Күрес түрлерінен еліміздің үздік балуандары марапатталды

73

Жыл қорытындысы бойынша табысты еңбек еткен спортшыларға сый-құрмет көрсетілді. 

Күрес түрлерінен еліміздің үздік балуандары марапатталды

Қазақстан күрес федерациясының жалпы жиналысы аясында ел спортының дамуына сүбелі үлес қосқан үздік балуандар мен сала ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Жиында халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен күрес спортының өркендеуіне еңбек сіңірген мамандарға айрықша құрмет көрсетілді.

Ересектер арасындағы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали "Құрмет" орденімен марапатталып, Астана қаласынан үш бөлмелі пәтерге ие болды. Сондай-ақ белгілі балуан Нұрқожа Қайпанов та "Құрмет" орденімен және 3 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды. Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болды.

Рәсім барысында күрес спортының дамуына жылдар бойы еңбек сіңірген ардагерлер – Болат Нұрмұхамбетов, Қобланды Шакиров, Абуталип Аманов, Валерий Лукьянов, Яркам Абылғазин, Ахат Мұхаметжан, Саржан Жақсыбеков, Ильдар Гафаров ведомстволық наградалармен марапатталып, ерекше құрметке бөленді.

Сонымен қатар федерация шешімімен соңғы жылдары халықаралық және ұлттық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға ақшалай сыйақылар табысталды. Атап айтқанда, Ризабек Айтмұханға – 3 миллион теңге, Жәмилә Бақбергенова, Шұғыла Өмірбек, Едіге Қасымбекке – 2 миллион теңгеден, ал Мадхия Усманова, Қуанышбек Жанажол және Бекасыл Асамбекке – 1 миллион теңгеден сыйақы берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу