Күзгі жиын-терім жұмыстары қыркүйекте толық аяқталады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6674

Павлодарлық шаруалар биылғы астықтың жартысынан көбін жинап үлгерді.

Күзгі жиын-терім жұмыстары қыркүйекте толық аяқталады

13 қыркүйектегі дерекке сүйенсек, Павлодар облысындағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген алқаптың 52,7 пайызы орылып, бастырылған. Осы жылдың 384,1 мың тонна астығы қамбаларға жеткізілген. Биыл облыс бойынша 587,4 мың тонна астық жиналады деп күтілуде.

Әзірше өнімділік гектарына 9,3 центнерді құрап отыр. Өнімділік жағынан Тереңкөл, Успен аудандары алда тұр. Облыстағы астықты аудан – Ертіс ауданында бұл көрсеткіш 9,2 пайызға тең. Аталған аудандағы өнімділік әлі ұлғаяды деген болжам бар. Өйткені Ертіс ауданының негізгі алқаптарына әлі техника түскен жоқ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, диқандар үшін қазіргі ауа райы өте қолайлы болып тұр. Осы күндері шаруалар күн сайын 16 мың гектардан астам алқаптың астығын орып жатыр. Ал жауын-шашынды күндері бұл көрсеткіш 2 мың гектарға дейін түсіп қалады. Әзірше шамамен егістік алқабының 47 пайызы орылған жоқ. Дегенмен, мамандар жиым-терім жұмыстары қыркүйек айының соңында толықтай аяқталады деп сендіруде.

Басқарма ұсынған мәліметтерге сәйкес, дәнді дақылдар егілген 476,4 мың гектардың өнімі орылып, 414 мың гектары бастырылған. Биыл дәнді дақылдар ішінде көп егілгені – бидай. Бидай алқабының көлемі 531,7 мың гектарға тең. Бүгінде бидай алқаптарының тек 261,7 мың гектарынан ғана өнім жиналды.

"Арпа егілген егістіктегі жиым-терім жұмыстары аяқталуға таяу. Бүгінде 97,7 мың гектар жердің өнімі орылып алынды. Бұл – арпа егілген егістіктің 80 пайызы. Сұлы жинау науқаны да жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Қазіргі таңда 28,6 мың тонна сұлы бастырылды. Сұлының өнімділігі гектарына 10 центнерді құрады. Сондай-ақ жарма дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Мәселен тары егілген алқаптың 11,2 мың гектары орылып, бастырылды. Тарының өнімділігі гектарына 8,4 центнерді құрады. Бұдан бөлек, қарақұмық, асбұршақ жинау жұмыстары да жалғасын табуда", – деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.

2019 жылы Павлодар облысында 17,9 мың гектар жерге картоп егілді. Соңғы деректерге сүйенсек, оның 9 мың гектарынан өнім алынған. Әзірше 249,4 мың тонна картоп жиналған. Жоспарға сәйкес, осы жылы облыс 587,4 мың тонна картоп жинауға тиіс. Картоптың өнімділігі гектарына 276 центнерді құрап отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу