Күзде тұрғын үй бағасы көтеріле ме?

Жыл басынан бері тұрғын үй нарығында үлкен өзгерістер болған жоқ. Мамандар бағаның күзде де аса жоғарыламайтынын, аздаған мезгілдік өсім болатынын айтады.

Күзде тұрғын үй бағасы көтеріле ме?

Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы жаңа үйлер бағасы 5%-ға, ал қайталама нарықтағы тұрғын үй  бағасы  7,5%-ға өскен. Бұл ретте,  мамандар биыл да айтарлықтай өзгерістер болмайтынын айтады. 

"Егер соңғы үш жылдағы көрсеткіштерге қарасақ, сатып алу –сату келісімшарттарының саны 17%-ға көбейген. Жалпы тұрғын үй бағасы айтарлықтай қымбаттамайды. Жаңа пәтердің шаршы метрінің бағасы инфляция деңгейіне сәйкес –5-6% деңгейінде  болады" ,– дейді Қазақстан риэлторлары  біріккен қауымдастығының  төрағасы Лариса Степаненко.

Қайталама нарықтағы тұрғын үй  бағасы доллар курсына тәуелді. "Бұл шынайы нарықтағы бағаның өсуіне қарағанда, үйлерін сатқысы келетіндердің қалауы", –дейді Қазақстан риэлторлары  біріккен қауымдастығының  төрағасы Лариса Степаненко.

Оның айтуынша, доллар бағамы жоғарылаған кезде сатушылар бағаны соған сай өзгертіп қояды. Мұны халықтың әл- ауқаты жоғарылаған жоқ, тек нарыққа байланысты қалауы өзгерді деп түсінген жөн. Бүгінде қайталама нарықтағы тұрғын үйді  сатушылардың шамамен 30%-ы бағаларын доллар өседі деген үмітпен төмендетпей отыр.

Қазіргі кезде еліміздегі  қайталама нарықтағы тұрғын үйдің басым бөлігі орналасқан Алматыда баға орта есеппен бір шаршы метр үшін  200-250 мың теңгенің айналасында.

Ал  бастапқы нарықтағы  тұрғын үй  бағасының айтарлықтай өзгермеуі мемлекеттік бағдарламалар мен эконом-класс  тұрғын үйлерінің көбеюіне байланысты болып отыр. Алайда "Меркурград" тұрғын үй кешені сату бөлімінің басшысы Нартай Өмірзақов доллар бағамы  бұл сегментке де өз әсерін тигізері сөзсіз екенін айтады.

"Жаңа пәтерлер бағасының 70%-ы құрылыс материалдарының бағасы  тұрады. Бізге үй салуға қажетті құрылыс материалдарының басым көпшілігі Ресей сынды алыс-жақын шетелдерден келеді. Сондықтан доллар бағамы осы жағынан әсер етуі мүмкін. Ал одан бөлек нарықта айтарлықтай өзгеріс болады деп айта алмаймын", – дейді ол.

Құрылыс материалдарының бағасы  жыл басында немесе жөндеу жұмыстары маусымы басталған кезде қымбаттайды. Мәселен, 2019 жылы қаңтар айында тұрғын үй кешендері құрылысына ең қажет шикізаттың бірі – арматураның бағасы 16%-ға жоғарылап, тоннасы  190 мың теңге болды. Оған -бұл материалдың Ресейден келуі себеп болған.

Жалпы соңғы үш жылда жылжымайтын мүлік бағасы көтеріліп келеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылмен 2018 жылды салыстырғанда бағаның өскені байқалады. Мәселен , бастапқы нарықтағы  тұрғын үй    –2,6%-ға өсіп, 253,2 мыңнан 266,9 мың теңгеге жеткен, қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 1,9%-ға қымбаттап 185,7 мыңнан 186 теңгеге жеткен.

 Ал 2019 жылдың бірінші жартыжылдықтағы  статистикасына сүйенсек, 2018 жылдың желтоқсан айына қарағанда  тұрғын үй бағасы артқан. Яғни бастапқы нарықтағы  тұрғын үй  – 2,4%-ға, 266,9 мыңнан 282,5 теңгеге, қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы – 2,4%-ға өсіп, 186 мыңнан 193 теңгеге жеткен.

 

Krisha.kz сайты ұсынған жылжымайтын мүлік индексіне сәйкес,  2019 жылдың бірінші тоқсанында  пәтердің шаршы метрі өткен жылмен салыстырғанда 2,2 %-ға өскен. Ал жылжымайтын мүлік бағасының индексі 4,4 %-ға көтерілген. Тұрғын үй бағасының өсуі бойынша Алматы қаласы 9,4 %-бен бірінші орында тұр.

Мамандар жылжымайтын мүлік бағасының  айтарлықтай өзгермеуін халықтың төлем қабілетінің төмендігі, кірістің азаюы, бірінші қажеттілік тауарлары бағасының көтерілуімен байланыстырады.

Құралай Құдайберген   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу