Бәрі де өзбек ағайындарда жыл басында сиыр еті бағасының шығандап кетуінен басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кабул көмегі және қымбатшылықты басқа да хикаялары
Бәрі де өзбек ағайындарда жыл басында сиыр еті бағасының шығандап кетуінен басталды. Ресми статистикаға сезікпен қараған жергілікті блогерлер "кәуап индексіне" жүгінді: егер бір жыл бұрын бір істік шашлық демократиялық бағамен 25 мың сум (980 теңгедей) тұрса, 2026 жылғы орташа баға 30–45 мың сум (шамамен 1 700 теңге) аралығында құбылуда. Бүгінгі нақты инфляция халық үшін құрғақ пайыздармен емес, қолжетімсіз бола түскен қуырылған еттің хош иісімен өлшенсе керек.
"Көтерме нарық бұл трендті растап отыр: бізде сиыр етінің бір келісінің бағасы 75–108 мың сумға жетті. Базардағы кейбір алыпсатар 155 мыңнан да сатып жатыр. Өткен аптамен салыстырғанда ең төменгі бағалар 7,1%-ға, ал, ең жоғарғы бағалар 2,9%-ға тағы өсті. Бағаның жоғарылауы Ресейдегі жағдаймен байланыстырылады: онда мал індеті тарады деген желеумен фермерлерден 180 мыңнан астам мал тәркіленді. Бұл аз болғандай, Қазақстан РФ-тен тірі мал әкелуге тыйым салып, оның өз аумағы арқылы транзитіне де тыйым қойып тастады", – дейді өзбекстандық блогер Фахрулло Хамидуллаев.
Ол елде ет өнімдерінің жетіспейтінін жасырмады. Соңғы жылдары Өзбекстан бұл тапшылықты импорт арқылы жүйелі түрде өтеп келеді. Осылайша, егер бұрын сырттан тасу тек қосымша тетік саналса, енді азық-түлік теңгерімінің негізіне айналды.
Бұл жерде аймақ елдерінің өзара тәуелділігі заңы іске қосылды: өзбектердің "тәбеті" біздегі тапшылыққа түрткі болды. upl.uz порталы жазғандай, Өзбекстан тарапынан сұраныс ақыры Қазақстандағы бағаның өсуіне әсер еткен. Қазақстандық шенеуніктер азық-түліктің, оның ішінде еттің де едәуір бөлігі Өзбекстанға кетіп жатқанын және бұл ішкі нарықтағы ет бағасының күрт өсуіне тікелей ықпал еткенін мойындады.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің пікірінше, көрші елдерге, әсіресе Өзбекстанға экспорт өсуде, өйткені қазақстандық өнім мол сұранысқа ие әрі бағасы жөнінен бәсекеге қабілетті. Басқаша айтқанда, арзанға кетіп жатыр. Оның үстіне бұл "жетістіктің" артында біздің өзімізде бағаның өсуі тұрғанын ескерсек, мақтануға тұра ма?
"Жақын маңдағы елдерге, соның ішінде Өзбекстанға экспортымыз қарқынды артып жатыр. Себебі, біздің ет өнімдерімізге деген сұраныс жоғары. Бұл біздің бәсекелі артықшылығымыз", – деді Тасжүреков.
Өзбекстандағы импорт статистикасы бұл көріністі растай түседі. ӨР Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, тек 2026 жылдың бірінші айында республика 70,7 млн долларға ет және субөнімдер сатып алған. Бұл өткен жылғыдан 46,6%-ға көп! 2025 жылдың қорытындысы бұдан да ауқымды: ет импорты 868,8 млн долларлық межеден асып, 2024 жылғы көрсеткіштен 70,6%-ға (!) артық болды. Бұл енді уақытша құбылыс емес, бұл – тұтас халықты шетелдік ет асырайтын жаңа өмір шындығы.
Қош бол, ата кәсіп, азық болған...
Осы ақша ағындарының аясында өзбекстандық мал шаруашылығының құлдырауы туралы әңгімелер мұңды естіледі. Тарихи білімі таяздау кейбір сарапшы "қазақ көшпелі, өзбек отырықшы болған" деп жатады. Шынында, әріге бармағанның өзінде кеңес одағының дәурені аяқталуға таяған тұста Қазақстанда 9,7 млн, Өзбекстанда 11 млн сиыр болыпты.
Алайда тәуелсіздік жылдары оңтүстік көршінің билігі мал емес, өсімдік шаруашылығына басымдық бергені мәлім. Ауыл кәсіпкері ынталандыруға қарай әрекет етеді: олар мол субсидиялары, жеңілдікті несиелері және мемлекеттік қолдаудың көптеген басқа механизмдері бар, сондай-ақ экономикасы болжамды өсімдік шаруашылығы мен жібек шаруашылығы сияқты табысты сегменттерге ауысуда.
Ал, мал шаруашылығы болса, жүктемесі ауыр, қолдауы шағындау сала болып қалды. Оны айтасыз, Қарақалпақстан сияқты солтүстікке жақын облыстары қыста қажет жемшөпті Қазақстаннан таситын көрінеді.
Фермер Бахтиер Мирзоев (тегі өзгертілді) дала төсінде төрт түлік өрген заманды көне бір аңыз сияқты еске алады: бір кездері тіпті Ташкент облысында да отар-отар қой мен ешкі, табын-табын сиыр жайылып, жайлау пейзажының көркем бір көрінісін тудыратын.
"Улап-шулап, маңырап, мөңіреген малды бала кезде біз де бағып, қуалаушы едік. Тіпті астанада адамдар мал ұстады: сүті, қаймағы, бәрі өздерінен, ешкімге тәуелді емес еді. Ал, қышлақтарда (ауылда) әрбір аулада дерлік мал ұстайтын. Таңертең өріске өргізеді, кешке ақылды мал еш бақылаусыз-ақ жадында сақталған жолмен қорасына өзі қайтып келеді. Қазір бәрі басқаша. Жер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті, билігі барлар бөліп-бөліп алып, меншіктеп қойды. Жайылым қалмай барады. Егер малың байқаусызда біреудің егініне түссе, дереу ішкі істер органдарының өкілдерін шақыртады, ақыры үлкен айыппұлмен аяқталады. Адамдар тәуекелге барғысы келмейді. Мал өсіруде мағына қалмай барады", – дейді Бахтиер Мирзоев.
Науаи облысындағы қышлақтардың бірінің 60 жастағы тұрғыны Лидия Кәрімова мал шаруашылығын ата мирасы санайды. Ол өзі өмір бойы ауылда тұрады және бұрын қалай болғанын жақсы біледі. Оның байламынша, импорттық ет бағаны түсірмейді. Ол тек нарықты тапшылықтан сақтап тұр.
"Қазақстанда жер де көп, мүмкіндік те мол, алайда теледидардан естіп қаламыз: көрші елде мал шаруашылығының, әсіресе ірі қара малдың азайып жатқаны хабарланады. Демек, көршіде сиыр еті тек қымбаттай береді. Етпен бірге бізге инфляциясы да келеді. Өзіміздікін дамыту керек еді. Мен өмір бойы қышлақта тұрамын. Бір кездері таңертең және кешке ауыл маңындағы жолдар өріске бет қойған және одан қайтқан малға толатын, көлік өте алмай қалушы еді. Ауыл осы ырғақпен өмір сүрді. Енді жолдар малдан бос. Жұрт қорада мал ұстағаннан гөрі етті дүкеннен ала салғанды оңай көреді", – дейді Лидия-опа.
Жайылым тапшы, жер ірі ойыншылардың қолында, жем-шөп қымбат. Мұның соңы үй шаруашылығындағы төрт түліктің жойылуына соқтыруда. Салдарынан, етқұмар Өзбекстан оны Үндістан мен Пәкістаннан бастап, Беларусь пен Моңғолияға дейін бүкіл әлемнен тасып жеуге мәжбүр.
Қазақстан болса, өзіндегі ет дағдарысын шаруашылықты дамытумен емес, үйреншікті әдіспен – әкімшілік шектеулер арқылы реттеуге тырысуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстаннан еуразиялық одақ елдеріне және оған кірмейтін басқа мемлекеттерге ет шығару квотамен шектелді. Норма 2026 жылғы 30 маусымға дейін әрекет етеді. Ұзартылуы ықтимал.
Қазақстандық фермерлерге шетелге биыл 20 мың тоннадан аспайтын сиыр етін ғана шығаруға рұқсат берді. Сонымен қатар, ірі қара малды (ІҚМ) экспорттауға мүлдем тыйым салынды.
Қой мен сиыр бірінші класспен ұшады
Енді өзбекстандық ағайынның палауымен бірге ауғанстандық еттен дәм татасыз. Өйткені Өзбекстанға ет жеткізушілер тізіміне Ауғанстан да қосылуда. Әндіжан облысының әкімі Шухратбек Абдурахманов бастаған делегация Кабулға барып, Ауғанстанның уақытша үкіметінің өкілдерімен және жергілікті бизнесмендермен келіссөздер жүргізіп оралды.
Ауыл шаруашылығы, ирригация және мал шаруашылығы министрі Маулави Атаулла Омаримен кездесу барысында тараптар Ауғанстаннан ет өнімдерінің импортын жолға қоюға уағдаласты. Ол үшін тараптардың тиісті мекемелеріне жаңа логистикалық тізбектер құру жүктелді. Өз кезегінде Өзбекстан көршісіне азық-түлік өнімдерін, тұрмыстық техника, автомобильдер, шаруашылық құрал-саймандарын жеткізетін болды.
Ет бағасының өсуі Ташкентті импорт географиясын күрт кеңейтуге итермелеп отыр. Нәтижесінде, осы сәуірдің басында бірер жыл бұрын таңсық көрінетін шешім қабылданды: мемлекет сиыр, қой етін, тіпті тірі малды әуе жолымен тасымалдауға уақытша субсидиялар енгізді.
Президенттің "Халықты азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз етуді қолдаудың қосымша шаралары туралы" қаулысына сәйкес, 2026 жылдың 1 сәуірі мен 1 тамызы аралығында кәсіпкерлердің сиыр және қой етін ұшақпен тасымалдау шығындарының 50%-ы бюджеттен өтеледі. Бірақ ол өнімнің әр келісіне 0,8 доллардан артық берілмейді.
Сонымен қатар, тағы бір қолдау құралы іске қосылды: сәуірден желтоқсанға дейін бизнес импортталатын тірі ірі қара мал құнының 10%-ы көлемінде субсидия алады. Қаражатты бөлумен арнайы құрылған Аграрлық саладағы төлем агенттігі айналысады, деп жазды kun.uz.
"Сіз ұшақпен тек сәнді-салтанатты мейрамханаларға арналған элиталық "мәрмәр" ет қана ұшады деп ойларсыз. Бірақ шындық әлдеқайда қызық. Пәкістандық Лахордан 17 тонна қарапайым қой еті тиелген Boeing жүк ұшағы Ташкентке қонды. Моңғолия мұндай "ет чартерлері" схемаларына баяғыда-ақ қатысып жүр. Неліктен қарапайым ет кенеттен ұшақпен ұша бастады? Өйткені біздің жерүсті логистикамыз, қалыпты транзиттік дәліздер жоқтың қасы. Бұған қоса, ветеринарлық кедергілер фурамен жеткізуді соншалықты күрделі әрі қымбат етіп жіберді. Импорттаушылар үшін авиация экономикалық тұрғыдан тиімді болып шықты", – дейді қоғам қайраткері Бекзод Рустамбеков.
Оның пікірінше, импорттық етті субсидиялаудың орнына жем-шөптің қымбаттығына, жайылымдардың шектелуіне және өзіндік құнының жоғарылығына тап болған жергілікті өндірушіні қолдау керек еді.
Оптимизм – жүгеріде, үміт – генетикада
Әділін айту керек, ел басшылығы мәселенің тереңдігін түсінеді. Президент Шавкат Мирзиеев таяуда ғана үлкен кеңес өткізді. Онда ол мемлекеттік басымдық жалпы макроэкономикалық көрсеткіштерден енді әрбір тұрғынның тұтыну себетінің нақты мазмұнына ауысатынын жариялады. Мемлекет басшысы себеп-салдарлық байланысты нұсқады: ел сыртқы жеткізілімдерге тәуелді болып қала берсе және төл жем-шөп базасын құрмаса, ет бағасының төмендеуіне қол жеткізе алмайды.
Сондықтан Өзбекстан мал шаруашылығына деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Оң мысал ретінде Мүбәрәк ауданындағы жоба келтірілді: онда жүгері өсіруге 5 мың гектар жер бөлінген. Бұл дұрыс бағыттағы қадам, бірақ жүйелі бетбұрыс үшін тым жеткіліксіз. Яғни, тек "алғашқы қарлығаш". Биылғы жылға арналған міндеттер әлдеқайда ауқымды: жем-шөп үшін қосымша 60 мың гектар жерді игеруге тапсырма берілді. Бұл 350 мың бас малды азықпен қамтамасыз етуге тиіс.
Бұдан бөлек, республика 2025 жылы басталған Моңғолиямен арасындағы стратегиялық келісімді іске асыруды жалғастырады: жоба өзбекстандық малды асылдандыруға бағытталған. Генетикалық қорды жақсарту және мал басын көбейту үшін моңғол елінен 100 мың асыл тұқымды қой мен ешкі сатып алынады.
Алайда әзірге базардағы бағалар көрген жанның көңілін түсіргендей. ӨР Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, наурыз айында сиыр еті жылдық есепте 15%-ға, қой еті 18%-ға қымбаттады. Импорттық белсенділік жоғары деңгейде қалып тұр.
2025 жылы Өзбекстанға сырттан 156,9 мың тонна сиыр еті тасылған, деп хабарлады gazeta.uz. Бұл бір жыл бұрынғыдан 67,1%-ға көп. Себепті тек ұсыныстан ғана емес, сұраныстан да іздеген жөн: Өзбекстанда халық саны жылдам өсуде: жылына 800 мыңнан астам адам қосылады. Әрі туристік дүмпу жалғасты: ӨР-ге шетелден 11,7 млн турист келген, бұл алдыңғы жылдан 47%-ға көп: салада ел аймақтық көшбасшыға айналды.
Әйткенмен, шетелден келетін ет қымбаттап барады: импортталған сиыр етінің құны 366,3 млн-нан 661,2 млн долларға дейін өсті, ал, келісінің орташа бағасы 8%-ға – 3,9 доллардан 4,21 долларға дейін көтерілді.
Осындай динамика қой еті бойынша да байқалады: өткен жылы импорт табиғи мәнде 2,5 есеге жуық – 13,4 мыңнан 33 мың тоннаға дейін ұлғайды. Ақшалай түрде импорт көлемі 26,3 млн доллардан 72 млн долларға дейін өсті. 1 келі еттің орташа бағасы 1,95 доллардан 2,18 долларға дейін шарықтады. Шетелден етпен бірге инфляция импортталады деген осы.