Квазимемлекеттік компаниялар кәсіпкерлерге "қысым" көрсетеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10662

Үлгілік шарттар іскерлік қатынастың талабына сай емес. 

Квазимемлекеттік компаниялар кәсіпкерлерге "қысым" көрсетеді

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктеріне сонымен қатар "Самұрық-Қазына" АҚ-ға хабарласып, квазимемлекеттік компаниялар мен кәсіпкерлер арасында жасалатын үлгілік шарттарға және сатып алу стандарттары мен ережелеріне түзету енгізуді ұсынды. Бұған кәсіпкерлердің шағымы түрткі болды.

Бизнес-омбудсмен квазимемлекеттік сектор мен кәсіпкерлерге әділ әрі тең мүмкіндік берілуге тиіс екенін тілге тиек етіп, сатып алу стандарттары мен ережелерінде тапсырыс берушілерде артықшылық бар екенін баяндады.  

"Бұл жағдай тапсырысты орындаушының тәуекелін арттырып, оны тапсырыс берушіге тәуелді етіп қояды", – деді  Рустам Жүрсінов.

Оның сөзінше, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.

"Шарттарда тапсырыс берушілердің құқығына басымдық берілген, ал жеткізушілердің мүддесі мен құқығы жан-жақты қарастырылмаған. Жеткізушілерге қосымша міндет жүктелген және мүддесіне қысым көрсетілген. Үлгілік шарттар тең әріптестер арасындағы іскерлік қатынастың талабына сай емес", – деді бизнес-омбудсмен.

Рустам Жүрсіновтің айтуынша, көбінесе келісімшарттарда жеткізушінің 2, тапсырыс берушінің 4 құқығы, жеткізушінің 5, тапсырыс берушінің 3 міндеті болады. Алайда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларының кейбір үлгілік шарттарында тепе-теңдік сақталмаған.

"Үлгілік шарттарда жеткізушінің 2, тапсырыс берушінің 10 құқығы, жеткізушінің 9 міндеті, тапсырыс берушінің 3 міндеті көрсетілген. Мердігерлік шартта орта есеппен жеткізушінің 2, тапсырыс берушінің 10 құқығы, жеткізушінің 20 міндеті, тапсырыс берушінің 8 міндеті нақтыланады. Шартты біржақты бұзу құқығы орта есеппен тапсырыс берушіге 10 негіз бойынша беріледі. Ал жеткізуші шартты 1 негіз бойынша ғана біржақты бұза алады. Шын мәнісінде бұл жеке компаниялардың құқығын таптау. Квазимемлекеттік секторға үстемдік беру. Біз, бірінші кезекте мұны сыбайлас жемқорлықтың маңызды бөлігі деп қарастырамыз. Өйткені мемлекеттік немесе квазимемлекеттік органның кез-келген қызметкері белгілі бір дәрежеде билікке ие. Тапсырыс берушінің өкілі өзінің басымдығын түсіне отырып, шарттың әділетсіз нормаларын өз мүддесіне   пайдалана алады. Бұл мәселені шешу керек", – деді бизнес-омбудсмен.

Оның мәлімдеуінше, "Самұрық-Қазына" АҚ Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің бірқатар ұсынысымен келіскен және сатып алу қызметін басқару стандартының және үлгілік шарттардың жекелеген ережелерін түзеуге кіріскен. Алайда барлық мәселе түбегейлі шешілмеген.

"Біз қаржы министрлігі тарапынан мемлекеттік сатып алу жағдайы бойынша және денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай дистрибьютордың сатып алуларына қатысты жауап күтіп отырмыз", – деді Рустам Жүрсінов.

Бизнес-омбудсменнің сөзінше, елімізде реттелетін сатып алудың жалпы құны шамамен 14 трлн теңгені құрайды. Квазимемлекеттік компаниялар мен кәсіпкерлер арасында жасалатын үлгілік шарттарға және сатып алу стандарттары мен ережелеріне түзету енгізу тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы түсініспеушілік пен келіспеушіліктің алдын алады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу