Күресінге кететін үй тұрғындарының өмірі күрсінумен өтуде

2215

Тұрғын үйлері "апатты" деп танылған кейбір отбасы әкімқаралардың ісіне наразы. Олар "билік күштеп көшіру арқылы қала ортасындағы майшелпек жер учаскесін босатып алуға ниетті" деп тұспалдайды. 

Күресінге кететін үй тұрғындарының өмірі күрсінумен өтуде

Қазақстанда 18,1 мың бірліктен астам көппәтерлі тұрғын үйдің тозығы жеткен. Ал 1,4 мыңға жуық көпқабатты үй қалпына келтіруге келмейді, қауіпті, апатты жағдайда. Олардың бәрі сүрілуі керек. Алайда бұрыннан жолға қойылған, барлық тетіктері мен рәсімдері кемеліне келтірілген осы үрдіс тұрғындарға проблема әкеліп жатқаны белгілі болды.

Павлодар тұрғыны Ксения Андреевна оқушы қызымен және 73 жастағы әжесі Аннамен бірге қаланың "Железнодорожная" көшесіндегі ескі үйлердің бірінде, 61 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. "Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім" дегендей, әбден бауыр басқан баспанасын Павлодардың жаңа шағынауданындағы жаңа үйден артық көреді. Содан жергілікті шенеуніктер осы көшедегі тұрғын үйлерді "апатты" деп танып, күресінге жіберуге шешім қабылдағанын естігенде, олар төбесінен жай түскендей сезімде болыпты.  

"Павлодар қаласы әкімдігі бізден коммуналдық тұрғын үйге мұқтаж адамдардың кезегіне тұруды талап етіп жатыр. Солай жасасақ, меншігіміздегі мүліктен бас тартуымызға тура келеді. Әкімқаралар 2021 жыл бойы бізді үйімізден мәжбүрлеп кетіруге күш салуда. Тұрғын үйді "апатты" деп жариялап, тұрғындардың басым көпшілігін уақытша баспаналарға шығарып тастады. 1 жыл сонда тұра тұрыңдар, сүрілетін үй орнына салынатын жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер аласыңдар депті. Бірақ біздің қалада әлі бірде бір үй мерзімінде іске қосылған емес! Адамдар әкімдік уақытша жалдайтын баспаналарда жылдап тұрады", – деп шағымданады Ксения.

"Железнодорожный" көшесіндегі тұрғын үйлерді жергілікті атқарушы орган 2021 жылы "апатты" деп таныпты. Бұл ретте жергілікті шенеуніктер 2017 жылғы 18 шілдедегі №ТО78/17 техникалық қорытындыны басшылыққа алып отыр.

Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің дерегінше, Чкалов-Сұрағанов-Бакинский-Павлов көшелері шегіне кіретін аумақ – "көпқабатты тұрғын алабының құрылысын жүргізуге арналған резерв" болып табылады. Бүгінде ол жер қандай құрылыс компаниясына берілетіні белгісіз. Бұл ауданда 11 үй апатты деп танылды.

"2017 жылы сараптама жүргізуге ешқандай заңды негіз болған жоқ. Оған мүліктің меншік иелерінің де келісімін алмаған. Неге бұл үйлердің апаттылығы 4 жыл өткенде, пандемия кезінде өзекті бола қалды? Бұл жағы жұмбақ. Қаланың ортасындағы майшелпек жер кімге, не үшін қажет болып тұрғаны беймәлім. Сол үшін тұрғындарды меншігіндегі мүлкінен айыруға бола ма? Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бәрінің тозығы жеткен. Бірақ шектеусіз әрі қарай пайдаланылуда. Біз 2018 жылғы тамызда ұзақ тұрып келген осы баспанамызды жекешелендірдік, сонда мемлекеттік тіркеу кезінде үйдің апатты жағдайы туралы ештеңе айтылған жоқ", – дейді Ксения Андреевна.

Әкімдік оның отбасына жаңа үйдің 9-шы қабатындағы пәтерде уақытша тұруды ұсынған. Бұған олар келіспеді. Енді жылуы да, суы да жоқ ескі баспанасында тіршілік кешуге мәжбүр: үй жылудан ажыратылғандықтан су құбырлары қатып қалған. Көшкен тұрғындар пәтерлеріндегі радиаторларына дейін кесіп әкетіпті. Бос қалған үйлерді морадерлар, кезбе-қаңғыбастар жайлай бастаған. Ал Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі жұртта қалған бірлі-жарым тұрғынға "жекеменшіктегі үй-жайдың жылу жүйесін бюджет қаражаты есебінен қалпына келтіру мүмкін еместігін" мәлімдеді.

Үй апатты деп танылуы үшін тұрғындарға шығындалуға тура келеді

Әбден жарамсыз күйге жеткен, құлағалы тұрған үйлер әр өңірде жетеді, дегенмен кейбірінің тұрғындарына үйдің күресінге жіберілуін ұзақ күтуге тура келеді. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы М. Тынышпаев көшесіндегі апатты үйлердің тұрғындары қаланы реновациялау бағдарламасының игілігі бұл жаққа қашан жетеді деп зарыға күтіп жүр.

"Біздің көшемізде екіқабатты 8 үй бар. Әрбір үйде 8 пәтерден. Бұл үйлерді кезінде, 1956 жылы неміс тұтқындары тұрғызыпты. Үйлерде не ыстық су жоқ, не қолайлы жағдайлар жасалмаған. Үй ішінде суға түсе алмаймыз. Тұрғындар үйді өз күшімен жыл сайын жөндейді. Бірақ үйлер одан әрі қирауда, шатырларынан үнемі су ағады. Әкімдік апатты үйлерімізді сүру мәселесін шешсе дейміз. Болмаса, жөндеуге жәрдемдессе жақсы болар еді", – дейді тұрғындардың бірі Наталья.

Ақтөбе әкімдігі бұл – тұрғындардың өз проблемасы дегенге келтірді.

"Заңнама бойынша үйді тозығы жеткен немесе апатты деп тануға жергілікті атқарушы органның құқығы жоқ. Бұл үшін тұрғындардың өзі лицензиясы бар мамандардырылған ұйым арқылы үйге толық техникалық зерттеу жүргізуі және ресми қорытынды мен үйді ары қарай пайдалануға ұсыным-рекомендация алуы қажет. Егер үй апатты деп танылса, тұрғындар мемлекеттік қордан баспана алу кезегіне тұра алады. Егер қаражатының жоқтығына байланысты тұрғындар өз бетінше үйге техникалық зерттеу жүргізе алмаса, онда тиісті жұмыстарды қаржының бөлінуіне қарай бюджет есебінен жүргізуге болады", – деп түсініктеме берді Ақтөбе қаласының әкімдігі.

Сөз болып отырған "Жилгородок" шағынауданындағы бірқатар ескі үйге "Қазхром" ТҰК" АҚ-ының демеушілік қаржысына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бірақ ол ақша бәріне жетпейтін көрінеді. Сондықтан әкімдік жеке инвесторларды тарту мәселесін пысықтап жатқан көрінеді.

"Егер инвесторлар қызығушылық танытса, олар Тынышпаев көшесіндегі тозған үйлерді күресінге жіберіп, тұрғындарды жаңа пәтерлерге көшіру жұмыстарын жүзеге асырады. Сондай-ақ тұрғындар "Нұрлы жер" мембағдарламасы бойынша өз үйлеріне жөндеу жүргізе алады. Бірақ бұл бағдарламаға қатысу үшін жалпы жиналысында тұрғындардың үштен екі бөлігі келісімін беріп, хаттамамен бекітуі шарт. Сонда пәтер иелері мемлекеттен пайызсыз несие алып, оны 10 жыл ішінде қайтаруға тиіс", – деп мәлім етті әкімдік.

"Апатты баспаналарын арзанға беруге әзір"

Апатты үйлер мәселесі ең ірі мегаполисімізде де өткір тұр. Мысалы, Алматы қаласының Әуезов ауданының Сүлейменов көшесінде орналасқан бірнеше тұрғын үйдің тұрғындары арыздануда.

"Үйлеріміз апатты жағдайда, себебі олар 1960 жылы іші қамыспен толтырылған каркастан жасала салынған. Ылғал жинайтындықтан үйдің төбесі мен қабырғалары, бүкіл сантехника шіріп кетті. Көшемізде, бізден жоғарыдағы үйлерді "BI Group" күресінге жіберуде. Бірақ олардың жай-күйі біздікінен жақсы, кірпіштен соғылған үйлер еді. Осы іспен айналысатын "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгіндік. Ол болса, "BI Group"-тен әлденені күтіп отыр, соларға сілтейді. Құрылыс холдингіне де бардық, оның өкілдері: "егер әкімдік сіздерді уақытша үйлерге көшірсе, онда үйлеріңізді біз сүреміз" дейді. Егер компания сүрмесе, мемлекеттің сүруін ондаған жыл күтуіміз қажет", – деп қапаланады тұрғын Ерлан Райымжанов.

Апатты үйлерде апат та жиілейді. Таяуда үй ішіндегі құбырлар жарылып, екі үй біраз уақытқа жылудан ағылытылып тасталған. Тұрғындардың бір бөлігі баспаналарын арзанға бере салуға дайын отыр. Қалғаны оның орнына салынатын жаңа үйден пәтер берсе, соған риза болмақ.

"Алматы" ӘКК" АҚ-ының түсініктемесіне жүгінсек, қазіргі кезде Алматы қаласында 2 қабаттан тұратын 1 400-ден астам тозған үй бар.

"Мегаполисіміздегі тозығы жеткен тұрғын үйлер проблемасын шешу үшін биылғы 19 ақпанда "2021-2025 жылдарға арналған Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы" бекітілді. Оның аясында қалада екіқабатты 708 тозығы жеткен үйді немесе 6 637 пәтерді сүру жоспарланған. Сөз болып отырған үйлер бағдарлама аясында күресінге жіберілетін үйлер тізіміне кіреді. Олардың орнында Сүлейменов, Жандосов, Рысқұлбеков көшелерін бойлап, көппәтерлі тұрғын үй алабы салынады. Жобаны жеке инвестор жүзеге асыруда. Бірақ Сүлейменов көшесіндегі аталған №8, 10 үйлердегі тұрғындарды көшіру 2025 жылдан ерте болмайды", – деп хабарлады "Алматы" ӘКК.

Әйткенмен "Алматы" корпорациясы тозған үйлерді сүруді жылдамдату үшін әлгі үлкен жобаны бөлшектеп, қалған бөлігіне қосымша инвестор іздеу мәселесін қарастыруда екен. Әйтпесе, 2025 жылға дейін реновация бағдарламасы да бітпек.

Демек апатты үйлердегі тұрғындарға үміттену қалады.

Осы орайда Азаматтық кодекстің 189-бабына сәйкес, "меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығын өзі көтеретінін" және бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты басқаға ауыстыра алмайтынын еске сала кеткен жөн. Ендеше үйлер апатты жағдайға дейін жетпеуі үшін тұрғындар мен коммерциялық мүлік иелері оны күтіп ұстауға қазірден барынша мән бергені жөн. Әйтпесе, апатты үйлер мәселесі ешқашан шешілмей, онжылдықтарға ұзауы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу