Құтқару құрылғысын қосу мен орнатудың құны қанша

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
11900

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиция SOS навигациялық дабыл белгісі жоқ автокөлік иелеріне айыппұл арқалатады.

Құтқару құрылғысын қосу мен орнатудың құны қанша

Осыдан екі жыл бұрын Кеден одағы аясындағы техникалық регламентті орындау үшін заң арқылы еліміздегі М (жолаушы тасымалдауға арналған төрт доңғалақты көлік құралы) және N (жүк тасымалдауға арналған көлік құралы) санатты жаңа автокөлік иелеріне қаладан тыс жерде төтенше жағдай орын алған кезде спутник арқылы шұғыл хабар беретін дабыл белгісін (орысша - ЭВАК, қазақша – АЖЖШЖ - апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесі) орнату талабы қойылды. Сол-ақ екен құрылғы қондырылмаған су жаңа автокөліктердің басына бұлт үйірілді.

"Шаш ал десе, бас алатындар" былтыр көліктерді тексерген кезде ұлттық аккредиттеу орталығы техникалық реттеу және метрология комитетінің апатты жағдайда дереу хабар беретін дабыл белгісін орнату қажеттігі туралы пәрменін алға тартып, көлік құралдарының талапқа сай екеніне күмән келтірген. Осылайша кедендік рәсімдеу кезінде 244 автокөлік иесінің басын қатырып қойған. Бұл аз десеңіз, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап берілген 17 209 рұқсат қағазының күшін жойғысы келген.  

Абырой болғанда бұл іске еліміздің бас көлік прокуратурасы араласып, мәселені оң шешкен. Прокурорлар елімізге сырттан әкелінген автокөліктерге апатты жағдайда спутник арқылы шұғыл хабар беретін дабыл белгісінің болмағаны үшін қауіпсіздік туралы куәлік беруден бас тарту заңға қайшы  екенін дәлелдеген.

Бұл туралы бас көлік прокуратурасының ресми сайтында: "Прокуратура техникалық реттеу және метрология комитеті қауіпсіздік туралы куәлік  беруді тоқтата тұру туралы шешім қабылдай отырып, өз өкілеттіктерінің шеңберінен шыққанын анықтады. Себебі "Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" заңда мұндай өкілеттік айқындалмаған. Комитет өкілдері азаматтардың өз мүлкін еркін пайдалану құқығын шектеген",– деп жазылды.

Кеден одағының техникалық регламентінде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында төтенше жағдай орын алған кезде шұғыл хабар беретін дабыл белгісімен жабдықталған автокөліктер жүруге тиіс екені нақтыланған. Алайда мұндай құрылғы орнатылмаған автокөліктерді бір елден екінші елге енгізуге тыйым салмаған. Мұны дабыл белгісі сертификатталған дилерлік орталықтарда орнатылуы мүмкін екендігімен түсіндірген.

Бұдан былай еліміздің көлік жүргізушілері автодилерлерден сатып алған көліктерінде апатты жағдай кезінде спутник арқылы шұғыл хабар беретін дабыл белгісінің болуын талап етуге тиіс. Себебі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиция қызметкерлері апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесі жоқ немесе қосылмаған автокөліктерді тоқтатып, көлік иелеріне 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалатады.

Айта кетейік, Қазақстанда жүрген су жаңа көліктердің басым бөлігінде, тіпті өзімізде құрастырылған автокөліктерде Ресейдің "ЭРА-ГЛОНАСС" жүйесі орнатылған. ҚР аэроғарыш комитеті ғарыштық техника және технологиялар институты әзірлеген біздегі жүйе осының баламасы саналады. Екеуінің қызметі де, міндеті де бірдей. Бұларды алдын ала деректер базасына тіркеу  қажет. Мұны жасамағандардың дабыл белгісі іске қосылмайды. Еуропадан келген автокөліктердегі e-Call жүйесіне де осы талап қойылады.

2017 жылдың 1 қаңтарынан кейін автосалондардан SOS деген дабыл белгісі бар көлік сатып алған азаматтар 2018 жылдың соңына дейін алаңсыз жүре алады. Өйткені оларға 2019 жылға дейін апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесін автосалондар қосып береді. Ал автокөлікті шет елден өздері алып келген азаматтар ғарыштық техника және технологиялар институтына бас сұғып, тіркеуден өтуі керек. 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеу тегін болады. Бұл іске қыркүйек айынан бастап кірісуге жағдай жасалады. Бұдан кейін  Қазақстанның апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесіне қосылу үшін ақы алынады. SOS дабыл белгісін іске қосу үшін жеке, заңды тұлғалар, автодилерлер мен автоөндірушілер 25 840 теңге төлеуге міндеттеледі.

Аталған дабыл белгісін ескі көліктерге де орнатуға болады. Бұл үшін автокөлік иесі мамандардың қолына 200 мың теңге ақша ұстатуға тиіс. Бірақ ескі көліктерге SOS дабыл белгісін орнату туралы талап жоқ. Әрине бұл автожүргізушілерді қуантады. Алайда ескі көлік иелері қауіпсіздік тұрғысынан алғанда жаңа көлік иелерінен ұтылып жатқанын түсінбейді. Себебі олар оқыс оқиғаға тап болса, құтқару қызметіне белгі бере алмайды.

Заң және техникалық регламент бойынша, SOS дабыл белгісі жедел қызмет көрсету көліктерінде, пайда табу мақсатында жолаушы және қауіпті жүк тасымалдайтын темір тұлпарларда, сонымен қатар ел аумағына ЕАЭО-ға мүше емес мемлекеттерден әкелінген немесе 2017 жылдың 1 қаңтарынан кейін Қазақстанда құрастырылған көліктерде міндетті түрде болуға тиіс.

Қаперіңізде жүрсін, ЕАЭО-ға мүше емес мемлекеттерден әкелінген автокөлік Кеден одағының техникалық регламентіне сай болмаса, әкімшілік полиция көлікті тіркемейді.

Қазір солтүстіктегі көршіміз - "ЭРА-ГЛОНАСС", Беларусь - "ЭРА-РБ" жүйесін қолдануда. Ал біз - "ЭВАК" (АЖЖШЖ) жүйесіне сенім артып отырмыз. Шынтуайтында жаңа жүйенің  қалай жұмыс істейтінінен бейхабармыз. Себебі ол тәжірибеде болмаса, нақты  оқиға барысында сыналған жоқ. Осыны алға тартқан ресейлік мамандар 4-5 жыл бұрын сынақтан өтіп, пайдалануға берілген "ЭРА-ГЛОНАСС" жүйесін одақ аясында Қазақстанда  қолданысқа енгізуді мысықтілеу етіп отыр. Бұл – Ресей Қазақстанның автонарығын өз көліктерімен жаулауды көксейді деген сөз.

Айта кетейік, апатты жағдайдағы жедел шақыру жүйесі оқыс оқиға орын алған кезде адам өмірін арашалаудың таптырмас құралына айналады. Қысылтаяңнан құтқаратын құрылғы құтқарушыларға боран мен дауылда, аяз бен жаңбырда жолдан адасқан немесе апатқа ұшыраған көлік жүргізушісінің қай жерде тұрғанын анықтап береді. Көлікке орнатылған "SOS" тетігі басылған кезде ІІМ-нің 112 диспетчерлік қызметіне төтенше жағдай туралы дыбыс белгісі түседі. Спутник картадан апат болған жерді іздеп табады. Бұл аралықта оператор ұялы байланыс арқылы көлік жүргізушісіне хабарласып, мән-жайды анықтайды. Сөйтеді де тиісті жерге жақын маңдағы жедел жәрдем мен құтқару қызметін жөнелтеді. Осының барлығын жүзеге асыру үшін ұялы байланыс жүйесінің қызметінде кінәрат болмауы керек. Өкінішке қарай, бізде бұлай емес. Жол бойында ұялы байланыс бірде бар, бірде жоқ.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу