Курчатов қаласындағы жылу қазандығының 40 пайызы тозған

1206

Қазандыққа көмірді қолмен салады.

Курчатов қаласындағы жылу қазандығының 40 пайызы тозған

Курчатов қаласындағы тұрғын үйлерде жылу азайып, жұрттың шағымы көбейген.

Бұған себеп қаладағы жылу желілерінің ескіргені мен қазандықтың тозуы. 

Абай облысына қарасты Курчатов қаласында он екі мыңнан астам тұрғын бар. Шаһардың жылумен қамтамасыз ету үшін 4 қазандық жұмыс істеп тұр. Десе де, соңғы жылдары жылуға байланысты тұрғындардан түсетін шағым да көбейген. Мұндағы жылу қазандықтарының 40 пайызы тозса, жылу желілерінің 36 пайызы ескірген.

- Үйіміз суық, батареялар аса жылы емес. Сондықтан тоқ пеш қосамыз. Үйде сырқат кісі бар, тоңады. Бұрын тоққа айына 5 мың төлеуші едік. Қазір 15 мың теңге төлеп жүрміз. Бұл бізге тиімсіз, қалтамыз көтермейді. Жылудың қуаттылығын арттырса, үйіміз жылып кетуші еді, - дейді қала тұрғыны Гүлбақыт Қамытбаева.

Тұрғындардың айтуынша, әр ықшамауданға жылу әртүрлі беріледі екен. Кейбірінің үйі жылы, кейбірі суық. Десе де, үй иелері қалаға жаңа жылу қазандығының салынуы қажет екендігін айтады. 

- Қаладағы таныстарымыз үйлерінің суықтығын жиі айтады. Бірақ біздің үйіміз жылы. Мүмкін жылу әртүрлі берілетіндіктен болар. Байқауымша, қалада жылу мәселесі өте өзекті. Шаһарымыз үлкейіп келеді. Жаңа қазандық салатын кез жетті деп ойлаймын. Әрине, барлық тұрғын үй жылы болса дейміз. Алайда бір үй жылы, бір үй суық. Бұлай болмайды ғой. Сондықтан осында жаңа жылу орталығы салынса жақсы болар еді, - дейді қала тұрғыны Айжан Ілесқызы.  

Курчатовтағы коммуналдық кәсіпорынның басшысы Айдын Нұрлановтың айтуынша, қала бойынша күніне 140 тонна көмір жағылады екен. Өкініштісі, жұмысшылар қазандыққа көмірді техникамен емес, қолмен салады. 

- Қала бойынша күніне 140 тонна көмір жағамыз.Оның бәрін қолмен лақтырады. Өте ауыр жұмыс. Қолмен емес, автоматты түрде көмір беретін жылу нысаны керек, - дейді коммуналдық кәсіпорынның басшысы Айдын Нұрланов. 

Қалада 78 көп қабатты үй мен 44 әкімшілік ғимаратқа қызмет көрсететін 4 қазандық бар. Негізі төртеуі сағатына 34 гигакалория жылу беруге тиіс. 

- Бұл көрсеткіш бізде - 23 гигакалория. Демек, қазандықтар 65%-ке ғана жұмыс істеп тұр. Осының кесірінен шаһарда әлеуметтік нысандар салуды шектеп отырмыз, - дейді Курчатов қаласының әкімі Олег Чугунков. 

Қала әкімдігінің есебінше, жылу орталығын салуға 10 миллиард теңге қажет. Орталықты тұрғызу моноқалаларды дамыту жоспарына да енген. Соған сәйкес нысан 2025-2026 жылдары салынуы мүмкін.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу