Қарағандыда балаларға арналған жаңа аурухана екі жылдан бері пайдалануға берілмей тұр. Ғимараттың құрылысы толық аяқталған, бірақ медициналық құрылғылар орнатылмаған.
Облыстық балалар ауруханасының директоры Арғын Бидайбаевтың сөзінше, жаңа аурухана заман талабына сай ал осыдан 60 жыл бұрын жатақхана болған қазіргі арухананың тозығы әбден жеткен.
"Жаңа ауруханаға көшсек, медициналық қызметкерлердің санын, қызмет көрсетудің түрін көбейтер едік. Бірақ бұл ойымыздың орындалар түрі жоқ, – дейді облыстық балалар ауруханасының директоры.
Қарағандының оңтүстік шығыс ауданында 2013 жылы бой көтерген балалар ауруханасының құрылысы 2015 жылы аяқталуы тиіс болатын. Алайда әлеуметтік маңызы зор жобаға қаржылық дағдарыстың салқыны тиді.
"Нысанға 8 млрд-қа жуық қаржы бөлінді. Шарт бойынша ғимаратты салған мердігер оны медициналық құрылғымен де жабдықтауы тиіс еді. Доллар бағамының өзгеруіне байланысты медициналық құрылғыларды сатып алуға ақша жетпей қалған, – дейді облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Жан Мырзағали.
Айта кетейік, ғимараттың құрылысы мен медициналық құрылғыға жұмсалатын қаржы бір сметада көрсетілген. Ал сметалық құжат доллардың бағамы 145 теңге болған кезде жасалған. Қазіргі уақытта сатып алынған кейбір медициналық құрылғыларды шетелден Қазақстанға өткізу мәселесі де өзекті болып тұр.
"Ғимаратты биыл тапсырамыз деген жоспар бар. Қазір өндірістен шығып қалған кейбір медициналық құрылғыларды сатып алу немесе мүлде алмау жағы қарастырылып жатыр. Өйткені кейбір медициналық құрылғыларды шетелдік компаниялар өндірістен алып тастаған және олар елімізде тіркеуден өтпеген. Мұндай құрылғыны Қазақстанға әкелу мүмкін емес. Бізге тиімді тұсы медициналық құрылғылардың ақшасы төленбеген, елімізге әкеле алмайтын құрылғыларды басқасына ауыстыруымыз мүмкін", – дейді облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Жан Мырзағали.
Ғимаратты тұрғызған бас мердігер "Завод строй" ЖШС-ның өкілдері: "құрылыс басқармасы жобаға түзету енгізіп, медициналық құрылғыға жетпей қалған қаражатты төлесін" деген өтінішпен сотқа арызданған. Алайда бас мердігер сотта жеңіліп қалған.
"Хирургиялық немесе рентген құрылғылары осы уақыт ішінде өзінің тиімділігін жойып алды. Шынын айтайын, дәрігерлерге ескі медициналық құрылғы қажет емес", – деді құрылыс нысанын салушылар қауымдастығының директоры Найля Қайырбекова.
Осындай олқылық пен кемшілікке жол бермес үшін құрылыс компаниялары заңға құрылыс шығыны мен ғимаратты жабдықтауға жұмсалатын қаржыны екі бөлек сметамен есептеу туралы өзгеріс енгізуді сұрап отыр. Тап қазір қазір мәселе үкіметтің қарауында жатыр.
Арайлым Еркебаева