Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда құрғақшылыққа байланысты күріш тапшылығы күтілуде ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Шынымен де, биыл құрғақшылық болды, бірақ барлық өңірлерде емес. Қызылорда облысының әкімдігі хабарлағандай, ондағы күріш дақылдары қуаңшылықтан зардап шеккен жоқ. Жылдық деңгейде қанағаттанарлық өнім күтілуде. Біз оның жартысын ғана тұтынамыз, қалғанын бір бөлігін экспорттаймыз. Сондықтан құрғақшылық салдарынан күрішсіз қаламыз деген қауіп жоқ", - деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шаймерден Ахметов.
Оның айтуынша, Қазақстанның айтарлықтай экспорттық әлеуеті бар. Отандық ауылшаруашылық өнімдерін Ресей мен Үндістандағы экспорттың тоқтауына байланысты пайда болатын жаңа нарықтарға жіберуге болады.
"Бірақ бәрі бағаның қандай болатынына және біздің өндірушілер үшін қай жерде тиімдірек болатынына байланысты", - деп қосты Ахметов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су тапшылығы мен егіннің азаюын ескере отырып, күріш бағасы қымбаттауы мүмкін деген болжамымен бөліскен.