Квотамен сайланған әйел депутатқа әйелдер ісімен айналысу міндет

3003

Сайлау және саяси партиялар туралы жаңа заң тұжырымдамалары жарияланды. 

Квотамен сайланған әйел депутатқа әйелдер ісімен айналысу міндет

Әділет министрлігінің түсіндіруінше, "Саяси партиялар туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы небары 2 баптан ғана тұрады.

Оның біріне сәйкес, бұдан былай жаңа партия ашу үшін құрылтайшыға 20 мың мүше жиса, жеткілікті болмақ.

"2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісін 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендетуді тапсырды. Бұл тапсырманы "Саяси партиялар туралы" заңға түзету арқылы іске асыру ұсынылады", – деп түсіндіреді ведомство.

Сонымен қатар Әділет министрлігі "Қазақстандағы сайлау туралы" конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы" жаңа конституциялық заңы жобасының тұжырымдамасын да ұсынды.

Құжат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға түскен саяси партиялардың Орталық сайлау комиссиясына ұсынатын партиялық тізімінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30% квотаны қарастыру туралы тапсырмасын орындауға бағытталған.

"Ұлттық заңнамада бұл міндетті іске асыру үшін берік құқықтық негіз құру қажет.Алайда қазіргі уақытта тиісті заңның болмауына байланысты сайлау тізіміне енгізілген адамдардың жалпы санынан әйелдер мен жастарға ұсынылған 30%-дық квотаның сақталуын қамтамасыз етудің қандай да бір нақты тетіктер жоқ. Сондықтан партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу заңнамалық тұрғыдан бекітіледі", – деп түсіндіреді ведомство.

Айтқандай, осы квотамен сайланған жастар мен әйелдер "тиісті әлеуметтік топтармен белсенді жұмыс істеуге және өз қызметінде олардың мүдделерін ескеруге міндеттеледі". Әйтпесе, нәзік болмыс иелері және жас ұрпақ өкілдері көлігі судан өткесін, яғни Парламент орынтағына жамбасы тигесін өз тектестері мен құрбы-құрдастарын ұмытып кетеді, олардың мәселесімен айналыспайды.

Аты айтып тұрғандай, бұл квотаға іліккісі келетіндер не әйел болуы не жасы 29-ға толмауы шарт. Әділет министрлігі квотаға кіргісі келетіндер жасын осылай шектеуді, ал жастар мемлекеттік бағдарламасында бекітілген 35 жас межені алмауды жөн көрді.

Құжатқа сәйкес, егер қандай да бір партияның Ортсайлаукомға өткізген тізімінде жастар мен әйел кандидаттар үлесі 30 пайыздан кем болып шықса, бұл тізімді қабылдаудан бас тартуға себеп болуы мүмкін.

"Қазақстандағы сайлау туралы" конституциялық заңда партиялық тізімді тіркеуден бас тарту негіздерінің бірі ретінде саяси партияның тізімді ұсыну ережелерін бұзуы бекітілген. Осыған байланысты "Саяси партиялар туралы" заңда саяси партиялардың өз тізімдерінде аталған квотаны қамтамасыз ету міндетін белгілейтін нормаларды бекіту ұсынылады. Қазақстанның сайлау жүйесінде және сайлаудың өзінде гендерлік әрі жас бойынша квотаның белгіленуі ел Конституциясына қайшы келмейді", – делінген тұжырымдамада.

Сарапшылар билік бұған сайлау процесіне жаңа сайлаушыларды тарту үшін барып отырғанын айтады. Себебі әр сайлау өткен сайын оған дауыс берушілерді тарту қиын болып барады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің сайлау және партиялар туралы заңнаманы өзгертуге жауапты мүшесі, "Транспаренси Қазақстан" өкілі Марат Шибұтов өзге партияларды оянуға шақырады. Өйткені Nur Otan партиясының жетекшісі Бауыржан Байбек аймақтарда праймеризге кірісетіндерін жариялап та қойды.

"Праймериз – Еуроодақта еуропарламентке ұмтылған барлық партия үшін басты тетік. Осы арқылы кадрлық құрам жақсартылады. Ал бізде басқа партиялар үнсіз. Nur Otan сайлауға дайындығының алғашқы сырларын сыртқа шығарды. Яғни, жергілікті жерлердегі барлық перспективті кадрларды партиялық тізімге ілгерілетуге тырыспақ. Заңдағы жастар мен әйелдерге квота бекітілуін қолдаймын, бұл – жақсы әлеуметтік лифт. Өңірлік элитаға бұл жағуға тиіс: орталықта ақсақалдар қашанғы отыра береді, ротация керек. Ал басқа партияларға енді осы жас пен жыныстағы келешегінен үміт күттіретін адамдарды өз тізіміне тарту қиын болады – олар қазірден кешігуде", – деген ойда Марат Шибұтов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу