Күзде тұрғын үй бағасы өсе ме?

2019 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда жаңа баспана бағасы айтарлықтай қымбаттаған жоқ. 

Күзде тұрғын үй бағасы өсе ме?

Стастистика комитетінің мәліметінше шілде айында жаңа тұрғын үйдің бағасы 0,2%-ға өскен. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 2,1%-ға артты. Алайда 2019 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда жаңа баспана бағасы айтарлықтай қымбаттаған жоқ.

Жаңа үйлер нарығы

Жыл басынан бері ірі қалалардың көпшілігінде үй бағасы ақырындап өсіп келеді. Мәселен, Алматыда 0,4% (шаршы метрі 358,7 мың теңгеге дейін), Павлодарда 2,4% (шаршы метрі 211,9 мың теңгеге дейін), Өскеменде 2,6%-ға (шаршы метрі 209,9 мың теңгеге дейін) көтерілген. Алматыда бұл көрсеткіш 2019 жылдың қараша айынан бері алғаш рет жоғарылаған.

Әдеттегідей елімізде тұрғын үй ең қымбат қала – Нұр-Сұлтан. Мұнда жаңа үйдегі пәтердің бір шаршы метрі 373,3 мың теңге. Алматыда 15 мың теңгеге арзан. Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – шаршы метріне 298,9 мың теңге. Еліміздегі ең арзан пәтер Петропавл мен Тараз қаласында. Мұнда пәтердің шаршы метрі 140 мың теңгеден болса, Қызылорда қаласында 141 мың теңгеден басталады.

Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко жаңа үйлер бағасы бірнеше факторға байланысты өсетінін айтады. Оның бірі – доллар бағамы.

"Доллар қымбаттады, демек сырттан келетін құрылысқа қажетті заттар бағасы да жоғарылайды. Бұл объективті себеп. Өйткені құрылыста мұның барлығы есептеледі, әр шаршы метрге ақша қосылады. Одан кейін баға халықтың әл-ауқатының жоғарылауына байланысты көтеріледі. Соңғы айларда халықтың күнкөріс деңгейі жоғарылаған жоқ", – дейді сарапшы.

Сондықтан қауымдастық президенті күзде жаңа үйлердің бағасы айтарлықтай өзгеріске ұшырамайтынын айтады. Алайда оның пікірінше нарықта әлемдегі және еліміздегі эпидемиолгиялық жағдайға байланысты өзгерістер болуы мүмкін.

"Қазір ұзақмерзімді болжам жасай алмаймын. Себебі әлемде күнделікті өзгерістер орын алуда. Оның барлығы тұрғын үй нарығына әсер етеді. Ал қысқа мерзімді болжам бойынша жаңа үйлердің бағасы көп өзгермейді", – дейді Лариса Степаненко.

Қайталама нарықта баға шарықтап тұр

Жаңа тұрғын үй бағасы өткен жыл деңгейінде қалып келсе, екінші деңгейлі нарықтағы баспана бағасы 2020 жылдың соңғы жеті айында 5%-ға өскен. Бұл соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір республика бойынша қайталама нарықтағы үйдің шаршы метрінің орташа бағасы 211,8 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,4 мың теңгеге жоғары.

Еліміз бойынша шілде айында бұрын салынған үйлер 1,1%-ға қымбаттаған. Баға қарқынды өскен өңірлер қатарында Түркістан (6,1%), Семей (5,1%), Өскемен (4,2%), Павлодар (3,8%), Көкшетау (0,4%) қалалары бар.

Әйтседе, шілде айында пәтер бағасы өскенімен, баспана сатып алу көрсеткіші төмендеген. Мәселен, аталған айда 26 688 сатып алу-сату келісімі жасалған. Ал өткен жылы маусымда – 32121, шілде айында – 32465 үй сатылған еді.

Жалпы 2020 жылдың жеті айында үй сатып алуға қатысты 147,5 мың мәміле жасалды. Бұл да өткен жылдың сәйкес кезеңінен 29,3 мыңға немесе  16,6%-ға төмен.

Біріккен риелторлар қауымдастығы президентінің айтуынша, қазір үй бағасын көтеруге объективті негіз жоқ.

"Қайталама нарықта бағаны көтерудің жалғыз объективті себебі –сұраныстың артуы. Алайда қазір халық арасында сұраныс төмен. Оны жасалған мәмілелер статистикасынан байқауға болады. Мемлекеттік бағдарламалар көбейгенімен оларды кез келген адам ала алмайды. Одан кейін мұндай дағдарыс кезеңінде әр адам төлем қабілеттілігін есептеп, ипотеканы да ойланып алады", – дейді маман.

Сондықтан сарапшы күзде қайталама нарықта сұраныс артпайтынын, сәйкесінше үйлерін сатуға асығып отырғандар бағаны түсіретінін айтады.

"Сатушылардың екі түрі бар. Бірі баспанасын шынымен сатқысы келетіндер. Екіншісі "сату" ойнайтындарын ойнап жүргендер. Олар үйін сатуды емес, уақыт созып, үстінен ақша көріп қалуды ойлайді. Аталғандар бағаларын түсірмесе, сол күйі үйлерін сата алмайды. Ал меншігін шынымен өткізгісі келетіндер саудаласып, сатып алушымен келісімге келіп мәміле жасайды", – деп түйіндеді қауымдастық басшысы.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу