Қылмыстан зардап шеккендерге берілетін өтемақы мөлшері 2 есеге артуы мүмкін

203

Бүгінде өтемақы мөлшері 30-50 АЕК шегінде белгіленген.

Қылмыстан зардап шеккендерге берілетін өтемақы мөлшері 2 есеге артуы мүмкін Фото: ЖИ

Ішкі істер министрлігі жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшерін ұлғайту туралы депутаттардың ұсынысын қолдады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ішкі істер министрлігі жәбірленушілерге өтемақы тағайындау және төлеу тетігін жетілдіру мәселелері жөніндегі депутаттық сауалды қарады.

"Өтемақы төлемдерін кешіктірудің негізгі себептері – қажетті мәліметтердің уақытында ұсынылмауы немесе толық ұсынылмауы, банктік деректемелердің болмауы не дұрыс көрсетілмеуі, сондай-ақ жәбірленушілердің дербес деректері мен алушылар тізілімдеріндегі қателіктер болып табылады. Көрсетілген мән-жайлар төлемдердің кері қайтарылуына, деректерді қайта нақтылау қажеттілігіне және ақшалай қаражатты аудару мерзімдерінің ұзаруына әкеп соғады", – делінген жауапта.

Ержан Сәденовтің сөзінше, аталған кемшіліктерді жою мақсатында Тергеу департаменті өтемақы тағайындау үшін жолданатын мәліметтердің толықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

"Жалпы, жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшерін ұлғайту туралы ұсыныс қолдау тапты. "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" ҚРЗ 7-бабына сәйкес өтемақы мөлшері жәбірленушілер санатына қарай 30, 40 және 50 АЕК шегінде белгіленген. АЕК мөлшерінің жыл сайын өзгеріп отырғанына қарамастан, тиісті нормалар қолданысқа енгізілген кезден бастап Қор көздеген өтемақы мөлшері еселенген түрде (30, 40 және 50 АЕК) қайта қаралмаған. Дәрілік заттар, медициналық қызметтер, емдеу, оңалту және жерлеу қызметтері құнының өсуін ескере отырып, төлем мөлшерін екі есеге: 30-дан 60-қа, 40-тан 80-ге және 50-ден 100 АЕК-ке дейін ұлғайту орынды деп саналады", – деді министр.

ІІМ басшысының айтуынша, бұл жәбірленушілерге көрсетілетін материалдық қолдауды күшейтуге және қылмыстық құқық бұзушылықтар салдарынан туындайтын нақты шығындарды барынша ескеруге мүмкіндік береді. Министрлік бұған дейін де жәбірленушілерге өтемақы тағайындау және төлеу процесін цифрландыру мәселесін бірнеше рет көтергені белгілі болды. Мысалы, өтемақы алушылардың тізілімдерін қалыптастыруды автоматтандыру, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінің мәліметтерін пайдалану және жәбірленушілерге өтемақы алу құқығы туралы SMS-хабарламалар жіберу жөнінде ұсыныстар жолданған. 

"Ұсынылған шараларды іске асыру мәліметтерді өңдеу мерзімдерін қысқартуға, қателер мен қайталама өтініштер санын азайтуға, сондай-ақ өтемақы төлеу рәсімінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Қор қаражатын қайтарудың жеткіліксіз болуының себептерін талдау және регрестік өндіріп алу тетігін жетілдіру мәселелері Бас прокуратураның құзыретіне жатады. Осылайша министрлік өтемақы мөлшерін ұлғайту және оны тағайындау мен төлеу рәсімдерін одан әрі цифрландыру жөніндегі ұсыныстарды қолдайды. Регрестік өндіріп алу мәселелері бойынша ұсынысты қарау прокуратура органдарының құзыретіне жатады", – делінген жауапта.

Айта кету керек, бұған дейін депутат жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшерін арттыруды ұсынғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу