Құны қымбат шаңғы трамплинінен шенеуніктер секірсін

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4602

Щучинскідегі шаңғы трамплині 2-ден 38 миллиардқа дейін қымбаттады.

Құны қымбат шаңғы трамплинінен шенеуніктер секірсін

Мәжілістің осы жалпы отырысында депутаттарды тіксінткен тағы бір  мәлімет жарияланды. Оған жауап берген үкімет мүшесінің орынсыздау  күлкісі тіпті палата спикерінің сынына ұшырады.

Депутат Анар Жайылғанова 2005 жылы шаңғы спорты бойынша республикалық базаны салу жобасы қолға алынғанын еске салды. Бұл жерде сөз Щучинск қаласындағы шаңғы трамплині жайында болып отыр. 

"Бұл база он үш жылдан бері "салынып" келеді. 2005 жылы, яғни, әу баста, жобаның құны 2,3 миллиард теңге болған. Ал 2016 жылы жобалық-сметалық құжаттамасын нақтылау нәтижесінде жоба құны 38,5 миллиард теңгеге дейін артып шыға келді. Біз қарап отырған үшжылдық бюджетте оған тағы 3,4 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Бұл жоба неге сонша қымбаттай береді? Биыл бұл жобаға 20,5 миллиард теңге құйылған жоқ па. Ол қаншалықты тиімді жұмсалды?", – деп айран-асыр болды депутат.

Бұл ретте мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, дәл осы спорт түрімен Қазақстанда тек 900 адам ғана айналысады екен. Бұл қатарға халықаралық жарыстарға қатысып жүрген кәнігі спортшылар ғана емес, ізбасар жасөспірімдер де кіреді. Олардың шеберлігін шыңдауға қазір Алматыдағы шаңғы трамплині қызмет етеді. Сонда осынша қымбат базаны қосымша салудың қаншалықты қажеті бар?

Егер әлемдік тәжірибеге жүгінсек, мысалы, осы спорт түрі жақсы таралған Жапонияда  – екі трамплин, Ресейде небары бір трамплин ғана бар көрінеді.

Бұған жауап берген мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова бастапқы кезеңде бұл жобаның құны шынында, 9 миллиард теңгеге бағаланғанын айтты. 2009 жылы 15 миллиардқа дейін қымбаттаған.

"Құнын соңғы түзету 2016 жылы болды. Республикалық сараптама бойынша нақтыланған сома 38 миллиардтан астам теңгені құрады. Қазіргі кезде базаның инфрақұрылымы бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Енді трамплинді түзету және халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, халықаралық сертификаттауын өткізу қалып тұр. Бұған 2018 жылға 3 миллиард 800 миллион теңгедей соманы қарастырып отырмыз", – деді вице-министр.

Ол 900 адам үшін осынша қымбат трамплиннің керегі жоқтығы туралы дәйектемені жоққа шығаруға тырысты.

"Бұл - бірегей жоба. Бізде спорттың бұл түрімен айналысатын кәсіби спортшылар да, жастар да бар. Сондай-ақ аталған спорт кешені аумағында басқа да көптеген спорт алаңдары, манеж, тіпті жабық бассейн және басқа спорт құрылымдары болады. Олар басқа спортшыларға басқа спорт түрлері бойынша да дайындалуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл база бұқараның келуіне қолжетімді, ашық болады", – деді спорт вице-министрі. Алайда кез келген жан кіре беретін жерде кәсіби спортшылар қалай кәсіби жаттыға алатыны туралы жақ ашпады.    

Ақтоты Райымқұлова шаңғы трамплині 2018 жылдың желтоқсанында толық іске қосылатынын және кәсіби спортшылар мен бұқаралық спорт үшін ашық болатынын мәлімдеді.

"Бұл жерде әңгіме бұл базаның жүктелуі туралы болып отыр. Егер Алматыдағы ұқсас база толық жүктелмесе, жаңасының қандай қажеттілігі болды деп сұрайды депутаттар. Оның үстіне, бұл барлық шаңғышылар үшін емес, тек шаңғымен секірушілерге арналған база ғой! Яғни, тар салалы кешен. Мен білмеймін, сіздердің министрліктеріңізде спорттың бұл түрімен қанша адам айналысады?!", – деп қағытты мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

"Бұл тек шаңғымен секірушілерге ғана емес, сондай-ақ шаңғы жарысына да, бассейнде жүзушілерге де арналған кешен. Бұл халықаралық жарыстарға дайындық үшін қажетті, бірнеше спорт түріне маманданған кешен. Ал трамплиннен секіру шынында спорттың элитасы саналады. Тиісінше, онымен айналысатындар санының аз болуы да заңды. Олимпиадалық дайындық орталығы қазір Астанада шоғырлануда. Оларға база ұсынуымыз керек", – деді мәдениет және спорт министрінің орынбасары.  

Осы орайда оған сынай қараған: "Көрмейсіз бе, өзіңізге де күлкілі болып тұр!" деді.

Осы және басқа да сыни пікірлерге қарамастан, депутаттар алдағы үш  жылға арналған бюджет жобасын мақұлдады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу