Қымбатшылық халықтың табысын басып озды

350

Айлықтың өсу процесі инфляцияға ілесе алмай тұрғандай көрінеді.

Қымбатшылық халықтың табысын басып озды Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Ресми деректер елде жыл сайын орташа жалақы өсіп жатқанын жария еткенімен, халықтың тұрмысы сол сандарға лайық болмай отыр. 

Жыл басында елдің экономикалық ахуалы қозғалған баспасөз жиыны өтіп, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов "Қазақстанда жалақы бұрынғыға қарағанда баяу өсіп жатыр" деп ашығын айтты. Халықтың нақты табысы шын мәнінде 1,5-2 пайызға төмендеген. Қымбатшылықты тежемейінше, жұрттың қалаған нәрсесін сатып ала алмайтынын хабарлады.

Дәл осы инфляцияға келгенде көңіл құлазытар сандар көп. Пандемияға дейін, 2018-2019 жылдары елде жағдай тұрақтырақ болды, қымбатшылық 5 пайыз төңірегінен аспады. Ал пандемия басталғанда аяқ-асты 7,5 пайызға жетіп, 2021 жылы – 8,4 пайызға, 2022 жылы тіпті 19,6 пайызға өсті. Содан бері 15 пайыздың шамасында көрсеткіштер тіркелді. Ал жалақы жыл сайын 10 пайыздық номиналды өсім көрсеткен.

Ұлттық экономика министрлігі таяуда болжам жасап, 2026 жылы орташа жалақы 500 мың теңге болатынын, ал 2028 жылы 600 мыңдық межеден асатынын мәлім еткен. Ал кейінгі деректер, нақтырақ 2025 жылдың 3-тоқсанындағы есеп бойынша, Қазақстанда орташа жалақы 430 мың теңгеге жуықтады.

Ұлттық банк елде 3 жылды қоса алғанда (2021-2024 жылдары) жалақы 17 пайызға ғана өскенін мәлімдеген. Сондықтан банк басшылығы статистика емес, нақты өмір жағдайын бағалау керегін жеткізді. Ол үшін жұмыс істейтін жұрттың жалақысы бірнеше жыл бойы орнында тұрмай, өсіп отыруы қажет. Бірақ жұмыс берушілер бұл талапты орындай бермейтіні анық.

– Қазақстанда жалақының жақсы өспеуіне басты себеп – бюджет тапшылығы. Тапшылық ішкі жалпы өнімнің шамамен 3 пайызына тең (4-5 трлн теңге). Квазимемлекеттік секторда жалақы өспеген соң, жеке кәсіпкерлер де үнемдеуге мәжбүр. Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша ТМД елдері арасында алдыңғы орында. Шамамен 15 мың доллар. Бірақ бұл көрсеткіш жалақы деңгейінен көрініс таппай отыр. Себебі мемлекет пен кәсіпорындардың инвестициялық шығындары тым жоғары, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Яғни, қағаздағы экономикалық өсім халықтың мәселесін шешпейді. Қымбатшылық бүйірден қысқанда, салық, тариф көтерілгенде, қолдағы қаржының құны жоғала бермек.

Дегенмен бұл түйткілді бір ғана себеппен байланыстыруға болмайды. Бірнеше тармақ бар. Ең әуелгісі, Қазақстанда еңбек өнімділігі жеткілікті қарқынмен өсіп жатқан жоқ. Экономикада нақты қосылған құн аз болған кезде, жұмыс беруші жалақыны айтарлықтай көтере алмайды. Яғни, жұмысшылар бұрынғыдай көп әрі тиімді өнім өндірмей жатыр. Сәйкесінше, зауыт болсын, кеңсе болсын, қай-қайсысы да көбірек пайда таппайды.

Қанша жерден жеңілдіктер бар секілді көрінгенімен, бизнеске түсетін салмақ көп. Салықтан бастап, пайызы жоғары несие, логистикалық шығындар қызметкерлерге жағдай жасауға мүмкіндік бермейді.

Тағы бір фактор – теңсіздік. Басқа емес, еңбек нарығында теңгерімнің болмауы. Жалақысы аз жерде жұмыс істейтін халықтың үлесі көп те, жоғары жалақыны кей салалар ғана төледі.

Дегенмен басты мәселе сол баяғы қымбатшылық қарқынына келіп тіреледі. Жалақы өскенімен, оның пайыздық межесін қымбатшылық орап отыр. Осыдан 5 жыл бұрынғы шығындар қазір екі есе көп болуы мүмкін. Ал жалақы кейінгі 5 жылда екі есе өспегені айдан анық.

Сарапшылардың көбі бұндайда жыл сайын жалақыны үздіксіз өсіріп отыру керек екенін алға тартады. Бірақ жұмыс берушілердің, әрісі бюджеттің жағдайы толысып отырған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу