"Құрметті азамат" атағы төңірегінде шу шықты

21385

Билік құрметтеп жүргендер құрметке лайық па?

"Құрметті азамат" атағы төңірегінде шу шықты

Адамның бәрі бірінші орынға байлықты қоя бермейді. Ар-ұжданы бар кісі ең алдымен құрмет жайын ойлайтыны мәлім. Тіпті арам жолмен байыған немесе қарау жолмен билік басына келген жанның өзі уақыт өте келе, ел құрметіне бөлену жайында мазасыздана бастауы мүмкін.

Хадисте үлкенді ізет тұтпаудың және жасы кішіні есіркемеудің мұсылмандыққа жат қылық екені айтылған екен.

"Жақсыға құрмет – жаранға міндет" дейді қазақ даналығы. Алайда кей кезде "біреу басқа, біреу шашқа құрмет көрсетедінің" кері келіп жататыны да жасырын емес.

Билік басындағы тұлғалар да өз марапаттары арасында дәл осы қасиетті, қастерлі сөздің болуын қалайтыны аңғарылады. Мысалы, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, сондай-ақ Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және басқасы – "Құрмет" орденінің иегерлері.  

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов 2005 жылы "Қазақстан Республикасының жер қойнауын Құрметті барлаушы" атағына ие болды. ШҚО әкімі Даниал Ахметов 1986 жылы "Құрмет белгісіне" қол жеткізіпті.

Бұған қоса, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылы Президент жарлығымен "Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен" 553 адам марапатталды. Бұл алғыс хат шенеуніктер мен кәсіпкерлердің барлығында дерлік бар.

Қарапайым бұқараның басым бөлігі министрлердің, әкімдердің, ведомство басшыларының, ол болмаса, жұмыс берушісінің құрмет грамотасынан ғана үміттене алады.

Дегенмен өз өңірінің қандай да бір саланың дамуына сүбелі үлес қосқан қатардағы қазақстандықтар үшін салмақты марапат бар, ол – "Құрметті азамат" атағы. Бұл атақты әкімдер жыл сайын ондаған адамға тапсырады.

Жанжал: ауданның жасы үлкені мерейтой қошеметінен қағылыпты

Еліміздің қос бас қаласының құрметті тұрғыны атану қиын көрінеді. Қазіргі кезде 56 адам – Нұр-Сұлтан қаласының, сонша адам – Алматы қаласының "Құрметті азаматы". Ондағылардың басым көпшілігі – елге белгілі, ортасына сыйлы, халық таныған азаматтар.

Өңірлерде мұндай марапатты беру мүмкіндіктерінің диапазоны кең облыстың, қаланың, ауданның құрметті азаматы атақтары үлестіріледі. Дау осы тұрғыда туып жатады.

Айта кету керек, биыл, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев Ұлы Отан соғысының ардагері Асылбек Дәулетов пен Токио паралимпиадасының алтын медаль иегері, әлем чемпионы Давид Дегтеровке ғана өз қолымен "Ақмола облысының Құрметті азаматы" атағын беріп, награданы табыстады.

Осы орайда облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа және Ақмола облысының мәслихатына Қорғалжын ауданының тумасы Жұлдыз Бейсенбековадан шағым түсті. Ол азаттықтың 30 жылдығына орай "Құрметті азамат" атағын беруде әділетсіздік болды деген сенімде.

"Қазақ қариясымен мақтанған, қариясы бар үй қазыналы деп қарттарын ренжітпеген халық еді. Ал менің атам Бейсенбек ауданымыздағы ең жасы үлкен қариясы. Алла жазса биыл 97-ге келеді. Бірақ өкінішке қарай аудан басшылары оны тағы елеусіз қалдырды. Себебі "Ауданның құрметті азаматы" марапатына құжаттарын тапсырдық. Әне-міне, атамыз марапатталады деп отырғанда басшылар ол атақты мазақ еткендей басқа адамға тапсырып қойыпты. Біздің наразылығымызды түсінбек тұрсын, тіпті тыңдағысы да келмеді", – дейді ол.

Д. Мұқатов байланыс саласында 40 жыл еңбек еткен маман. "Еңбек Қызыл Ту" орденімен наградталған. "Құрметті радист", "Еңбек ардагері", "Тыл еңбеккері" медальдары мен атақтары бар көрінеді.

Артықшылықтары жоқ атақ

"Осындай атақ-абыройға ие қарияны "Құрметті азамат" болуға лайық емес деп танып, оның орнына осыдан бірнеше жыл бұрын аудан әкімі болып, кетіп қалған Сұлтан Қасеновті бұл атаққа лайық санауын әділетсіздік деп санаймын. Өйткені ол кісі Қорғалжыңда небәрі 3-4 жыл ғана қызмет атқарды. Оны 2011 жылы облыс әкімі Сергей Дьяченко өз өкімімен жұмыстан босатып, құрметсіз кеткен адам еді. Ауданымыздың тумасы емес. Ауданымыздың дамуына салмақты үлес қосқан жан да емес! Сондықтан бұған мен ғана емес, қорғалжыңдықтардың біразы наразы деп ойлаймын", – дейді Жұлдыз Бейсенбекова.

1956 жылы туған Сұлтан Қасенов 2006 жылы өткен әкімдер сайлауында аудандық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болып, Қорғалжың ауданының тарихындағы алғашқы сайланған әкімге айналды. Алайда ол сайлау тікелей емес, жанама негізде өткен болатын. Соған дейін ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің Степногор қаласының аумақтық басқармасының бастығы болды. Степногор тұрғыны. Еңбек жолын 1981 жылы Зеренді ауданының "Ленин жолы" совхозында ветеринарлық дәрігер болып бастаған, біраз жыл сол салада қызмет еткен. Әкімдіктен кейін Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып істеген. 2012 жылы АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспециясының бастығы болып тағайындалды.

Ж. Бейсенбекованың айтуынша, мәселе атақта емес, атасына құрмет көрсетілмеуінде. Тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосқан маманға, әрі аудандағы жасы үлкен ақсақалға тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойында қошемет көрсеткенде, жергілікті әкімқаралардың өзіне де бедел болатын еді. Енді міне, дау-жанжал аймақ басшысына дейін жетіп, ушығып кетті.  

"Атаның мүддесін қорғайтын біз бармыз, бізбен бірге Қорғалжың тумалары бар" деген арыз иесі облыс әкімінен осыған жол берген шенеуніктерге шара қолдануды сұрапты.

Шағым иесіне жауабында жергілікті шенеуніктер қарияның ол атақты келесі жылы алатынын хабарлапты. Жасы жүзге таяған қартқа сол мерейлі күнге жетуіне қуат берсін. Өйткені бұл атақ Қазақстан азаматтарына тірі кезінде ғана беріледі.

Аталған атақты аудан әкімінің ұсынысы бойынша мәслихат береді, жылына бір рет, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында салтанатты түрде табысталады.

Атақ алған тұлғаларға куәлік пен төс белгі тапсырылады. Бұл атақ иелерінің есімі жергілікті мәслихаттың аппаратында сақталатын ауданның не қаланың Құрметті азаматтарының кітабына хронологиялық тәртіппен енгізіледі. "Құрметті азаматтар кітабына" фотосуреттері, еңбектері де жазылады.

Өзге өңірлерден айырмашылығы сол, Ақмола облысының және оның аудандарының, Көкшетау, Степногор қалаларының "Құрметті азаматы" атағы ешқандай материалдық артықшылық пен жеңілдік бермейді. Яғни ол кейінгі ұрпақтары мақтаныш тұтуы үшін керектей.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу