Шығыс Қазақстанда бүтін бір ауылдың мектебі жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. 200 орындық мектепте жиырмаға жетер-жетпес оқушы ғана қалған.
Аталған мектеп көршілес Қытай елімен шекаралас жатқан Күршім ауданы Ақбұлақ ауылында орналасқан. 2018 жылдан бері шағын жинақталған негізгі орта мектеп болып қалған. Яғни бұрынғыдай он бір емес, тоғыз жылдыққа қысқарған. Бірақ ауыл тұрғындары мен жергілікті билік жағдайдың бұдан да төмендеп, бастауыш мектеп болып қалу қаупі бар екендігін айтады.
– Өзім осы мектептің түлегімін. Мен оқыған жылдары 700-дей бала білім алатын, тіпті екі ауысыммен оқытатын. Қазір даңғарадай мектеп бос қалды. Сол үшін де ауылымызға мектеп жасындағы балалы отбасылар көшіп келсе дейміз. Бос тұрған үйлер көп. Көшіп келемін деушілер болса, баспанамен, отынмен көмектесеміз, – дейді Ақбұлақ ауылының әкімі Ержан Рамазанұлы.
Мектептің оқытушылары бала санының аздығына байланысты, сыныптарды біріктіріп оқытуға мәжбүр.
– Мектеп үлкен, 200 бала сияды. Бірақ қазір жиырмаға толар-толмас бала қалды. Бала саны аз болғандықтан сыныптарды біріктіріп оқытуға мәжбүрміз. Кадр жетіспеушілігі де бар. Қазіргі таңда он шақты ұстаз бар, – дейді мектеп директоры Сәуле Әскербекқызы.
Оның айтуынша, аудандық білім бөлімі ауылды құртпауы үшін мектептің қазіргі статусын қалдырып отыр.
– Келер жылға дейін оқушы жинау үшін барымызды салып, тырысып келеміз. Негізі динамика 3 жылға деп беріледі, шағын жинақталған негізгі орта мектеп болып отырғалы биыл бесінші жылға кетті. Шынтуайтында бастауыш мектепке де жетпейміз. Бастауыш мектептің өзінде бала саны 40-қа жетуі керек, – дейді мектеп директоры.
Мектептің материалдық-техникалық базасы да ескірген. Жыл сайын жылдық жөндеу жұмыстарын жасағанымен, күрделі жөндеуді қажет етеді.
Ауыл адамдарының бұл жерден көшетін де жөні бар. Себебі жағдай жасалмаған. Аудан орталығынан шеткері жатқан ауылға шенділер шекеден қарап келген. Мысалы, 1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 1 154 адамды құраса, 2009 жылғы санақ бойынша 363 жан қалған. Бүгінде небәрі қырыққа жетер-жетпес үй тұр. Ауылда қаңырап тұрған иесіз үйлер көп.
Бұл ауылға қоныс аударудан бас тартатындардың көбі аурухана жоқтығынан қорқады. Ауылдағы ФАП-та жалғыз медбике бар. Басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті халық 40 шақырым жердегі көрші ауылға барып қаралады. Бір таңқаларлығы шекаралық аудандарды дамытуға бөлінген қыруар қаржының шарапаты бұл ауылға әлі жетпеген сыңайлы. Ғаламтор мен жол, ауызсу мәселесі тағы бар. Тұрғындар жергілікті биліктің ауылға көз қырларын салмаса, ертең иен қалуы әбден мүмкін екенін айтты.