Құрылыс материалдары өндірісі қаншаға өсті?

3352

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында еліміздегі құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 641,7 млрд теңгені құрады. 

Құрылыс материалдары өндірісі қаншаға өсті?

Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 38,7 пайызға жоғары. Былтыр дәл осы кезеңде көрсеткіш 462,6 млрд теңгеге тең болған еді. QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының хабарлауынша, 2021 жылдың 9 айында құрылыс материалдарын өндіру саласы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 2,5 пайызын және өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемінің 5,4 пайызын қамтамасыз етті.

Қаңтар-қыркүйекте өнімнің нақты көлем индексі 110,1 пайызды құраған. Келесі тауарлар бойынша өсім байқалып отыр: отқа төзімді бұйымдар (+70 пайыз), отқа төзімді емес керамикалық кірпіштер (+56 пайыз), портландцемент (+18,3 пайыз), шлак мақта, минералды силикатты мақта және ұқсас минералды мақта (+48 пайыз), құрылыс ерітінділері (+38,7 пайыз), гипс (+66,4 пайыз), ескерткіштер, әрлеу және құрылыс үшін өңделген тас (+55,7 пайыз). Сондай-ақ керамикалық қаптауыш кірпіштер (-8,5 пайыз), тақталар, тақтайшалар және цементтен, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған ұқсас бұйымдар (-8,9 пайыз), бетоннан жасалған құрама құрылыс конструкциялары (-10,6 пайыз), тауарлық бетон (-10,4 пайыз) секілді тауарлардың көлемі төмендеген.

Қаңтар-тамызда құрылыс материалдарының экспорты 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға ұлғайды. Яғни 143 млн долларды құрады. Заттай мәнде экспорт көлемі 6,9 пайызға төмендеп, 1 млн 414,4 мың тоннаға тең болды. Былтыр экспорт көлемі 1 519,8 мың тоннаны құраған еді. Отандық өнімдердің негізгі бөлігі Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан мемлекеттеріне экспортталады.

Қаңтар-тамыз айларында отандық нарыққа келген құрылыс материалдарының импорты 873,3 млн долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 24,1 пайызға жоғары. Заттай мәнде тауарлар көлемі 2 млн 728 мың тоннаны құрап, өткен жылдың 8 айына қарағанда (1 979 мың тонна) 37,9 пайызға артты. Негізгі импорттаушы елдердің қатарында Ресей, Қытай және Түркия бар.

2021 жылдың сегіз айында Қазақстандағы құрылыс материалдары нарығының көлемі 2 млрд 242 млн долларға тең болды. Оның 61 пайызы отандық тауар өндірушілердің үлесіне, 39 пайызы импорттық өнімнің үлесіне тиесілі.

Бүгінде Қазақстанның құрылыс саласында 2 184 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың негізгі үлесі (95 пайыз) шағын бизнес кәсіпорындарына тиесілі. Республикада саланың барлық дерлік сегментіне қажетті құрылыс материалдары шығарылады. Сала ішкі нарықтың 61 пайызын қамтамасыз етеді. Өндірістің ең көп көлемі Қарағанды және Алматы облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына тиесілі.

Саладағы отандық материалдар өндірісінің өсуіне құрылыс жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар септігін тигізген. Мәселен, "Нұрлы Жер" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта 103 млн шаршы метрді пайдалануға беру үшін тұрғын үй секторының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Тұрғын үй құрылысы Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес (21,4 млн шаршы метр), өңірлерде де қарқын алған.            

Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 3 трлн 648,9 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен 9,7 пайызға артық. Құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы республиканың барлық өңірінде байқалып отыр. Құрылыс жұмыстары Ақмола, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында (1,2 есе), Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында (1,1 есе) ұлғайған. Осы жылдың 9 айында пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы ауданы 12 млн 196,6 мың шаршы метрге тең.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу