Құрылыс қалдықтарын шығаруға қатысты шағым көп

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2183

Астанада шағын индустриялық аймақ құру мәселесі қарастырылып жатыр.

Құрылыс қалдықтарын шығаруға қатысты шағым көп

Елорда кәсіпкерлерінің конференциясына қатысқан Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, қаланы құрылыс қалдықтарынан тазалауға қатысты шағым көп. Тәртіп сақшылары қанша күрескенімен, қалаға құрылыс қалдығын шашып жүргендер айылдарын жияр емес. Өйткені мұндай заңсыздық үшін салынатын айыппұл көлемі өте аз. Сондықтан әкімдік жауапкершілікті қатаңдату бойынша ұсыныс енгізбек.

"Лифт қызметіне, көпқабатты үйлер мен жеке хостелдердегі  және мейрамханалардағы өрт қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөлінбек. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметі көлемі 1 500 шаршы метрден асатын сауда нысандарын ғана тексере алады. Бұдан кіші нысандарды тексеруге құқық берілмеген. Бұлай жасайтын болсақ, өзіміз жауапкершілікке тартыламыз. Сол себепті шағын кафелерді, компьютерлік клубтарды, түнгі клубтарды тексере алмаймыз. Бірақ  біз кәсіпкерлердің назарын осы бағытқа аударсақ дейміз. Себебі тұрғындардан келіп түсетін шағымдарға сүйенсек, мұндай нысандардағы қауіпсіздікке әлі күнге дейін жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келеді", – деді Әсет Исекешев.

Әкімнің айтуынша, аталған мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі – мемлекеттік бақылауды енгізу, екіншісі – өзін-өзі реттеу институтымен қамтамасыз ету.

"Өз басым өзін-өзі реттеу тетігін енгізуді қолдаймын. Себебі мемлекеттік бақылау сыбайлас жемқорлыққа бастауы мүмкін. Бизнес қарапайым тұрғындардың талабына сай болсын десек, жедел түрде өзін-өзі реттеу ұйымдарының қауымдастығын құруымыз қажет. Қауымдастық арнайы стандарттарды бекітуі керек. Біз қоғам мен бизнес мүдделерінің арасындағы тепе-теңдікті анықтауға тиіспіз", – деді қала басшысы.                

Сондай-ақ ол коммуналдық кәсіпорындардың көбі бәсекелестік ортаға берілетінін атап өтті.

"Біз қазір мемлекеттік сатып алулардың барлығын отандық сарапшылармен бірге атқарудамыз. Бұл ретте әлі де болса белсенділік керек. Себебі аталмыш сала бұған дейін коммуналдық кәсіпорындардың қарамағында болды. Жеке компаниялар белсенді түрде атсалысуы үшін коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіреміз. Өйткені бұған жұмсалатын қаржының көлемі қомақты", – деді Әсет Исекешев.

Әкімнің айтуынша, қалада бизнеске деген қызығушылық артып келеді.

"Астанада шағын және орта бизнеске негізделген экономикалық құрылым пайда болды. Жалпы экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 57%-дан асты. Бұл өңірлер арасындағы ең үздік нәтиже. Астанада жаппай кәсіпкерлікпен айналысу қанат жайып келеді. Біз ірі мегаполистердің тәжірибесін зерттедік. Осылайша жеке кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беретін 10 секторды анықтадық. Бүгінде 160-тан астам жоба әзірленуде. Биыл 40 жоба жүзеге асырылмақ. Оның 7-і – индустриялық жоба", – деді Әсет Исекешев.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетовтың айтуынша, былтыр бас қалаға тартылған инвестиция көлемі 10%-ға артып, 944 млрд тенгені құраған. Бүгінде елордадағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 100,8 мыңға жеткен. Онда жұмыс істейтіндер саны бір жылда 294 мыңнан 325,2 мыңға дейін артқан.  

"Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі – бизнестің құқығын қорғау. Өткен жылы кеңеске кәсіпкерлерден 312 шағым түсті. Оның 100-і кәсіпкерлердің пайдасына шешілді", – деді Ғани Тасмағанбетов. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда шағын индустриялық аймақ құру мәселесі қарастырылып жатыр. Индустриялық аймақ арқылы 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Шағын және орта бизнес саласында 130 кәсіпорын ашу жоспарланған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу