Еурокубок жарыстарын тамашалап жүрген қазақстандық футбол жанкүйерлеріне "Базель" командасын таныстырудың қажеті жоқ шығар. Аталған ұжым 2012/2013 жылғы маусымдағы Еуропа Лигасының жартылай финалисті, топтық кезеңдердің және 1/16 финалдың бірнеше рет қатысушысы болған.
Ойыншыларға келер болсақ, "Базель" командасынан "Қайрат" қақпасына қауіп төндіруі мүмкін ең негізгі ойыншы Артур Кабрал. Себебі ол әр матч сайын гол соғуда. Оған қоса Патрик Раменды да атап өтуге болады. Соңғы матчта швейцариялықтар Бакуде "Карабахқа" қарсы 4-2-3-1 фоматында ойнады. Бірақ, нәтиже шығара алмай, командалар тең тарқасты. Дәл осы жағдай "Қайрат" пен "Омония" арасындағы кездесуде қайталанды. Енді швейцариялықтар өз алаңында жанкүйерлері алдында жеңіске жету үшін барын салары анық.
Кездесудің оңайға соқпайтынын "Қайраттың" бас бапкері де атап өтті.
"Біз "Базельдің" еурокубоктерде тұрақты түрде ойнайтынын білеміз. Бұл алаңда не істеу керектігін білетін тәжірибелі ойыншылардан құралған команда. Клубта 16-17 тең дәрежелі ойыншы бар. Сол себепті бапкер де құрамға әртүрлі өзгерістер енгізе алады. Бізді қиын әрі қызықты ойын күтіп тұр", - деді "Қайраттың" бас бапкері Құрбан Бердыев.
Сондай-ақ алматылық команданың шабуылшысы Хосе Канте Конференция лигасының топтық кезеңіндегі "Базельмен" болатын матч туралы өз ойын ортаға салды.
"Қазіргі футболда ең маңызды дүниелердің бірі - бұл талдау. Біз оны жасадық. Енді қарсыластың мықты, оған қоса осал тұстарын да білеміз. Топтық кезеңде өзімізді көрсетуге мүмкіндік бар. Біз Конференция Лигасындағы әр матчтың маңыздылығын түсінеміз. Сондықтан жақсы өнер көрсету үшін барлығын жасаймыз", - деді Хосе Канте.
Матч 30 қыркүйектен 1 қазанға қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады.
Ермұхамед Мәулен