Құрылыс компанияларын жеке компанияның "құлдығына" түсірген жүйеден бас тартылмайды

1720

Атқарушы биліктің жасанды монополиялармен күрестегі көзбояушылығынан депутаттардың да көңілі қала бастады. 

Құрылыс компанияларын жеке компанияның "құлдығына" түсірген жүйеден бас тартылмайды Фото: "РемонтПола"

Депутаттардың айтуынша, қолына билік тиген кез келген шендінің жаман әдеті бар: жұрттың көзін ала беріп, қажеті жоқ жерде қолдан жасалған монополистерді қаптатып құрады. Олары халықты, бизнесті, бюджетті "сауынды сиырға" айналдырып, ақша сауа бастайды.

Мәжілістің бір топ депутаты "eQurylys" ақпараттық жүйесіне қатысты былықтарға назар аудартып отыр. Жасыратыны жоқ, бұған депутаттардың өзі жол берді: ел Парламенті "ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" қолданыстағы заңға енгізген 2023 жылғы 5 сәуірдегі толықтыруларға сәйкес, қазіргі кезде құрылыс нарығы ойыншыларының бәрі уәкілетті орган айқындаған мемлекеттік ақпараттық жүйені қолдануға міндеттелді.

Бизнес, әрине, бұл құқайға қал-қадари қарсыласып бақты. Бірақ бұл қанды қаңтардан кейінгі "олигархиямен күрес" деген түсініксіздеу шаралар қолға алынған елең-алаң шақ болатын. Үкімет пен оны қолдаған депутаттық корпус тізеге салып, "құрылыс процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет" деп дәйектеп, жаңа талапты қолданысқа енгізді.

Бұл норма күшіне енгенге дейін салада "демократия" болатын: нарық субъектілері мемлекет талап ететін атқарушылық құжаттаманың бәрін электрондық форматта қалыптастыру процесін өздерінің түрлі, төл автоматтандыру сервистері мен өнімдерінде жүзеге асырды: "Шар Құрылыс" ЖШС, BI Group және басқа ақпараттық жүйелер қолданылатын. Алайда 2023 жылдан бастап, шенділер оның бәрін күштеп жойғызды. Енді елде жалғыз ғана ақпараттық жүйе бар, ол – "eQurylys" аталады.

"2022 жылдың қанды қаңтарында Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесу кезінде жасанды монополиялардың кез келген түрі жойылатыны туралы айтты. Сол кезде Мемлекет басшысы жағдайды қысқаша сипаттап, "өтеп алушы-откупщики" деген терминді қолданды. Бұл мемлекеттің экономикалық функцияларын жеке компания ақылы түрде орындауға мүмкіндік алғанда қолданылды. Бұл мысал жақсылыққа апармады. Өкінішке қарай, екі жыл өтсе де, Президенттің тікелей тапсырмасына қарамастан, жағдай іс жүзінде өзгерген жоқ. Керісінше, жекелеген меморгандар жақсы ниетті қалқан етіп, ведомствоішілік шешімдер қабылдау арқылы жасанды монополиялар құруды жалғастыруда", – дейді мәжілісмен Болатбек Нажметдинұлы.

Оның айтуынша, Парламент депутаттарының атына құрылыс нарығы субъектілерінен, бизнестен "eQurylys"-қа қатысты шағым борауда. Олар аты мемлекеттік, заты жекеменшік порталдың өзін пайдаланғаны үшін неге ақы жинайтынын түсіндіруді сұрайды екен. Олар мемлекеттік реттеу саясатының бір бөлігі болып табылатын осы жүйеге ақпарат беру үшін құрылыс компаниялары неге ақы төлеуге міндеттелгенін ұғына алмады.

Депутаттардың айтуынша, мемлекет мұқтажы үшін мәлімет жинайтын өзге ақпараттық жүйелерде бизнестің деректерді ұсынуы мүлдем тегін: мысалы, "еЕнбек" ақпараттық жүйесі қандай да бір төлемсіз кәсіпкерлік субъектілерінен еңбек жөніндегі есептерді, статистиканы, жазатайым оқиғалар бойынша деректерді қабылдайды. Салық органдарының ақпараттық жүйелері де тегін жинайтыны айтылды.

Ақпарат құралдары бұл порталдың жеке компанияның бастамасы бойынша әзірленгенін, алайда содан кейін ол оны мемлекет балансына өтеусіз бергенін жазды. Үкімет оны ары қарай "ҚазҚСҒЗИ" АҚ квазимемлекеттік кәсіпорнына сенімгерлік басқаруға тапсырыпты. Депутаттар порталдың мемлекетке өткені де көзбояушылық деп отыр.

"Бір қарағанда, бизнестің бастамасы асыл, ал, меморгандардың іс-әрекеттері негізделген және заңды болып көрінеді. Алайда, іс жүзінде жағдай керісінше. "eQurylys" порталын әзірлеу кезінде "Digicon" ЖШС мемлекетке платформаны (ақпараттық шинаны) берген, алайда құжаттаманы порталға жүктеуге мүмкіндік беретін жеке сервисті ол мемлекетке сол бойы бермеген. Сервис жеке кәсіпорынның меншігі болып қала берді. Осылайша, өнімнің негізгі бөлігі жеке меншікте. Салдарынан, құрылыс нарығының барлық субъектілері мемлекеттің емес, жеке компанияның – "Digicon" ЖШС-нің қызметтерін пайдалануға міндеттелген. Олардың бәрі осы компанияға тәуелді және оған монополиялық рента төлеуге мәжбүр, мұның бәрі – меморганның шешімдерінің кесірі", – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттар осы жасанды түрде жасалған монополизмнен жеке компанияның қанша табыс табатынын тұспалдады. Олардың мәліметінше, "Digicon" ЖШС-нің бағасына сәйкес:

  • құны 1 миллиард теңгеге дейінгі әрбір құрылыс объектісі үшін нарыққа қатысушылар оған ай сайын 50 мың теңгеден,
  • құны 1-ден 5 миллиард теңгеге дейін тұратын әрбір объект үшін – ай сайын 75 мың теңгеден,
  • 10 миллиард теңгеге дейін бағаланатын әрбір нысан үшін – 100 мың теңгеден төлеуге тиіс.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, 2023 жылдың қорытындысында 38 816 нысан пайдалануға берілді. Депутаттардың болжамынша, тіпті ең төменгі тариф бойынша жинағанның өзінде түпкілікті бенефициарлардың табысы 1,9 миллиард теңгені құрайды.

Бизнес те, депутаттар да жекенің қолындағы "eQurylys" мемлекеттік порталында дербес деректерді, коммерциялық құпияны қорғау және ақпараттық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілгенін білмейді.

Сондықтан Мәжіліс құзырлы органдардан депутаттардың хатында баяндалған фактілерді зерделеп, "eQurylys" АЖ-ның құрылуы мен жұмыс істеуіне байланысты проблемаларға соқтырған мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінің заңдылығын тексеруді сұрады. Ал, Үкіметтен "eQurylys" жобасын іске асыру кезінде ақпараттандыру туралы заңнама нормаларының сақталуына қатысты ресми ұстанымын жариялауды талап етті.

Үкімет жария етіп отыр және ұстанымы нық: онысы депутаттар не десе, о десін, бірақ Үкімет бұл ақпараттық жүйеден бас тартпайды дегенге саяды. Премьер-министр Олжас Бектеновтың түсіндіруінше, "eQurylys" порталы қолданыстағы тәсілдерді бірізділікке келтіру, саладағы мемфункцияларды "бір терезе" қағидатымен көрсету үшін қажет.

"Сол себепті, "eQurylys" порталының базасында "ақпараттық шина" құру туралы шешім қабылданды. Ол объектілерді салу процестерін цифрландыру жөніндегі бірыңғай алаң болады. Мұндай тәсіл субъектілердің әртүрлі жеке ақпараттық өнімдер мен сервистер арқылы бірыңғай порталға қосылу мүмкіндігі болған кезде белгіленген ережелер мен құрылыс нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді. Аталған тәсілді іске асыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "DIGICON" ЖШС-ін тартты, ол өз қаражаты есебінен "eQurylys" порталын әзірлеуге дайын болды. "EQurylys" порталының өзі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің балансында, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ атынан мемлекетке тиесілі kds.equrylys.kz доменінде орналасқан", – деп хабарлады Премьер.

Үкімет құрылыс нарығын жатқызып-өргізетін жалғыз сервисті монополист деп санаудан бас тартты. Бірақ оның табыс табу құралы екенін жасырмады.

"Ескеретін жайт, "DIGICON" ЖШС осы сервисті табыс табуды қамтамасыз ету мақсатында болашаққа инвестиция ретінде әзірледі. Мұндай сервистің жұмысы монополиялық ортада қарастырылмағанын атап өту маңызды. Қазіргі кезеңде ол "eQurylys" порталымен интеграцияда жұмыс істейтін алғашқы өнім ғана болып табылады. Кейінгі кезеңде құрылыс немесе цифрлық нарықтың кез келген субъектісі белгіленген талаптарға сәйкес келетін басқа сервисті енгізе алады", – деді О.Бектенов.

Мысалы, BI Group, Icons, BINECT сияқты компаниялар балама ретінде өз жүйелерін порталға қосуға рұқсат сұрап, жүгініпті. Алайда "eQurylys" әзірге ондай мүмкіндік ұсынбаған екен. Үкімет басшысы оларға тиісті техникалық талаптар қойылғанын, соларға мүлтіксіз сәйкес келсе ғана, бұл ақпараттық жүйелер болашақта қосылатынын нықтады.

Бизнес пен қалаулылар әр нысаннан айынан 100 мың теңгеге дейін ақы жинау деген тариф қайдан шыққанына аң-таң. Қоғамдық талқылауға да шығарылмаған.

О.Бектенов порталға қосылу тарифін "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ы есептегенін жеткізді. Ол депутаттардың Enbek.kz сияқты eQurylys-тың қызметін де тегін ету туралы ұсынысын құптаудан бас тартты.

"Бұл бағалар құрылыс саласындағы уәкілетті органмен (Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен) келісілген. Тарифке порталды ұстау және пысықтау шығыстары кірді. Сервис пен порталды әзірлеуге, ұстауға және дамытуға бюджеттен қаражат бөлу көзделмегендіктен, сондай-ақ өзін-өзі ақтау қағидатын және оларды дамыту қажеттігін ескере отырып, атқарушылық құжаттаманы жүргізу бойынша өтеусіз қызметтер ұсыну орынсыз! Осыған ұқсас механизмдер басқа салаларда да қолданылатынын атап өткен жөн, атап айтқанда, медицина саласында республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы – "ақпараттық шина" болып табылады, оған "DAMUMED", "Надежда" сияқты және басқа да жүйелер қосылған", – деп тағы бір жасанды монополисті мысалға келтірді Үкімет басшысы.

Ол салық органының порталдары да тегін еместігін еске салды: салық салу саласында кәсіпкерлік субъектілерінен деректер жинайтын және оны Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне беретін фискалдық деректер операторлары бар. Олар, яғни, "Қазақтелеком" АҚ, "Транстелеком" және "Билайн" сол үшін ай сайын әрбір бақылау-кассалық аппаратынан ақы алады.

"Порталдың жұмыс істеу мәселелерін заңнамалық реттеуге қатысты айтарым, жаңа Құрылыс кодексінің жобасында мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы сала субъектілерін ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі міндеттер, сондай-ақ ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелер көзделгенін хабарлаймыз. Жалпы құрылыс саласын дамыту және цифрландыру, сондай-ақ "eQurylys" порталының жұмыс істеуі мәселелері Үкіметтің бақылауында", – деді Премьер Олжас Бектенов.

Дегенмен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "eQurylys" ақпараттық жүйесін тексере келе, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық белгілерін байқады.

"Қолданыстағы заңнаманы және келіп түскен мәліметтерді талдау министрліктің порталды әзірлеу және өзінің ақпараттық жүйесін қосу бойынша "Digicon" ЖШС-іне басым құқық бергенін көрсетті. Бұл жеке компанияның мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру арқылы құрылыс нарығы субъектілерінен төлем жинауына соқтырды. 2024 жылғы 5 шілдеде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің атына оның әрекеттерінде Қазақстанның бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы туралы хабарлама шығардық", – деді антимонополиялық агенттіктің төрағасы Марат Омаров.

Оның айтуынша, министрлік "eQurylys" мемлекеттік ақпараттық жүйесінде орындаушылық техникалық құжаттаманы жүргізу бойынша қызмет көрсетудің тегін болуын қамтамасыз етуі қажет.

Бірақ монополияға қарсы органның талабы орындалмағаны байқалады. Бизнес өкілдері ақы жинау тыйылмағанына назар аудартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу