Қылмыстық іс үшін жаза ауырлайды

4045

ҚР Парламентінің Сенаты кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады.  

Қылмыстық іс үшін жаза ауырлайды

Заң жобаларында ұсынылған өзгерістер негізінен адамның жеке басына қарсы жасалған қылмыс, жыныстық тиіспеушілік, мал ұрлау мен кейбір басқа да қылмыстарға жазаны күшейтуге бағытталған. Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов ҚР Парламентінің Сенатында мақұлданған заң жобаларына түсініктеме берді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, ауыр қылмыс санатына жататын адам саудасы үшін жауапкершілік күшейтіліп жатыр. Осы қылмысқа барған адамдарға қатаң жаза қолданылады. Адам саудасы бұдан былай аса ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Ауыр қылмыстың санкциясы белгілі – қылмыскерді 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Егер жәбірленушінің өміріне қауіп төндірсе, денсаулығына зардап келсе, адам өлтірумен теңестіріледі. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілік туралы заң да қатаяды. Бұндай қылмыс жасағандарға 20 жыл беріледі немесе өмір бойына қамалады", – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ Бас прокурордың орынбасары мал ұрлауға қатысты енгізілген жаңа қылмыстық бап туралы айтып өтті.

"Халықтың 42%-ы ауылды жерде тұратындықтан, мал ұрлау мәселесіне ерекше көңіл аударылды. Көп адамның негізгі табыс көзі – қорасындағы малы. Сол себепті, егер қылмыскер қора-жайға, фермаға, базаға ұрлыққа түссе, үлкен мөлшерде шығын әкелсе немесе ұрылар топтасып әрекет етсе, бұл ауыр қылмыс санатына өтеді. Яғни, екі жақтың ымыраға келуі арқылы бұндай қылмыстық істер тоқтатылмайтын болады. Бізде ұрланған малдың орнына басқа мал әкеліп, екі жақтың келісімі арқылы қылмыстық істі тоқтату мүмкіндігі бар. Сол себепті мал ұрлау қылмысын толық зерттеуге мүмкіндік бола бермейді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде мал ұрлау біртіндеп қатардағы қылмыстан қылмыстық кәсіпшілікке айналып барады. Біреуі ұрлайды, біреуі сатады, енді бірі жалған құжаттар жасайды, ұрланған малды тасымалдайтындар бар. Осындай қылмыстар жемқорлық тәрізді басқа да қылмыстарға ұласып жатады", – деді құқық қорғау өкілі.

Марат Ахметжанов Сенаттың бүгінгі отырысында браконьерлікке қатысты заң да күшейтілетінін айтты.

"Бүгінгі күні кейбір браконьерлік қылмыстық әрекет ретінде қарастырылып, браконьерді 40 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Енді бұл орта дәрежедегі қылмыс саналып, браконьерді 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылуда. Одан басқа, егер қылмыскерлер қорықтарда аң ауласа немесе "Қызыл кітапқа" енген, азайып бара жатқан жануарларды ұстаса, олар ауыр қылмыс жасаған болып есептеледі. Бұндай жағдайда ымыраға келу мүмкіндігі болмайды әрі көлігі мен құрал-жабдықтары да тәркіленеді", – деді ол.

Бас прокурорының орынбасары еcipткі таратушыларға да жаза ауырлайтынын айтты.

"Нашақорлықпен байланысты қылмыстарға, әсіресе, жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмысқа жауапкершілік артады. Еcipткіні интернет арқылы тарату – аса ауыр қылмыс санатына өтеді. Бұндай қылмыс жасаған адам 15 жылға дейін қамауға алынады. Еcipткіні жарнамалаған, насихаттаған адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер есірткі қоғамдық орындарда немесе жасөспірімдерге жарнамаланып, насихатталса – бұл да ауыр қылмыс ретінде тергеледі", – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, Бас прокурорының орынбасары жол-көлік апатын мас күйінде жасаған жүргізушілерге тағайындалатын жаза жайлы айтып берді.

"Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жүргізуші мас болсын, сау болсын адамды басып кетіп, мерт етсе 5 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Жаңа өзгерістер бойынша, жүргізуші мас күйінде адамды мерт етсе, жазасы екі есе артып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, жаңартылған заңда адам өліміне апаратын жол апатын жасағандарды өмір бойына жүргізуші көлігінен айыру көзделіп отыр", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу