Нәтижесінде, 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер ретінде тіркелді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталық сайлау комиссиясы 1 шілдеде сайлауға қатысатын саяси партиялардың тізімін бекітті. Олардың қатарында "Ақ жол" демократиялық партиясы, "Ауыл" партиясы, "Әділет" саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы, Қазақстан халық партиясы және "Respublica" партиясы бар.
13 шілде сағат 18:00-дегі мәлімет бойынша аталған 7 партияның барлығы партиялық тізімдерін комиссияға тапсырды. Кейін құжаттар Конституция мен конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексеру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.
Тексеру аяқталғаннан кейін заң талаптарына сай келетін барлық кандидаттар Орталық сайлау комиссиясында ресми түрде тіркелді.
Тіркеу нәтижесіне сәйкес ең көп кандидат ұсынған партия – "Әділет". Оның тізімінде 186 үміткер бар. Одан кейін "Respublica" партиясы – 75, Қазақстан халық партиясы – 72, "Ауыл" – 69, "Ақ жол" – 63, "Байтақ" – 47 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 33 кандидатты ұсынды.
Партиялық тізімдерге түрлі саланың өкілдері енгізілген. Олардың қатарында депутаттар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар, журналистер, экологтер, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, заңгерлер, сондай-ақ білім, ғылым, медицина, мәдениет, IT және мемлекеттік сектор мамандары бар.
Барлық партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар үшін көзделген 30 пайыздық квота сақталған. Орталық сайлау комиссиясы бұл талап тек тізімдерді қалыптастыру кезінде ғана емес, депутаттық мандаттарды бөлу барысында да орындалуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл санаттағы кандидаттардың ең жоғары үлесі "Respublica" партиясында тіркелді – 50,7 пайыз немесе 38 адам. Кейінгі орындарда "Әділет" – 47,3 пайыз (88 адам), Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 42,4 пайыз (14 адам), "Ауыл" – 42 пайыз (29 адам), Қазақстан халық партиясы – 41,7 пайыз (30 адам), "Байтақ" – 38,3 пайыз (18 адам) және "Ақ жол" партиясы – 34,9 пайыз (22 адам).
Жалпы сайлауға 545 кандидат тіркелді. Құрылтай құрамына 145 депутат сайланатындықтан, бір мандатқа орта есеппен 3,8 үміткерден келеді.
ОСК мәліметінше, кандидаттардың 172-сі – әйел, 373-і – ер адам. Әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы үлесі 43,9 пайызды құрап, заңда белгіленген талапқа сай келді. Кандидаттардың орташа жасы – 45,4 жас
Сайлауалды үгіт-насихат 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады.