Құрылыс саласындағы көптеген ережелер мен нормалар әлі күнге дейін кеңестік дәуірден қалған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Құрылыс саласындағы көптеген ережелер мен нормалар әлі күнге дейін кеңестік дәуірден қалған. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері бұл салада үлкен өзгерістер жасалып, нормативтік база бірнеше рет қайта қаралды. 2010-2020 жылдар аралығында техникалық реттеу жүйесінде ауқымды реформа жүргізілді. Оның шеңберінде еурокодтар жүйесі енгізілді, қауіпсіздік пен энергия тиімділігіне қатысты құжаттар өзгертілді", – деді министр.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, кейбір нормалар бүгінгі заманның талаптарына толық жауап бере алмай отыр. Жаңа Құрылыс кодексінде техникалық нормалау жүйесіне ерекше назар аударылғаны айтылды.
"Кодекс аясында Ұлттық техникалық нормалау институтын құру жоспарланып отыр. Ол нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру ісін өз қолына алады. Бұл орган нормативтердің қалай қолданылып жатқанын бақылап, қажет болған жағдайда түсіндірме береді, жаңа технологиялар мен тәжірибелерді ескеріп, өзгерістер ұсынады. Бұдан басқа, құрылыс, сәулет, инженерлік жүйелер, құрылыс материалдары сияқты бағыттар бойынша арнайы техникалық комитеттер құру көзделуде. Бұл комитеттерге кәсіби мамандар, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысады", – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Айта кету керек, бұған дейін жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздікке жеке тарау арналғанын жазғанбыз.