Қымбатшылықтың қаңтардағы қарқыны

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3704

2018 жылдың алғашқы айында инфляция 0,6%-ды құрады.

Қымбатшылықтың қаңтардағы қарқыны

Өткен айда азық-түлік тауарларының бағасы - 0,6%-ға, азық-түлік емес тауарлардың құны - 0,3%-ға, ал ақылы қызмет түрлері - 0,8%-ға қымбаттады. Бұл көрсеткіш қымбатшылықтың қаңтардағы қарқыны бәсең болмағанын көрсетіп тұр.  

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегінше, өткен айда қарақұмық жармасы - 4,9%-ға, құмшекер- 3,2%-ға, күріш -1,1%-ға, қара шай - 0,9%-ға арзандаған. Есесіне қиярдың бағасы -10,5%-ға, қызанақ - 9,8%-ға, тәтті бұрыш -  9%-ға, қырыққабат - 4,3%-ға, картоп пен пияз - 3%-ға, жұмыртқа - 1,4%-ға, сәбіз - 1,1%-ға, консервіленген сүт - 1%-ға, сары май мен балық - 0,8%-ға,  мәйекті ірімшік - 0,5%-ға сонымен қатар қой еті мен кондитерлік өнімдер - 0,3%-ға өскен.

Қымбатшылық фармацевтикалық өнімдерді- 0,8%, автомобильдерді - 0,7%, жуғыш және тазалағыш құралдарды - 0,6%, жиһаз және үйге қажетті заттар мен тұрмыстық аспаптарды - 0,5%, киім және аяқ киімді сондай-ақ жеке қолданатын тауарларды - 0,4%, кеңсе тауарлары мен сызу құралдарын, шыны және қыштан жасалған өнімдерді, кітаптар мен тоқыма бұйымдарын - 0,2%, баллондағы сұйытылған газды - 0,7%, тас көмірді - 0,5% көрсеткішімен шарпып өткен.

Баға өсімі құқық қызметтері мен көлiк құралдарын сақтандыру саласында - 6%-ға, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтеріне - 1,4%-ға, жолаушылар көлігіне - 1,3%-ға, денсаулық сақтау саласында - 1,2%-ға, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарында - 0,8%-ға, қоғамдық тамақтандыруда - 0,3%-ға ұлғайған.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының тарифтері орталықтан жылытуға - 1,9%-ға, ыстық су мен тұрғын үйді күтіп ұстауға - 1,7%-ға, қоқыс шығаруға - 1,2%-ға, электрэнергиясына - 0,7%-ға және тарату желілері арқылы тасымалданатын газға - 0,4%-ға артқан.

Айта кетейік, инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағасының индексі халықтың жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтері бағасының өзгеруін көрсетеді. Тауарлар мен қызметтер жиынтығына 510 позиция кіреді. Бағаны тіркеу меншіктің түрлі нысандарындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктеме жүйесі бойынша барлық облыс орталықтарында, Астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгіленген шеңберінде жүргізіледі. Біріктіру үшін пайдаланылатын салмақ жүйесі олардың шығыс бөлігі өткен жылғы көрсеткіштерді зерттеу, сараптау, салыстыру негізінде есептеледі.

2018 жылғы қаңтарда құбылған азық-түлік тауарларының құнын 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыратын болсақ, қымбатшылық деңгейі  5,9%-ға жеткенін көреміз. Бір жыл ішінде баға кондитерлік өнімдер мен алкогольді ішімдіктерге - 10%-ға, сүт өнімдеріне - 9,1%-ға, балық және теңіз өнімдеріне -  8,5%-ға, жемістер мен көкөністерге, тоқаштар мен ұн өнімдеріне - 7,3%-ға, кофе, шай және какаоға - 4,3%-ға, нанға - 2,7%-ға, макарон өнімдеріне - 2%-ға, ұнға - 1,2%-ға жоғарылаған. Көрсетілген уақытта ет және ет өнімдерінің бағасы -10,5%-ға қымбаттаған. Оның ішінде қой еті -13,8%-ға, сиыр еті -13,7%-ға, жылқы мен шошқа еті- 9,3%-ға, шұжық өнімдері - 8,3%-ға, құс еті - 4,5%-ға өскен.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу