Құрқұлтайдың ұясындай "Тұлпар-Тальго" вагондары жаңа сертификат алды

14160

"Тұлпар-Тальго" зауытынан шыққан алғашқы кең пойыз әзірше Астана мен Алматы арасында ғана қатынайды.

Құрқұлтайдың ұясындай "Тұлпар-Тальго" вагондары жаңа сертификат алды

2011 жылы "Тұлпар-Тальго" жүрдек пойызын шығаратын зауыт іске қосылғанда, қазақ елі қатты қуанғандай болып еді. Себебі, жолға кететін уақыт азайды деген үміт жылт етті. Үдемелі өнеркәсіптік-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған "Тұлпар-Тальго" жолаушылар пойызы вагондарын шығаратын зауыт ТМД елдері бойынша баламасыз, сондай-ақ халықаралық сапалық көрсеткіштерге сай жобаланды.

Бірақ, ҮИИД бағдарламасының өзге де көптеген жобасы сияқты, "Тұлпар-Тальго" сәтсіздіктерге ұшырап келеді.

Әуел баста, зауыт іске қосылған 2011 жылы, ең алғашқы пойыз араға екі жыл салып жолға шыққан болатын. Жүрдек пойыз билетінің бағасына да халықтың қатты қынжылғаны жұмбақ емес. Кейін, "Жолаушылар тасымалы" АҚ Тальго пойызына жаппай жеңілдік енгізе бастады. Ең алғашқы жүрдек пойыз Алматыдан Атырауға қарай 2013 жылдың 8 мамырында жолға шықты. Көп ұзамай 2013 жылдың 1 қазанынан бастап компания Тальго пойыздарына жеңілдіктер жариялады. 2014 жылы да жеңілдіктер таусылған жоқ.

2014 жылдың маусымында компания тағы да "Тұлпар-Тальго" пойыздарының "Гранд" және "Бизнес" вагондарында жол жүру бағасына жеңілдік енгізді. Себебі, жеңілдіксіз бағаны қарапайым тұрғынның қалтасы көтере алмайтын. 2014 жылдың тамызында тағы жеңілдік жасаған компания сол жылдың желтоқсанынан бастап біржола дисконтты жеңілдікке ауысты. Яғни, жолаушы тарту үшін бірнеше жыл қатарынан жеңілдік жасауға жалықпады.

Пойыз билетінің бағасынан кейін, оған адам сыймай тағы шу шықты. Тұлпар-Тальго вагондарының тарлығы соншалық, бойы 160 см биік адам жүрдек пойыздың дәретханасына сыймайтын.

Мысалы, Қазақстандағы ММ федерациясының президенті Анатолий Ким қазан айында "Тұлпар-Тальго" пойызына отырған. Пойыздың тазалық бөлмесіне әрең сыйып тұрған спортшы "Тальго" пойызының қандай екенін көрем десеңіздер, мінекей" деп жазған еді. Бұл сурет әлеуметтік желіде желдей тарап, әзіл-шыны аралас әңгімелерге түрткі болған.

Сол уақыт аралығында "Қазақстан темір жолы" компаниясы "Тұлпар-Тальго" вагондарын кеңейтеміз деп бірнеше рет уәде берген еді. Бірнеше жылғы уәденің аясында биыл күзде "Қазақстан темір жолы" компаниясы "Тұлпар-Тальго" зауытының кең кузовты жаңа модификациялы жолаушылар вагонын ең алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеткен болатын.

Бүгін міне, компания кең вагондар Кеден одағының сертификатын алғанын хабарлады.

2016 жылдың 29 қарашасында "Тұлпар-Тальго" зауытында Қазақ елінің өндірісінен шыққан кең модификациялы жолаушы вагондарына Кеден одағының "Темір жол жылжымалы құрамының қауіпсіздігі туралы" Техникалық талабы регламентіне сәйкес сертификаты табыс етілді.

"Аса жайлы вагондар жолаушы тасымалы жүйесін дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы аясында шығарылып жатыр", – деп атап өтті "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ вице-президенті Еркін Жусанбаев.

Осылайша, вагондардың ені, санитарлық-гигиеналық бөлмесі жүрдек пойыз жолаушыларының кіріп-шығуына барынша қолайлы етіліп кеңейтілген көрінеді. "ҚТЖ" компаниясы вагондардың енін 25 сантиметрге, вагон биіктігін тағы 22,4 сантиметрге, пойыз дәретханасының 1,8 есеге кеңейтеміз деп уәде берген болатын.

Жалпы, Қазақстандағы Тальго вагондардың барлығы 2020 жылға дейін осы стандартқа ауысады деген болжам бар. Мұндай кең вагондары бар пойыз әзірге тек Астана мен Алматы арасында ғана қатынайды. Қалған аймақтардың жолаушылары әзірге қысылып жүре тұрмақ...

Кенжекей Тоқтамұратқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу