жаңа стадионның құрылысы жалғасуда. УЕФА талаптарына сәйкес салынып жатқан арена құрлықтың үшінші категориясына есептелген. Бұл стадионда еурокубок ойындары мен еліміздің құрама командаларының ойынын өткізуге болады", - дейді Ержан Мұсабеков.

"Күз-көктем жүйесімен жарыс өткізетін елдермен салыстырғанда, біздің елде Еуропаның клубтық турнирлеріне қатысу үшін сертификат алатындар өткен маусымда анықталды. Сол себепті бұл командаларды еурокубок ойындарына қатысуға рұқсат беру үшін лицензиялау процесі ерте басталды. Бұл бағыттағы жұмыс қашықтан атқарылып жатыр. Карантин басталғанға дейін құжаттарын жеткізе алмаған футбол клубтары электронды құжат алмасу және онлайн-конференция арқылы жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта жиналған құжаттарды сараптамадан өткізіп жатырмыз. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының өкілдерімен бірлесе жұмыс атқарылуда.

Футбол клубтарымен қатар, ресми жарыстарды қабылдайтын спорт ғимараттары да лиценцизялау процесінен өтеді. Олар ішкі және халықаралық жарыстардың талаптарына сай болуы тиіс.

Жақында бірқатар стадиондарда қайта жөндеу жұмыстары жалғасын тапты. Мәселен, елордалық "Астана Арена", қарағандылық "Шахтер" және павлодарлық "Орталық" стадиондарда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл спорт ғимараттарында ойын алаңын ауыстыру жұмыстарымен ерекшеленеді. Барлығында ФИФА талабына сәйкес жасанды алаң төселеді. Сонымен қатар, "Астана Арена" стадионында автоматты суару жүйесі орнатылады. Ал, "Шахтер" стадионында бұрын болмаған жасыл алаңды жылыту қондырғысын орнату жоспарланған. Павлодар қаласында спорттың өзге түрлері үшін де жағдай жасалуда. Таяуда орталық стадионда жаңа жүгіру жолақтары пайдалануға беріледі.

Футбол ойындарын қабылдайтын басқа да стадиондар да талапқа сай болуы үшін бақылаудан өтеді. Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның газоны, трибунасы мен сыртқы келбеті өзгермек. Ақтөбе және Талдықорған қалаларындағы стадиондар да олқылықтарын жойып, пайдалануға беріледі", - деді ҚФФ-ның лицензиялау және аттестация департаментінің директоры.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу