Құжат жүзінде қазақ бола алмай жүргендер бар

645

Елімізде соңғы 10 жылда 41 мыңнан астам адам ұлтын өзгерткен.

Құжат жүзінде қазақ бола алмай жүргендер бар Фото: gov.kz

ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 2014-2024 жылдар аралығында паспорты мен жеке куәлігіндегі ұлтын өзгертуді сұраған Қазақстанның 41 545 азаматынан тиісті өтініш түсіпті.

Бұл туралы "NewTimes.kz" ақпарат агенттігінің сұрауына жауап берген ІІМ-нің баспасөз қызметі құлағдар етті.

Негізі, бұл сан бұдан да көп болатын еді. Алайда азаматтардың бір бөлігі барлық құжаттарды ауыстырып, сергелдеңге түсемін деп қорқып бұл қадамға бармайды. Басқа да кедергі бар.

"Қызым өткен жылы жеке куәлігін рәсімдегенде, ХҚКО қызметкеріне ұлтын өзгерткісі келетінін мәлімдеді. Менің, яғни, әкесінің тегі бойынша орыс. Бірақ қызым шетелде, Италияда оқығысы келеді. "Сонда ұлтыңыз ретінде кімді көрсеткіңіз келеді?" деп сұрады ХҚКО маманы. "Қазақ болғым келеді!" деді Анна. Өзі қазақша төгілте сөйлейді. "Ата-анаңыз қазақ болмаса, сізді қазақ деп жаза алмаймыз. Шешеңіздің ұлты қандай, соған ауыстыруға болады" деді қызметкер. Осылайша, қызым неміске айналды", – дейді Алексей Меркушев.

Ал, Виктор Каргинов ұлтын өзгерту үшін не істеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрап, ҚР Әділет министрлігіне жүгінген екен.

Ведомство болса, "өкінішке қарай, бұл мәселе Әділет министрлігінің құзырына кірмейтінін" нұсқапты. Ол Қазақстанда азаматтық хәл актілерін мемлекеттік тіркеуді және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге байланысты мемлекеттік қызметтердің басқа да түрлерін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратынын еске салды.

Ал, "ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңының 35-бабына сәйкес, азаматтық хәл актілерін тіркеуді жүзеге асыратын органдар жоқ кенттерде, ауылдарда, ауылдық округтерде оның әкімі нотариаттық әрекеттер жасауды ұйымдастырады, өз аумағында тұратын азаматтардың азаматтық хәл актілерін тіркеуге құжаттар қабылдайды. Оларды азаматтық хәл актілерін мемлекеттік тіркеу және жеке тұлғалар туралы Мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізу үшін ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың азаматтық хал актілерін тіркеу органына тапсырады.

Сол себепті, министрлік ұлт пен текті өзгерту туралы мәселемен ХҚКО-ға немесе әкімдікке жүгінуге кеңес берді. Алайда халық шағымына қарағанда, жергілікті әкімдіктер бұл проблема бойынша толыққанды әрі түбегейлі жауап бере алмайтыны, тіпті оның жөнін білмейтіні анықталуда.

Жалпы, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылғы Қазақстан халқының ұлттық санағының қорытындысы көрсеткендей, қазақстандық орыстардың 129 мыңға жуығы "ана тілім" деп қазақ тілін және өзге тілдерді көрсеткен. Демек, мемлекет ұлтты ауыстыру және фамилиядан "-ов", "-ин" сияқты жұрнақтарды алып тастау процесін жеңілдетсе, ондаған мың адам осындай мемлекеттік қызметті үлкен құлшыныспен тұтынғалы тұр.

ІІМ ресми дерегіне сілтеме жасап Paryz.kz жазуынша, былтырғы 2024 жылдың өзінде қазақстандықтардың көбі ұлтын орыстан неміске (743 адам), өзбектен қазаққа (354), орыстан украинге (300), украиннен керісінше орысқа (246) ауыстырыпты.

11 орыс ұлтының өкілі ақыры төлқұжатына өзін "қазақ" деп жаздыра алған. Оның өзінде әкесі не шешесі қазақ болғаны ықпал етіпті. ІІМ мысалы, қазақ емес ата-анадан туған бала өзін "қазақ" деп жазғыза алмайтынын нықтады.

Бюрократиялық сергелдеңі көп болғандықтан, жеке тұлғасын куәландыратын құжаттарда ұлтын ресми өзгерткісі келетін адамдардың саны былтыр қатты азайды:

2021 жылы – 3 254,

2022 жылы – 3 363,

2023 жылы – 3 366,

2024 жылы – 2 158 азамат.

Өз кезегінде, Ішкі істер министрлігі Қазақстан Конституциясының 19-бабының 1-бөліміне сәйкес, әркім өзінің ұлттын өзі айқындауға және оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы екенін мәлімдеді. Алайда Ата заңдағы бұл құқыққа заңнамада (кодексте) шектеу қарастырылған.

"Паспорттар мен жеке куәліктерде ұлтты көрсету ерікті іс болып табылады және азаматтың тілегі бойынша ғана жүзеге асырылады. Сонымен бірге, азаматтық хәл актілеріндегі жазбаны өзгерту тек ата-аналардың ұлты шегінде ғана мүмкін болады! Бұл шектеу тек саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына ғана таралмайды", – деп түсіндірді ішкі істер органдары.

Бұған қоса, ІІМ баспасөз қызметі тұтастай алғанда, этникалық топтар бойынша статистика қалыптастырылмайтынын, есепке қою – өтініштердің жалпы саны бойынша ғана жүргізілетінін қосты. Соған қарағанда, ұлтын өзгерткендердің нақты саны жоғарыдағы ішінара статистикадан көп болса керек.

Оның үстіне таяуда Астанада прецеденттік сот өндірісі өтті. Құзырлы органдар елордалық әйелге ұлтын "беларусьтен" "неміске" ауыстыруына тыйым салыпты. Бұл ретте оның атасының құжаттарында оны тегі неміс екені айқын жазылған.

Сот жауапты құрылымдардың бұл бас тартуын заңсыз деп таныды және көші-қон қызметін әйелдің ұлтын ауыстыруына рұқсат етуге мәжбүрледі.

Сондай-ақ, Конституциялық соттың түсініктемесіне сәйкес, ұлт – адамның өзіндік идентификациясының бір бөлігі саналады және оны тек ата-анасының ұлтымен ғана шектеуге болмайды. Ендеше егер азаматтың арғы бабалары мен әжелерінің арасында қазақ болса, ұлтын қазаққа ауыстыруына мүмкіндігі бар. Бірақ оған сот арқылы ғана қол жеткізуге тура келуі мүмкін.

Өйткені Конституциялық соттың түсініктемесі қолданыстағы заңмен қабыспайды. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексінің 65-бабында: "баланың ұлты оның ата-аналарының ұлтымен айқындалады" деп қолмен қойғандай жазылған.

Егер ата-аналарының ұлты әртүрлi болса, ұлты балаға жеке куәлiк немесе паспорт берiлген кезде оның қалауы бойынша әкесiнiң немесе шешесiнiң қай ұлтқа жататынына сәйкес айқындалады.

"Одан әрi баланың ұлты оның өтiнiшi бойынша тек қана ата-аналарының екіншісінің ұлтына өзгертiлуi мүмкiн", – делінген кодексте.

Бұдан бөлек, Конституциялық соттың 2025 жылғы 16 сәуірдегі №70-НҚ нормативтік қаулысымен, кодекстің осы 65-ші бабы "Қазақстан Конституциясына сәйкес келмейді" деп танылды.

Өйткені КС онда "ата-анасы белгісіз болған немесе олардың ұлтын анықтау мүмкін болмайтын жағдайларда, сондай-ақ азаматтың заңды мүдделерін қозғайтын басқа да өмірлік жағдайлар кезінде баланың ұлтын айқындау мен өзгертудің өзге тәсілдері көзделмегеніне" назар аудартты. Бұл олқылық әлі күнге өзгертілген жоқ.

Үкіметке осы нормативтік қаулы жарияланған күннен бастап 6 айдан, яғни, 15 қазаннан кешіктірмей Парламент Мәжілісіне Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес, яғни, Неке және отбасы кодексінің әлгі 65-бабын түзету үшін Қазақстанның заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасын енгізу жүктелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу