Құрбан Бердыев: "Бізді қиын кездесу күтіп тұр"

1729

Бүгін футболдан Қазақстан кубогінің финалдық ойыны өтеді. Алматылық "Қайрат" пен қарағандылық "Шахтер" "Астана Арена" стадионында кездеседі. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 20:30-да басталады және Qazaqstan телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Құрбан Бердыев: "Бізді қиын кездесу күтіп тұр"

Кубоктің финалдық ойынына кіру тегін. Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің шешімімен жанкүйерлерді стадионға жіберу ASHYQ қосымшасы арқылы "ЖАСЫЛ" мәртебе болған жағдайда ғана рұқсат етілген.

Кездесу алдында баспасөз мәслихаты өтіп, "Қайрат" командасының бас бапкері Құрбан Бердыев Қазақстан кубогінің финалында "Шахтерге" қарсы өтетін матч жайлы пікір білдірді.

- Сіздерге қарсы қыркүйек айында ойнаған "Шахтердің" қазіргіден айырмашылығы қандай?

- Менің ойымша, "Шахтер" кубокте керемет ойнайтын команда. Олар әр эпизод үшін күреседі және қорғаныс шебін дұрыс құра алатын білікті бапкері бар. Бізді қиын кездесу күтіп тұр.

- Жартылай финалда "Астана" мұншалықты әлсіз ойнайды деп күткен жоқсыз ба?

- "Астананың" негізгі ойыншылары болмады. Әрине, бұл нәтижеге әсер етті. Бірақ Нұр-Сұлтанда өткен бірінші жартылай финалдық кездесуде "Астананың" гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Егер олар мұны пайдаланғанда, әрі қарай не болары белгісіз еді.

- "Базельге" қарсы матчта сіз 5-2-3 схемасымен ойнадыңыз және үш орталық шабуылшыны шығардыңыз. Чемпионат ойындарына қарағанда схеманы сәл өзгерткіңіз келді ме?

- Әңгіме алдыңғы немесе артқы жақта ойнайтын ойыншыларда емес. Чемпионаттағы 5-3-2 схемасы туралы айтатын болсақ, бұл жерде Косович алға жылжитын еді, сондықтан 5-2-3 схемасында ешқандай өзгеріс бола қойған жоқ. Мәселе ойыншылардың осы жүйе аясында өзара әрекеттесуінде. Қайталап айтамын, "Шахтер" – сауатты команда. Бұл қызықты ойын болғалы тұр.

- Пенальти сериясына дайындалып жатырсыз ба?

- Жоқ, дайындалып жатқан жоқпыз. Егер ойыншылар дайындық кезінде соққыларын сәтсіз орындаса, бұл оларға психологиялық тұрғыдан әсер етуі мүмкін.

- "Шахтердің" "Астана Аренада" жаттығып жүргеніне екі аптадан асты, ал сіздер енді ғана келдіңіздер. Бұл қарағандылықтар үшін артықшылық бола ма?

- Бұл артықшылық болады деп ойламаймын. "Карабахпен" болған матчтан кейін "Астанамен" ойнаған кезде де дәл осындай жағдайға тап болдық.

- Турнирдің топтық кезеңінде "Қайрат" көптеген жас ойыншыларға мүмкіндік берді. Шешуші кезеңдерде олардың саны азайды. Болашақта оларда өзін көрсетуге мүмкіндік бола ма?

- Мен клубтың қандай стратегия ұстанатынын білмеймін. Көп нәрсе стратегиялық бағытқа байланысты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу