2018 жылғы маусымда өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда құрылыстағы баға 2,7% қымбаттады. Соның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына 2,8%, машиналар мен жабдықтарға 2,3%, өзге де жұмыстар мен шығындарға 2,8%-ға өсті.
Ал жыл басынан бері құрылыс компаниялары сатып алған материалдар, бөлшектер және конструкциялардың бағасының өсімі 0,4% құрады.
2018 жылғы алты айда жайма болаттың бағасы 2,9%, құм – 1,9%-ға, картон мен электр жабдықтары – 1,5%, бояулар мен эмальдар – 0,8%, битум – 0,7%-ға өсті. Ал тауарлы бетон 0,6%, шағыл мен ағаш материалдары – 0,3%-дан, табақты шыны – 0,2%-ға арзандады.
Жалпы, өткен жылдың желтоқсанынан бері құрылыстағы баға индексі билтырғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысымен салыстырғанда биылғы алғашқы алты айда 5,4 пайызға қымбаттап отыр.
Құрылыс құнының қымбаттағанына қарамастан республика бойынша баспананың бағасы айтарлықтай қымбаттаған жоқ. Мәселен, Статистика комитетінің мәліметінше, өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 1,6 пайызға, ал абаттандырылған тұрғын үйлердің бағасы 0,5 пайызға ғана қымбаттаған. Ал соңғы бір айда бұл көрсеткіштер жаңа тұрғын үйлер үшін 0,2%, абаттандырылмаған тұрғын үйлер үшін 0,1% ғана көтеріліп отыр.
Құрылыстың қымбаттағанынан бөлек нарықтағы сауданың қыза бастағаны да бағаға әсер етпей отыр. Жаз айларында сауданың көбеюі қалыпты болғанымен, биыл үй саудасы тіпті қарқын алған. 2018 жылғы маусымда тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 23 840 құрап, өткен аймен салыстырғанда 6,6%-ға артса, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 6,5%-ға ұлғайған.
Республика бойынша Алматы қаласынан басқа барлық өңірде баспана саудасы қызып тұр. Көш басындағы Маңғыстау облысындағы статистикаға сүйенсек, биылғы алғашқы жартыжылдықтағы сауда көлемі былтырғы алты аймен салыстырғанда 31,6 пайызға бір-ақ көтерілген. Одан кейінгі Алматы облысындағы сауда көлемі 20,4 пайызға ұлғайыпты. Ал Алматы облысында үй саудасы былтырғыдан 5,2 пайыға түсіп кеткен.
Бауыржан Мұқан