Құрық порты 400 мың тоннадан астам жүк өткізді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3365

Асқар Мамин көлік жолдарына қатысты нақты тапсырма берді.  

Құрық порты 400 мың тоннадан астам жүк өткізді

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ералы Тоғжановпен бірге "Нұрлы жол" бағдарламасы аясындағы жобалардың іске асырылуын тексерді.

Кешеннің бірінші кезегі 2016 жылдың желтоқсан айында іске қосылған болатын. 44 нысан, оның ішінде теміржолдың құрамдас бөлігі пайдалануға берілді, бұл жүк вагондары тиелген паромдарды тәулік бойы өңдеуге жағдай жасады.

"2017 жылдың басынан бастап порт коммерциялық қызмет көрсете бастады, бүгінгі күні 400 мың тоннадан астам жүк түсірілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр", – деп мәлімдеді "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ (ҚТЖ) баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауында Құрық портын салудың екінші кезеңі – автокөлік өткелі құрылысын іске асыру қажеттілігі ерекше аталып өтті.

Қазіргі кезде паром кешенінде автокөлік өткелінің нысандары салынып жатыр. Жүкті көліктен түсіруге мүмкіндік беретін автокөлік пирсіне арналған теңіз айдынында тереңдету жұмыстары іске асырылуда, Батыс және Шығыс қоршау молдарының құрылысы жүріп жатыр.

Жаңа паром өткелі негізгі және құйылмалы жүкті мультимодальді тасымалдауға мүмкіндік береді, бұл транзиттік жүк айналымын едәуір көбейтіп, Каспий арқылы батысқа бағытталған экспорттық әлеуетімізді жоғарылатады.

Құрық паром кешенінің екінші кезеңін іске қосудың арқасында Қазақстанның теңіз қақпасы кеңейеді, ал бұл Транскаспийлік халықаралық көлік бағытының әлеуетін айтарлықтай арттырады.

Сондай-ақ Асқар Мамин облыстағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеу жобасы қалай іске асып жатқанымен танысты.

Қазіргі кезде Маңғыстау облысында бірқатар маңызды көлік жолдарының жобасы іске асырылуда, оның ішінде мыналарды атауға болады: қашықтығы 167 шақырым Ақтау-Шетпе және қашықтығы 60 шақырым Шетпе-Сай Өтпес жолдары, қашықтығы 85 шақырым Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы жолын қайта жасау басталып кетті.

Сонымен қатар биылғы жылдың күзінде қарыз туралы келісім бекітілгеннен кейін қашықтығы 73 шақырым болатын Жетібай-Жаңаөзен көлік жолының бір бөлігін қайта жасау қолға алынады.

Асқар Мамин аталған жобаларды іске асыру мәселелерін қарап, өңірдің көлік әлеуетін арттыру үшін көлік жолдарын жасауды барынша тез аяқтауды тапсырды.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу