Қазақстан құрамасы сияқты биыл да әлем чемпионатының элиталық дивизионында өнер көрсететін беларуссиялықтар (екі команда да 2019 жылы Нұр-Сұлтанда жолдама жеңіп алды, ал былтыр пандемияға байланысты әлем чемпионаты тоқтатылды) Қазақстан астанасына ойыншыларының мықты құрамын әкелген жоқ. Жарыс қожайындары бастапқыда "Барысты" түгелдей дерлік "Kazakhstan Hockey Open" турниріне қатысады деп жариялады. Бірақ кейін ұлттық құраманы да, "Барысты" да жаттықтыратын Юрий Михайлис астаналық команданың ең мықты ойыншыларына осы турнир барысында демалыс алуға мүмкіндік алатынын мәлімдеді.
Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары шындығында да беларусиялықтарға қарсы өткен матчқа ең үздік ойыншыларды шығарған жоқ. 10 ақпанда айдынға Роман Старченко да, Никита Михайлис те, Қазақстан ұлттық құрамасында ойнаған легионерлер де шықпады.
Дегенмен ойын барысында бірінші кезеңде Қазақстан құрамасының еікінші құрамы Беларуссия құрамасының екінші құрамына қарағанда әлдеқайда күшті болып шықты. Кездесудің 9-минутында айдын иелері 18 секундтық айырмашылықпен қонақтар қақпасына қатарынан екі гол соқты. Гол авторлары Егор Петухов пен Павел Акользин.
"Ұзақ жолдан кейін біраз мәселелер туындады. Біз түнде жеттік. Таңертең конькимен сырғанамадық. Алғашқы он минут бейімделуге кетті, ал қарсыластарымыз дәл сол уақыт аралығында алға шықты, - деді бірінші кезеңнен кейін беларуссиялық қорғаушы Андрей Антонов. - Енді кезеңнің соңына қарай біз үйреніп кеттік. Қарсыластарымызды ереже бұзуға мәжбүрлей бастадық. Біз одан әрі жақсы ойнай бастаймыз", - деп қоса кетті Антонов.
Екінші жиырма минуттың басында Беларуссия құрамасының шабуылдары ойынның алғашқы бөлігіне қарағанда әлдеқайда тартысты болып көрінді. Бірақ гол соғылмады. 39-минутта қазақстандық команда 4: 0 есебімен алға озып кетті. Кирилл Панюков 30-шы минутта қарсыластар қақпасынан саңылау тапса, ал Әлихан Әсетов тоғыз минуттан соң тағы бір гол соғып, айдын иелері айқын басымылықпен алға шықты.
Бірақ, қазақстандық команда бұл есепті кездесу соңына дейін ұстап тұра алмады. 47-минутта Минскінің "Динамосының" шабуылшысы Иван Дроздов алаң иелерінің қақпасына гол соқты. Қонақтар осыдан кейін күшейе түсті. Бір минуттан кейін беларуссиялықтардан Евгений Ногачев Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысынан айласын асырды. Бірақ 30 секундтан кейін Панюков осы матчта дубль жасап, кездесуге нүкте қойды. Нәтижесінде кездесу 5: 2 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды.
Енді Қазақстан құрамасы 12 ақпанда Ресей құрамасымен кездеседі. Егер ресейліктер беларуссиялықтарды бейсенбі күні жеңсе, Қазақстан-Ресей ойыны Kazakhstan Hockey Open турнирінің алғашқы бейресми финалы болмақ.
Ермұхамед Мәулен